Халықаралық интеграция

ҚР Сыртқы істер министрі Е.Ыдырысов Мажарстанда болды және «Қазақстан-Еуроодақ» семинарына қатысты

ҚР Президенті Н.Назарабаевтың жақында Давоста әлемдік көшбасшылармен өткізген келіссөздер нәтижесінде еуропалық бағытта қол жеткізген уағдаластықтарды жүзеге асыру мақсатымен жалғасып отырған еуропалық турне аясында ү.ж. 28 қаңтарда ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Мажарстан Республикасында болып қайтты, деп Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Әлемде29 Қаңтар , 14:40

«Будапешт қаласында Сыртқы істер министрі бастаған қазақстандық делегация «Әріптестікті нығайту: Қазақстан Республикасы – Еуропалық Одақ» атты халықаралық семинар жұмысына қатысты. Делегация құрамына ҚР ғылыми-зерттеу институттары мен мемлекеттік органдар өкілдері, оның ішінде көлік және коммуникация, білім және ғылым, қорғаныс, индустрия мен жаңа технологиялар министрліктері, сонымен қатар Қазақстандық стратегиялық зерттеу институты, Шығыстану институты, Еуропалық ақпараттық орталық және басқалары», - делінген хабарламада.

Аталған семинар тараптардың өзара қызығушылығын тудырып отырған ынтымақтастықтың ең маңызды бағыттарының басымдақтары мен ұстанымдарын анықтау және өзара әрекеттесудің жаңа әлеуетін ашу мақсатымен ұйымдастырылған болатын. Қазақстандық-еуропалық әріптестікті дамытудың басым бағыттары үш негізгі панельді пікір алмасу тақырыптарында көрініс тапты: ҚР-ЕО өзара әрекеттесудің жалпы сұрақтары (кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы Келісім, Қазақстан әуекомпаниялары үшін «еуропалық аспанды» ашу, қазақстандық азаматтар үшін визалық режимді жеңілдету), аймақтық қауіпсіздік (жаңа сын-қатерлер мен қауіптер, халықаралық коалиция әскерлерін Ауғанстаннан шығару) және энергетика (қазақстандық экономиканы «жасылдандыру», технология трансферы, ЭКСПО-2017).

Семинарға еуропалық тараптан бір топ мамандар мен ресми тұлғалар қатысты, оның ішінде ЕО-ның Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Патриция Флор, Еуроодақтың Сыртқы істер қызметінің жоғары лауазымды қызметкерлері, Мажарстанның Сыртқы істер министрі Янош Мартони және мажарлық үкіметтің басқа министрлері.

Е.Ыдырысов өз сәлемдеме сөзінде бұл кездесудің Қазақстан үшін ерекше маңызы бар екенін атап өтті. Еуроодақ ҚР-дың ең ірі сауда-экономикалық әріптесі болып табылады, оның пайына қазақстандық сыртқы сауданың жартысына жуығы тиесілі болып отыр. 2012 жылғы сауда айналымының көрсеткіштері ынтымақтастық тарихындағы ең жоғары межеге жетіп, 53 млрд. АҚШ долларын құрады, ал өткен жылдың қаңтар-қазан аралығында 46 млрд. АҚШ долларын құрады. Қазақстан экономикасына тартылған шетелдік инвестициялардың 47% Еуороодақ елдеріне тиесілі.

Талқыланған маңызды тақырыптардың бірі кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы Келісім болды. Бұл құжат Қазақстан – ЕО әріптестігін біршама кемелденген және серпінді кезеңге өтуге құқықтық негіз болуға үндеуі тиіс. «Кеңейтілген Келісімнің шын мәнісінде жаңа перспективалар ашуы біздер үшін принципті түрде маңызды, атап айтсақ, қазақстандықтар үшін еуропалық визалық режимді жеңілдету, ғылым, технология мен инновация салаларында ынтымақстық. Басқаша айтқанда, Келісім азаматтардың, ғылым мен бизнестің жақындасуы жолындағы жасанды тосқауылдарды жоюға мүмкіндік тудыруы тиіс»,- деп атап өтті Е.Ыдырысов.

Мажарстан Сыртқы істер министрі Я.Мартони өз сөзінде Қазақстан оның елі үшін «Шығысқа көпір» болып табылатынын, ал Мажарстан ҚР үшін «Батысқа көпір» болуға дайын екенін алға тартты. «Бізді сіздермен тарих пен ортақ тамырларымыз біріктіреді. Көптеген зерттеулерге сүйенсек, мажарлардың тарихи отаны қазіргі кезеңдегі Қазақстан территориясында орналасқан», - деп мажар дипломатиясының басшысы мәлімдеді. Сонымен қатар, ол және оның үкіметтегі әріптестері ҚР мен ЕО-ның одан әрі жақындай түсуіне барынша көмек көрсетуге дайын екенін, және аталған семинардың дәл Будапештте өтуі осыған дәлел болатындығын атап көрсетті.

Семинар барысында Еуропалық Одақтың Қазақстанның энергетикалық әріптесі ретіндегі маңыздылығы аталып өтті. Қазақстан мұнай экспортының 70% Еуропалық Одақ елдеріне, мысалға, Италия, Нидерланд Корольдігі, Франция, Австрия, Румынияға жолдайды. Қазақстан мен ЕО арасындағы инновациялық және ғылыми-техникалық салаларындағы ынтымақтастық тақырыбы да жан-жақты талқыланды.

Сонымен бірге, Будапештке сапары барысында Е.Ыдырысов өзінің мажарлық әріптесі Я.Мартони, ұлттық экономика Министрі Михай Варга және ауылшаруашылығын дамыту Министрі Шандор Фазекашпен екі жақты форматта кездесу өткізді. Екі жақты келіссөздер аясында тараптар қазақстандық-мажарлық ынтымақтастықтың күйі мен болашағы, ҚР Президенті Н.Назарбаевтың үстіміздегі жылы жоспарланып отырған сапарының дайындығын, және сауда-экономикалық, ауылшаруашылық және білім салаларында өзара әрекеттестікті талқылады.




Яндекс.Метрика