Экономика

Көлеңкелі бизнеспен қалай күресу қажет

Тері бұйымдары бойынша пилоттық жобаның нәтижесінде 2018 жылы кірістер 1,5 есеге өсті. Бүгінде темекі мен алкоголь өнімдері бойынша пилоттық жоба жүргізілуде Қазақстанда «көлеңкелі» бизнеспен қалай күресіп жатқаны жайында Үкіметте өткен баспасөз конференциясында өкілетті орган өкілдері айтып берді. Толығырақ келесі материалдан оқи аласыздар.
Нұр-Сұлтан08 Тамыз , 15:44

ҚР бірінші қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов қаржы министрлігінің  басым міндеттерінің бірі көлеңкелі экономиканың деңгейін  ЭЫДҰ елдерінің деңгейіне дейін төмендету  екенін атап өтті.

«Ол ЖІӨ-нің 15-17 пайызын құрауы керек.  Үкімет бекіткен 2019-2021  жылдарға арналған іс-шаралар жоспары  шеңберінде мемлекеттік органдар  «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп салық  кеден саясатын жетілдіру және қолма-қол ақшасыз айналым ұлғайту жолымен шағын және орта бизнес субъектілерін көлеңкеден шығару бойынша жұмыс жүргізуде», - деді ол.

Б. Шолпанқұлов атап өткендей, «көлеңкемен» күрес қолма-қол ақшасыз айналымның үлесін арттыру арқылы жүзеге асырылып жатыр.

«Іске асырылып жатқан шаралар салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыруға, ақпараттық жүйелерді интеграциялауға негізделген, мұнда ақпараттық жүйелерді дамыту секілді бастамаларды іске асырудан үлкен нәтиже күтіледі, олар: өнімді таңбалау, электронды шот-фактуралар, "Виртуалды қойма" модулі, тәуекелдерді басқару жүйесі, онлайн-кассалық бақылау машинасын енгізу», — деді Б. Шолпанқұлов.

Ол атап өткендей, тауарларды бақылау жүйесін құру экономиканы контрафактілік өнімдерден қорғауға көмектеседі.

« «Электрондық шот-фактуралар» АЖ түпкілікті тұтынушыға дейін тауарлардың қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді, «Виртуалды қойма» модулі тауарлардың қозғалысын автоматты түрде бақылауға мүмкіндік береді», - деді ол.

Сонымен қатар,  ол айтып өткендей,  нақты қадағалау тұрғысынан тауарларды таңбалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Тері бұйымдары бойынша пилоттық жобаның нәтижесінде 2018 жылы кірістер 1,5 есеге өсті. Бүгінде темекі мен алкоголь өнімдері бойынша пилоттық жоба жүргізілуде», — деді бірінші қаржы вице-министрі.

Сондай-ақ,  осы жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын және орта бизнеске арналған салықтық рақымшылық жасау жұмыстары басталды.

« 90 мыңға жуық салық төлеушіге рақымшылық жасалады. Олардың 45%-ына рақымшылық жасалды. Негізгі мақсат — салық түсімдерін арттыру.  Блокчейн технологиясы арқылы ҚҚС бақылау шотын қолдана отырып, ҚҚС-ты басқарудың жаңа әдісі енгізілген», - деді ол.

Сонымен қатар, ҚҚС бақылау шотын қолданатын салық төлеушілерге қатысты салықтық тексерулер ҚҚС қайтарылған кезде алынып тасталады, ҚҚС қайтару мерзімі 55-тен 15 жұмыс күніне дейін қысқарды.

«Тауарлар қозғалысын бақылаудың соңғы кезеңі - 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап онлайн-кассалық бақылау машиналарын пайдалануға жаппай көшу, бұл рейдтік тексерулерден қашықтан салықтық бақылау жүргізуге көшуге әкеледі.Сонымен қатар, ЕАЭО аумағы бойынша тауарлар транзитінің бірыңғай жүйесін құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қырғызстаннан Ресей Федерациясына Қазақстан аумағы арқылы транзиттік тауарларды бақылау мақсатында навигациялық электрондық пломбаларды пайдалану бойынша пилоттық жоба іске қосылды», - деді ол.

Б. Шолпанқұлов айтып өткендей, көлеңкелі айналымды азайту бойынша министрліктің негізгі міндеттерінің бірі — «айналы» кедендік статистикадағы сәйкессіздіктерді азайту.

«Үшінші елдерден әкелінетін тауарлардың түсімдерінің 30%-ын Қытайдан шыққан тауарлар құрайды. Осыған байланысты, жақында Министрліктің Мемлекеттік кірістер комитеті мен ҚХР-дың Бас кедендік басқармасы арасында өзара ынтымақтастық туралы тиісті хаттамаларға қол қойылды. Ұсынылған бастамалардың нәтижесі бюджетке 800 млрд теңге көлемінде қосымша түсімдер түрінде күтіледі», - деді ол.

Сондай-ақ, жүргізіліп жатқан бастамалар мен қабылданып жатқан шаралар көлеңкелі экономиканы азайтуға, бюджетке салықтық және кедендік түсімдердің ұлғаюына жол ашады.

Өз кезегінде ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаев  биыл Салық заңнамасына бірқатар өзгертулер енгізілгенін айтты.

«Оның ішінде табыс салығы бойынша  0 пайыз ставкасын қолданамыз. Электронды саудамен айналысатын  бизнестерді көлеңкеден шығару мақсатында жеңілдіктер беріп жатырмыз. Арнайы бақылау жұмыстарын өткізе бастадық. Осындай категориялы бизнеспен айналысатын бизнесті тіркеуге насихаттау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әзірге осы», - деді Ж.Іңкәрбаев.

Аягөз Құрмаш 




Яндекс.Метрика