Парламент

Сенаторлар өңірлердегі проблемаларды шешуге ниетті

Сенаторлар өңірлерге сапарын жалғастырып жатыр. Парламент Сенатының депутаты Ғұмар Дүйсембаев Атырау облысындағы жұмыс бабындағы сапары аясында облыстық ішкі істер департаментінде болып, полиция қызметкерлерімен кездесті. Толығырақ келесі материалдан оқи аласыздар.
Нұр-Сұлтан26 Шілде , 17:37

Сенатор сондай-ақ Махамбет және Индер аудандарында болды, Ақтоғай және Елтай ауылдық округтерінде жергілікті тұрғындарымен, мәслихат депутаттарымен кездесті. Сенатор елді мекендердегі әлеуметтік нысандарды аралады, салынып жатқан құрылыс нысандарының жұмыстарымен танысты.

Ғ.Дүйсембаев аймақтағы жүздесулерде Елбасының жолдаулары мен Мемлекет басшысының алға қойған тапсырмаларынан туындайтын маңызды міндеттерді іске асыру туралы атап өтті.

Сенатор сондай-ақ Парламент Сенатының заң шығару қызметі,соңғы сессияда қабылданған заңдар туралы айтып берді. Жергілікті басшылар сенаторға ауылдың әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы хабардар етіп, қолға алынған маңызды шараларды таныстырды. Жергілікті бюджетті игеру, ауылдағы кәсіпкерлікті, шаруа қожалықтарын дамыту, жұртшылықтың қаржы сауатын арттыру жайы туралы әңгіме өрістеді.

Өз кезегінде  сенатор Сәрсенбай Еңсегенов аймақтарға сапар барысында Индер ауданындағы Бөдене ауылында жергілікті тұрғындармен кездесті. Жүздесуге облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары, мекеме, кәсіпорын басшылары, ардагерлер, әлеуметтік сала қызметкерлері, әкімшілік бөлім басшылары және ауыл тұрғындары қатысты.

Кездесу барысында тұрғындар ауылдағы әлеуметтік мәселелер шешімін тауып келе жатқанын атап өтті.

Дегенмен, жергілікті тұрғындарды алаңдатып отырған мәселелер де бар екені айтылды. Жайық өзені суының жылдан жылға азайып бара жатқаны, орман-тоғайдың жағдайы нашарлағаны, шабындық, мал азығы жетіспейтінін, мал ұрлығы тоқтамай тұрғаны сөз болды. Тұрғындар осы мәселелерді орталықтан жүйелі түрде қараса деген тілектерін білдірді. Сонымен бірге, Жер кодексінің ережелері жас және жаңадан кәсіп бастайтын адамдарға кедергі жасап отыр деген пікір айтылды. Сенатор Сәрсенбай Еңсегенов мемлекет тарапынан қайтарымсыз несие алып, өз ісін бастаған жас кәсіпкерлермен кездесті.

Сенат баспасөзінің  хабарлауынша,  олардың бірі 1995 жылдан бері жұмыссыз жүрген Жаңаша Иманқұлова қайтарымсыз кредит алып, шаштараз қызметін қолға алған. Мемлекеттің осы бағыттағы саясатына ризашылығын білдірді. Сәрсенбай Еңсегенов суретші Тілек Халиннің ел, ауыл тарихы, салт-дәстүрді баяндайтын, тәрбиелік және танымдық маңызға ие сурет галереясында болды. Зейнеткер суретші тәжірибесі мен білімін жастарға үйретуде.

Сонымен қатар,  Парламент Сенатының депутаты Динар Нөкетаева Нұр-Сұлтан қаласында шетелде тұратын этникалық қазақ оқушыларына арналған «Ұлы дала ұрпағы» атты жазғы мектебінің жабылу салтанатына қатысты.

Салтанатты шарада сөз алған сенатор Д.Нөкетаева шетелдік балаларға білім іздеп елге келген алғашқы қарлығаштар екенін айта келіп, оларға «Бәйтерек», «Қазмедиа», «Қазақстан Ғарыш сапары», «Ұлттық биотехнология орталығы», «Елбасы кітапханасы» секілді стратегиялық мекемелердің есіктері ашық екенін атап өтті. Назарбаев зияткерлік мектептерінде Қазақстан тарихы, қазақ тілі,

STEM жаратылыстану-математика бағдарламасы бойынша сабақ берілді. «Осы қызықты екі апта естеріңізде мәңгі қалады деген ойдамын. Бұл жоба келесі жылдары да өз жалғасын табады деп сенемін», - деді сенатор. Ол сондай-ақ балаларға көк байрақты биікте желбіретер білімді де білікті тұлға болып, өсе беріңіздер деген тілегін білдірді.

Ал Парламент Сенатының депутаты Ғұмар Дүйсембаев Атырау облысындағы жұмыс бабындағы сапары аясында Құрманғазы және Исатай аудандарында, Дыңғызыл ауылдық округінде болды.

Сенатор аудан активімен, мәслихат депутаттарымен және жергілікті тұрғындармен кездесті. Депутат кездесу барысында Парламент Сенатының өткен сессиядағы заң шығару қызметі туралы хабардар етіп, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру жөніндегі алда тұрған міндеттер жайында әңгімеледі. Жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыны іске асыру және салық салудағы ерекшеліктер туралы әңгіме өрістеді.

 Аудандағы елді мекендерді газбен қамтамасыз ету, салынып жатқан Атырау-Астрахан жолының құрылысы және Қиғаш өзеніндегі балықтың көбеюі үшін түбін тереңдету жұмыстары туралы айтылды. Кездесуге қатысушылар салынып жатқан жол құрылысының сапасы және оны жақсарту туралы сұрақтар қойды. Сенатор Құрманғазы ауданындағы Дыңғызыл ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуде жергілікті жердегі әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері, ауылдағы құрылыстар мен әлеуметтік нысандар туралы сөз болды.

Депутат сапар аясында Ақтөбе-Атырау-Астрахан-Ресей Федерациясымен шекарасы автомобиль жолының және Зинеден ауылындағы «Ақбота» бөбекжайының құрылыстарымен, «Исатай батыр» шекара заставасының қызметімен танысты.

Сенатор облыс орталығында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Атырау облыстық бөлімшесінің ұжымымен де кездесті. Жүздесуде жергілікті жердегі кәсіпкерлікті дамыту және салықтық жеңілдіктер туралы әңгіме болды.
 

Аягөз Құрмаш 




Яндекс.Метрика