Білім беру

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ БҰҰ бағдарламасының көшбасшысы атанды

Қазақстанның ең ірі оқу орындарының бірі – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тұрақты даму бойынша «United Nation Academic Impact» (БҰҰ Әсер ету академиясы) өңірлік хабын бастап келеді. Бұл ресми мәлімет БҰҰ штаб-пәтерінен келіп түсті.
Алматы қаласы29 Қаңтар , 17:10

БҰҰ Бас Хатшысы Пан Ги Мунның бастамасымен құрылған «Academic impact» бағдарламасы жаһандық мәселелерді шешуге арналған құрал ретінде ғылыми-білім беру ортасын қолдану мен оқымыстыларды белсенді тарту көмегімен қақтығыстарды шешу мен тұрақты даму, сауаттылық, адам құқына қатысты әлем мойындаған БҰҰ-ның ұстанымдарын белсенді қолдауға бағытталған. Әлемнің 900-ден астам университеттері осы бағдарламаға қатысқан. ҚазҰУ Орта Азия елдерінің ЖОО ішінде алғаш болып «Академиялық әсер ету» бағдарламасына енгізілді. Енді осы бағытта әлемдік деңгейде көш бастап тұр.

ҚазҰУ базасында «United Nation Academic Impact» хабын құру БҰҰ, UNDP, UNAI, UNESCO секілді өзге де халықаралық ұйымдардың халықаралық бастамаларын іске асыруда университеттің айтарлықтай үлес қосқанына дәлел.

UNAI хабы қызметі халықаралық байланыстарды кеңейтіп қана қоймай, тұрақты даму бойынша университеттердің халықарадық көшбасшылығын нығайтады. Сонымен қатар, «Жасыл өткел» халықаралық бағдарламасы, «Қазақстан-2050» Стратегиялық бағдарламасы мен «ЭКСПО-2017»-ні қоса отырып ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамалары мен Қазақстан Үкіметінің бағдарламаларын іске асыру үшін ЖОО-ның ғылыми-зерттеу әлеуетін  мобилизациялауға мүмкіндік береді. ҚазҰУ базасында UNAI хабын құру Алматы қаласының БҰҰ жүйесі негізінде жан-жақты өңірлік дипломатиялық орталыққа айналдыру туралы Мемлекет басшысының идеясын іске асыруға жағдай жасайды.

Осы орайда бірқатар жаһандық жобалар бойынша университеттің сәтті қызметін айта кету керек. 2011 жылы ҚазҰУ Орта Азияда алғаш болып UNAI мүшесі болып, кейін БҰҰ қоғамдық ақпарат департаментінің ұсынысымен «ХХI ғасырдағы қақтығыстардың құбылмалы табиғаты» атты БҰҰ ғылыми-теориялық халықаралық конференциясын өткізді. Үш жылдан астам уақыт бойы тұрақты даму бойынша «Global Classroom» бағдарламасы жұмыс істеуде. 2012 жылы ҚазҰУ ел Президенті «Энергоэкологиялық дамудың жаһандық стратегиясы» мен «Жасыл өткел» бастамаларын іске асыруға бағытталған «Ұрпақтар сабақтастығындағы жасыл өткел» жобасын таныстырып Бразилиядағы БҰҰ Дүниежүзілік Форумында «RIO+20» жаһандық саммитінде ТМД елдері университеттері ішінде алғаш рет секциясын ашты.

Айта кету керек, БҰҰ Қазақстандағы өкілдері мен Алматыдағы АҚШ-тың Бас Консулдығының қолдауымен ҚазҰУ жас дипломаттарды БҰҰ ұстанымдарына үйретіп, халықаралық қатынастар шешендігіне баулитын және қауіпсіздік мәселелерінің жаңа шешімдерін шығаруға үйрететін «БҰҰ моделі – Жаңа жібек жолы» атты студенттердің халықаралық ойын-бағдарламасының бір бөлшегі атанды. Мамыр айының басында БҰҰ өкілдерінің қатысуымен ҚазҰУ базасында «БҰҰ моделі» ірі халықаралық конференциясын ұйымдастыру жоспарлануда.




Яндекс.Метрика