Парламент

Сенаторлар ауыл халқының әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселелерін талқылады

Парламент Сенатының депутаттары өңірлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысып, өзекті мәселелерге назар аударды. Депутаттардың сапары туралы келесі материалдан оқи аласыздар.
Нұр-Сұлтан23 Шілде , 15:53

Парламент Сенатының депутаты Динар Нөкетаева Алматы облысына жұмыс бабындағы сапар аясында Жамбыл ауданында болды. Сенатор Қарақыстақ ауылдық округінің әкімі Бақыт Жапаровпен кездесіп, бес мыңнан астам тұрғыны бар өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалымен, дербес бюджеттің жай-жапсарымен танысты.

Әңгіме барысында жарты жылдықта жиналған салық түсімі және оны қандай бағытта жұмсау керектігі сөз болды. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарының тұрмыстық жағдайы, көпбалалы аналардың жай-күйіне назар аударылды.

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап халық саны екі мыңнан асатын елді мекендерге төртінші деңгейлі бюджет енгізілген болатын. Ауылдық округ әкімдері жергілікті бюджетті өзі басқарып, ауылдың әлеуетін арттыруы тиіс.

Ұтымды басқару механизмі жолға қойылғалы бері қандай өзгерістер болды? Әкімдердің белсенділігі артты ма? Депутат жергілікті басшылармен осы тақырыптар туралы әңгіме өрбітті. Депутат ауылда жұмыссыз жүргендерді мемлекеттік бағдарламалар арқылы қайта оқытып, жұмысқа орналастыру мәселесін ескерусіз қалдырмау қажеттігін атап өтті.

 «Бір жылда жиналған салықтардың 50 проценті жергілікті бюджетте қалады. Мысалы, 12 млн. теңге жиналса, оның 6 млн. теңгесін ауылды көркейту бағытындағы түрлі мақсаттарға жұмсайсыздар. Сол қаражат есебінен атқарылатын әрбір істі осы ауылдағы қауымдастықтың мүшелерімен ақылдаса отырып шешесіздер. Өйткені, қауымдастықтың мүшелері ауыл тұрғындарының талап-тілектерін жақсы біледі. Бұл қаражат тікелей ауыл халқының әлеуметтік жағдайын жақсартуға жұмсалуы тиіс», - деді сенатор.

Бүгінгі таңда атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізу үшін түрлі әрекеттерге барып жатқан адамдар жоқ емес. Жәрдемақы алу үшін күйеуімен ажырасқан немесе жұмыстан шығып кеткендер кездесуде. Депутат осындай олқылықтың алдын алуды тапсырды.

Д.Нөкетаева Қарақыстақ ауылының учаскелік полициясының өкілдерімен де кездесті. Округ бойынша жыл басынан бері 17 қылмыс тіркеліпті. Соның ішінде 5 мал ұрлығы болған. Полицейдің айтуынша оның екеуі ашылып, ұрылар ұсталған.

Ал, қалған қылмыскерлерді іздестіру ісі жүргізіліп жатқан көрінеді. Депутаттың жұмыс сапары Қарғалы ауылдық округінде жалғасты. Сенаторды қарсы алған ауылдық округ әкімі Досбол Тұрысбеков өзі 2016 жылдан бері басшылық ететін Қарғалы ауылының жағдайы туралы хабардар етті.

Жұмыссыз ретінде тіркелген 51 адам мемлекеттік бағдарлама арқылы түрлі мамандық иесі атанып, өздерінің жеке кәсібін ашқанын, кейбірі сол ауылдағы өндіріс орындарына жұмысқа тұрғанын айтты. Басқа ауылдармен салыстырғанда Қарғалының аумағында бірнеше ірі жұмыс орындары бар.

Атап айтқанда, қоқыс қалдықтарын өңдейтін, асфальт шығаратын завод, қой жүнін жуып, өңдейтін цех, тұшпара шығаратын кәсіпорын, және басқа да мекемелер ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, бюджетке төленетін салық кірісін еселеп отыр.

Д.Тұрысбековтың айтуынша, Қарғалы ауылында 1 қаңтардағы есеп бойынша 5855 оқушы болған. 5 мектеп, 5 балабақша жұмыс істейді. Халық санының өсуіне байланысты енді алтыншы мектептің құрылысын жүргізуге тиісті жер бөлініпті.

 Д.Нөкетаева Қарғалы ауылында тіркелген жұмыссыздардың жағдайына назар аударды. Сондай-ақ көпбалалы аналар, мектеп оқушыларының жазғы демалыс орындары, ауыз су, жол, көше шамдары, ұрлық сынды түйткілді мәселенің астарына үңілді, әрбір салада жұмыс атқарып жүрген мамандарға өз ісінде тиянақты болуды тапсырды. Негізінен қиындық туғызып отырған бір мәселе – ауылдық округке қарасты барлық тұлғалардың салық бойынша берешек қарыздарын әкімшіліктің өздері жинайтындығы. Мұндағы қиындық – салық комитетінің көлік бойынша бірыңғай базасы ауылдық әкімшілікке берілмейді.

Берешегі бар борышкерлердің тізімін тек салық мекемесіне барып алуға тура келеді. Бұл тізім әр ауылдағы борышкерлерді жіктеп көрсете алмайды. Тұтас аудан бойынша қарызы бар азаматтардың тізімін түгел шығарып береді. Соның ішінен әр ауылдың тұрғындарын іріктеп алуға тура келеді.

Д.Нөкетаева Ұзынағаш ауылдық округінің әкімшілігінде болып, округ әкімі Ескелді Қасымовпен де кездесті. Жергілікті әкім 60 мыңнан астам тұрғыны бар Ұзынағаш ауылының қазіргі жай-күйімен депутатты егжей-тегжейлі таныстырды. Округте салық жинауда қиындық туғызып отырған мәселе – автокөлік бойынша қарызы бар борышкерлер болып отыр.

Себебі, 2016 жылдан бастап автотранспорт бойынша жиналатын салық ауылдық округтерге міндеттелген. Соның салдарынан 2013 жылдан бері жиналмаған қарыздар, яғни, салық басқармасының аяқталмаған жұмыстары әкімшілікке жүктеліп отыр.

Бүгінгі таңда Ұзынағаш ауылдық округі бойынша 1496 адамның қарызы бар. Яғни, 56 млн. теңге көлемінде берешек қаржы көлік иелерінің мойнында жүр. Ауыл әкімі осы қиындықтан шығу үшін аудан орталығына екі LED-экран орнатып, мемлекетке салық бойынша қарызы бар және оны төлеуден жалтарып, қашып жүрген тұлғалар осы экранға фотосуретімен де жариялануы мүмкін екені айтылды.

 Қазіргі кезде экраннан ауданның көрікті және киелі жерлері бойынша бейне роликтер көрсетілуде. Ал, енді Ұзынағаш ауылдық округі салық бойынша бір жылда 474 млн. теңге жинауды межелепті.

 Былтырғы жылы жоспарланған межеден 56 млн. артығымен орындалды. Сол қаржыны аудан орталығын абаттандыруға, жол жөндеу жұмыстарына, орталық көшелерді безендіруге, тағы басқа маңызды нысандарға жұмсаған. Елді мекендердің төртінші деңгейдегі бюджетін құру маңызды әлеуметтік мәселелерді шешу мен ауылдың гүлденуіне зор мүмкіндік туғызатын елеулі шара екенін уақыттың өзі айқындап отыр.

Сонымен қатар, Батыс Қазақстан облысында жұмыс сапарымен жүрген Парламент Сенатының депутаттары Ерболат Мұқаев пен Нариман Төреғалиев Бөрлі ауданында болды.

Парламент депутаттары өңірлерді аралап, жұртшылықтың тыныс-тіршілігімен танысты және мұң-мұқтажы туралы хабардар болды. Сенат депутаттары халық игілігі үшін салынып жатқан 10 шағын аудандағы 9 қабатты көп пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарымен танысты. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жалғасуда.

Аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы А.Ибасов салынып жатқан құрылыстарды депутаттарға таныстыра келіп құрылысқа республикалық бюджеттен 95 млн теңге қаражат бөлінгенін, дегенмен ол қаржының үйлерді толықтай аяқтап тапсыруға жетпейтінін айтты және республикалық бюджеттен қосымша 1 млрд 109 млн теңге қаржы бөлуге ықпал етуді сұрады.

Депутаттар аудандық полиция бөлімінің жедел басқару орталығының ғимаратымен де танысты. Аудандық полиция бөлімінің бастығы Д.Өтеғұлов бұл орталықты қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін ауқымды қаражат керек екенін айта келіп, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында орталық қызметін толыққанды қамтамасыз ету үшін қаражат қарастыруға көмектесуді өтінді.

Сондай-ақ, Е.Мұқаев пен Н.Төреғалиев Ақсай қаласындағы жол құрылысы жұмыстарымен танысу мақсатында күрделі жөндеуден өтіп жатқан «Наурыз-1», «Наурыз-2» көшелерінде қолға алынған жұмыстарымен танысты. Бұл көшелерде жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде.

 Сенаторлар Ақсай қаласында орналасқан «Жарсуат» және «Таир» сауда орталықтарында болды және азық-түліктердің бағаларымен танысып, кәсіпкерлермен және сауда-саттық жасап жүрген аудан тұрғындарымен де кездесті. Жүздесулер барысында Бөрлі ауданының басшылығы Жайық өзені жағаларының жылдан жылға сумен шайылып бара жатқанын айта келіп, өзен маңында орналасқан ауыл тұрғындарына тасқын судың қатер төндіріп тұрғанын және ол жергілікті жердегі көкейтесті мәселелердің бірі екенін атап өтті.

Жарсуат ауылының маңындағы Жайық өзенінің жағасын (1800 м) нығайту жұмыстарына 2 млрд 17 млн теңге қажет екенін, мұндай соманың жергілікті бюджеттің көтере алмайтынын айта отырып, республикалық бюджеттен аталған соманы қарастыруға ықпал етуін сұрады.

Парламент Сенатының депутаттары Жеңіс Нұрғалиев пен Серік Бектұрғанов Қостанай облысындағы жұмыс бабындағы сапары аясында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерімен кездесті. Депутаттар кездесуде заң шығару жұмыстары мен республиканың агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жоспарлары туралы хабардар етті.

 Жүздесу барысында агроөнеркәсіп кешенін дамытудың өзекті мәселелері талқыланды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді субсидиялау, оның ішінде ұзақ мерзімге субсидия берудің тиімділігі мен қажеттігі туралы айтылып, мемлекеттің қолдауын талап ететін барлық шығындар субсидияланбайтынына назар аударылды.

Мысалы, фунгицидтерге субсидиялардың берілмеуі салдарынан ауыл шаруашылығы саласы едәуір зиянға ұшырап келеді.

Бұл мәселе оң шешімін тапса, ауыл шаруашылығының өнімдері ұлғайып, еңбеккерлердің табысы молая түсетін болады. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер тракторлар мен комбайндарға арналған кәдеге жарату алымы бойынша ұсыныстар айтты.

Сенат депутаттары ауыл шаруашылығы кәсіпорындары басшыларының барлық ұсыныстарын жазып алып, оларды ауыл шаруашылығы министрлігінің басшылығымен талқылайтындарын жеткізді.
 

Аягөз Құрмаш 

Материалдарды t.me/strategykz telegram аккаунтынан оқи аласыздар.

 

 




Яндекс.Метрика