Адами капитал

ҚР Бас санитары: Жаңа оқу жылына қалай дайындалу керек

Әлемдік тәжірибе мектеп сөмкесі, мектеп формасы, мектеп оқушысының аяқ-киімдерінің сапасы стандарттарға сай келуі өте маңызды екендігін көрсетті. Себебі аталған факторлар болашақ қоғам мүшесінің денсаулығына әсер етеді. Оқушылардың ауыр мектеп сөмкелері мен рюгзактары балалардың денсаулығына кері әсерін тигізіп, сколиоз, остеохондроз, грыжа және басқа да ауру түрлерінің туындауына себепші болады. Сондықтан да баланы мектепке дайндауда мұқият болған жөн. Осы орайда ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары, ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин жаңа оқу жылына оқушыларды қалай дайындау керектігі туралы бірқатар кеңес берді.
Нұр-Сұлтан01 Тамыз , 18:58

Қазіргі кезеңде ата-аналарды алаңдатып, тым көп бас қатыратын мәселесі – оқулық, киім-кешек, керек-жарақ таңдап, оқушыларды мектепке дайындау екендігін атап өткен еліміздің бас санитары Жандарбек Бекшин мектеп формасы қандай болу керектігі туралы айтты.

«Мектеп формасы табиғи матадан болғаны жөн. Өйткені ауа өткізбейтін синтетикалық маталар бала денсаулығына кері әсер етеді. Табиғи лён, жібек, табиғи жүн, мақта маталарынан болып, киім ауа өткізіп, демалып тұруы қажет. Аяқкиім де табиғи теріден тігілгені дұрыс. Міндетті түрде қосымша ауыстырып киетін аяқ-киімі болғаны жөн. Спорттық аяқкиім, кроссовки ауыстырып киетін аяқкиімге жатпайды. Аяқкиімнің тақасы, әсіресе қыздар үшін 3,5 сантиметрден кем болмауы қажет. Тақасыз, жайтабан аяқкиімдер балалардың аяғының қалыпты өсуін бұзып, майтабанға, яғни  жайтабанға әкеледі. Спортпен айналысатын балалар үшін саласына қарай аяқкиім таңдау керек. Мысалы, тенниспен айналысатын баланың аяккиімінің табаны тегіс болуы тиіс», - деді Бас санитар.

Бас санитардың сөзінше ауыр мектеп сөмкелері мен рюгзактары балалардың денсаулығына кері әсерін тигізіп, сколиоз, остеохондроз, грыжа және басқа да ауру түрлерінің туындатады.

«Мектеп сөмкесін таңдағанда келесі ұсыныстарды сақтау керек: арқа жағында қатаң ортопедиялық таңғыш болуы тиіс, иыққа асатын тұстары кең болғаны, тұтқалар ұзындығы бойынша реттелуі керек, ал бала тек екі иыққа асуы тиіс. Сондай-ақ ол белі мен мойынына күш түсірмеуі тиіс. Сонымен қатар мектеп сөмкесінің көлемі, салмағы баланың бойына және жасына сәйкес келгені жөн», - деді ол.

Сондай-ақ, Жандарбек Бекшин мектеп сөмкесінің салмағы қажетті құралдарсыз 1 келіге жетпеуі тиіс екендігін жеткізді. Әрі  баланың жалпы салмағының 10% -нан аспауы тиістігін хабарлады. Мәселен,  1-3 сыныптар үшін - 2 килограммға дейін; 4-5 сыныптар үшін - 2,5 килограммға дейін;  6-7 сыныптар үшін - 3 килограммға дейін және жоғары сыныптар үшін 4 килограммнан аспағаны жөн.

Бас санитар жол көлік оқиғаларына байланысты келеңсіз жағдайлардың алдын-алуға әсер ететін шараларға да назар аударуға шақырды. Жаңа оқу жылымен бірге келетін ең маңызды мәселелердің бірі – балалардың жолдағы қауіпсіздігі.

«Бала рюкзагын таңдаған кезде жарыққа шағылысатын детальдарды  кірістіру сияқты бөлшектерге назар аударуға тиіспіз. Көлік жүргізушілеріне кешкұрым немесе жарық аз жерлерде жолды кесіп өткен кезде сіздің балаңызды байқау оңайырақ болады», - деді ҚР Бас санитары.

Мектеп оқулығының салмағы да талапқа сай болғанын қадағалан жөн. Мәселен, 1-4 сынып оқушылары үшін оқулық салмағы 300 грамнан, 5-6 сыныптар үшін салмақ – 400 грамнан, 7-9 сыныптар үшін 500 грамнан және жоғары сынып оқушылары үшін 600 грамнан аспағанын қадағалаңыз.

«Басқа да өнімдер секілді оқулықтардың да көшірмесі жасалатынын атап айту керек.  Әдетте оқулықтардың түпнұсқасы емс көшірмесі қаланың базарларында сатылады, бағасы түпнұсқа өндірушінің бағасына қарағанда анағұрлым арзан. Ол оқулықта пайдаланылған қағаздың сапасы төмен болып келеді, оның әріптері бұлдырап көрінеді, сонымен қатар оқулықтың салмағы да ауыр болады», - деді ҚР ДСМ Комитет басшысының орынбасары Жандарбек Бекшин.

Жандарбек Бекшин жеткіліксіз кітаптарды арнайы дүкендерден сатып алуға кеңес берді. Ал, кітаптардың салмағы көрсетілген мөлшерден артық болғаны белгілі болған кезде Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне хабарласу қажеттігін мәлімдеді.

                                                                                                                  сурет: ҚР ОКҚ

«Әр жыл сайын мектеп оқушыларына мектеп оқулықтар 1 қыркүйекте тапсырылады. Сондықтан салмағы артық кітаптар анықталған жағдайда 74-18-64 телефоны арқылы немесе Комитеттің сайтына хабарлауды сұраймыз», - деді ол.

Сондай-ақ, ол егер мектеп жаңа оқу жылына дайын болмаса, мектеп асханасы санитарлық талаптарға сай келмесе 74-18-64  телефон нөміріне немесе ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты ҚР Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің сайтымен байланыс орнатуға шақырды. Сонымен бірге Ж.Бекшин мектеп асханаларындағы аспазшылар мен қызметкерлерінің санитарлық нормаларға сәйкес келуін, денсаулығын жылына екі рет, мектеп мұғалімдерінің денсаулығын жылына 1 рет оқу жылы алдында тексеретіндіктерін айтты. Келер жылы денсаулық сақтау саласына цифрландыру толық енгізілетіндіктен мектеп қызметкерлерінің денсаулығын тексеру оңайға түсіп, бюрократияға жол берілмейтінін де жеткізді.

Айдана Абдрахманова




Яндекс.Метрика