АШК – Қазақстан экономикасының драйвері

ҚазАгроны реформалау шарасы қандай болмақ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 15 шілде күні Үкіметтің кеңейтілген отырыс кезінде «ҚазАгро» холдингінің жиынтық шығыны 120 миллиард теңгеден асып кеткенін сынға алып, ҚР Үкіметіне екі ай мерзім ішінде ҚазАгро холдингін жедел реформалау бойынша ұсыныстар әзірлеуді міндеттеген еді. Қ.Тоқаев сол отырыста әрбір холдинг, әрбір ұлттық компания мемлекетке тек пайда ғана әкелу керектігін де ескерткен. Осы орайда, КиПиЭмДжи (KPMG) халықаралық аудиторлық компаниясы Холдингтің жаңадан тағайындалған Басқармасымен бірлесіп «ҚазАгро» ұлттық басқару холдингі акционерлік қоғамының қаржылық жағдайы мен қызметіне кешенді тәуелсіз бағалауды тәмамдады.
Нұр-Сұлтан23 Шілде , 14:26

Енді аудиторлық компанияның бағалау нәтижелері «ҚазАгро» ұлттық басқару холдингі акционерлік қоғамының жалғыз акционері ҚР ауыл шаруашылық министрлігінің талқылауына шығарылады, деп күтілуде.

Қ.Тоқаев бағалау нәтижесінен кейін «ҚазАгро» қызметін жалғастыру-жалғастырмауы туралы шешім қабылдайтын болады

Сондай-ақ, мемлекет басшысы Қ.Тоқаев кеңейтілген Үкімет отырысында аграрлық сала бойынша еліміздің ауқымды мүмкіндіктері бар екенін, агросаланы дамытудың нақты шараларын қабылдауды да тапсырған болатын. Сонымен бірге, ол ауыл шаруашылығы саласы осы уақытқа дейін  инвесторлар үшін аса тартымды емес болып келгенін, жалпы инвестиция көлемі бойынша ауыл шаруашылығына шетелдік инвестицияның 1 пайызы ғана құйылғанын айтқан еді.

«Холдингтер мен ұлттық компаниялар экономиканы, инфрақұрылымды және өнеркәсіпті дамыту үшін құрылған. Қорыта айтқанда, олар халыққа қызмет етуі тиіс. Пайданы барынша көбейту, құрылымды жан-жақты әрі мейлінше кеңейту мемлекеттік холдингтер үшін мақсат болмағаны жөн. Олардың айтарлықтай бөлігі монополистер болып табылады, сондықтан олардың кірісі - бизнес пен азаматтардың шығыны. Біріншіден, жинақталған шығынды ескеріп,  «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-на қатысты түбегейлі шаралар қабылдануы керектігін бас айтамын. Ел аузында тұрақты тіркеске айналған бұл қазір құрылымның біліксіз басшылығының көрсеткіші. Өткен, яғни 2018 жылы «ҚазАгроның» жинақталған шығыны 120 миллиардтан астам теңгені құрады. Қаржыландырылған 672 жобаның 270-і немесе 40%-ы тұрып қалған, жұмыс істемейтін жобалар. Бұл тұста сұрақ қою да артық, пікір айту да орынсыз. Ал, компания нақты түрде және жедел реформалануы керек. Бұл холдингті басқаруға шетелдік мамандарды тарту туралы ойлану керек. Үкіметке осы мәселені шешу үшін екі ай ішінде нақты ұсыныстар енгізуді тапсырамын. Бұл жағдайды түбегейлі түзету қажет», - деп Қ.Тоқаев «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ туралы мәлімдеме жасаған болатын.

Президент Қ.Тоқаев есеп комитетіне Үкіметке бірлесіп квазимемлекеттік сектордың қызметінің әлеуметтік-экономикалық әсерін бағалау әдістемесін жасауды тапсырып, бағалау нәтижелері бойынша «ҚазАгро» қызметін жалғастыру-жалғастырмауы туралы шешім қабылдайтынын да ескерткен.

 «ҚазАгро» холдингінің қаржылық жағдайына не әсер етті

Жалпы, холдинг 2006 жылы сол кездегі Президент Н.Назарбаев Жарлығымен агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мақсатында құрылған. Жарлық бойынша, аграрлық сала стратегиялық жобаларының қаржылық операторы болып бекітілген холдинг агроөнеркәсіптік кешен мемлекеттік және тартылған қаражатты қолжетімді, мақсатты және тиімді пайдалануды қамтамасыз етуі тиіс.

Холидингтің қазіргі Басқарма төрағасы Ербол Қарашөкеев ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйырығымен осы, яғни 2019 жылдың 5 сәуірінде тағайындалған. Оған дейін холдингті 2018-2019 жылдары Рүстем Құрманов басқарған болатын.

 «ҚазАгро» холдингінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, холдингтегі қаржылық жағдайдың айтарлықтай нашарлауына 2013-2017 жылдар кезеңінде Қазақстанның қаржы нарығындағы турбуленттіліктің салдары, теңгенің девальвациясы және елдің аграрлық-өнеркәсіптік кешенін несиелейтін бірқатар банктердің дефолты әсер етті. Осылайша еліміздегі ауыл шаруашылығы саласындағы  Бас Холдинг осы  келеңсіз оқиғаларға дайын емес болып шыққан. Себебі ол шетел нарықтарында доллармен және еуромен көп қарыз алғандықтан, соның салдарынан айтарлықтай шығын шеккен екен.

«Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев ҚазАгро жұмысына сын айтып, оны батыл реформалау қажеттігін талап еткен болатын. Эрнст энд Янг аудиторлық компаниясы растаған мәліметке сәйкес, Холдингтің жинақталған шығыны 2019 жылдың басында 399,1 млрд.теңгені құрап отыр. Бұл шығындардың жартысы-девальвациядан болған шығындар, жартысы – екінші деңгейдегі дефолт банктеріндегі шығындар. Ал, бұл 2013-2018 жылдар аралығында ҚазАгроның алдыңғы менеджментінің қабылдаған шешімдерінің нәтижесі. Мысалы, тек 2018 жылы ғана бас Холдинг 148,3 млрд. теңге шығынға ұшырады» - деген мәлімет берді «ҚазАгро» ҰБХ қазіргі Басқарма төрағасы Ербол Қарашөкеев

ҚазАгроның еншілес компаниялары табысты қызмет етуде

«ҚазАгро» ҰБХ қазіргі басшылығы барлық шығындардың бас Холдингте қалыптастырылған жағдайда, ҚазАгроның үш ірі еншілес ұйымдары: Аграрлық несие корпорациясы, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры және ҚазАгроҚаржы табысты компаниялар екендігін жеткізді. Сондай-ақ, олар жылдан жылға ауыл шаруашылығын қаржыландыру көлемін арттырып жатыр.

Өйткені 2018 жылы Холдингтің еншілес компаниялары аграрлық салаға бөлген қаржының жалпы 400 млрд. теңгені құраған. Және бұндай көрсеткіш – Холдинг құрылғаннан бері бұрын-соңды болмаған.  Бұл екінші деңгейлі банктер тарапынан агроөнеркәсіптік кешенді қаржыландыру үлесі жыл сайын төмендеуімен байланыстырылады. Мысалы, 2011 жыл мен 2018 жыл аралығында екінші деңгейлі банктердің  АӨК несиелеуі 6 есеге, 448 млрд.теңгеден 76 млрд. теңгеге дейін төмендеген. Осыған байланысты, Холдинг агроөнеркәсіптік кешенде коллапсқа (жүйелік дағдарыстың әсерінен кез-келген құрылымның, саланың қызметінің сапасының төмендеуі, жойылуы) жол бермеу мақсатында қаржыландыру көлемін ұлғайтуға мәжбүр болып, 2011 жылдан бастап 2018 жылға дейін несие беру көлемі 4 есе, 93-тен 400 млрд.теңгеге дейін өскен.

«Қордаланған мәселелерді түзету міндеті - күрделі әрі ол Үкімет пен Холдинг менеджментінің үйлестірілген шешімдерін қажет етеді. Қазір біз ҚазАгро тағдыры туралы айтатын болсақ, Холдингтің еншілес компанияларында қазіргі уақытта 77 мыңнан астам қарыз алушы - ауыл шаруашылығы кәсіпорындары, шаруа және фермерлік шаруашылықтар бар, олар ҚазАгроның қолжетімді несиелерін пайдалануда. Ең бастысы, алдағы уақытта қабылданатын кез келген шешімдер, олардың жағдайын кері әсерін тигізбеуі тиіс», - деп атап өтті «ҚазАгро» ҰБХ Басқарма төрағасы Ербол Қарашөкеев.

Холдингті реформалаудың үш негізгі бағыты

Арнайы органды реформалау аясында Холдингтің жаңа топ-менеджменті шығынды және төмен тиімділік мәселесінен арылу мақсатында төмендегі мынадай іс-шаралардың үш негізгі бағытын айқындады.

Ең алдымен Қазагроның қаржылық жағдайын тұрақтандыру бойынша жедел шаралар әзірлеп, қабылдағаннан кейін, осы жұмыс шеңберінде Холдинг ағымдағы жылдың мамыр айының соңында өзінің барлық валюталық берешегін түпкілікті өтеген. Холдинг енді теңге бағамының ауытқуы шығынға әкелмейтінін айтты. Сондай-ақ, болашақтағы 15 жылға арналған дамудың қаржылық моделінің жобасы әзірленген. Аталмыш жоба Холдингті қалыптасқан жағдайдан біртіндеп шығаруды көздейтін болады.

Одан кейінгі Холдингті оңтайландыру шеңбері шарасы аясында еншілес компанияларды тарату, олардың санын 7-ден 3-ке дейін қысқарту ұсынылмақ. Оңтайландырудың арқасында басқарушыларды, артық буындарды, тиімсіз компаниялар мен бөлімшелерді қысқартуға мүмкіндік туады. Ал,  Холдинг штатты 20% - ға қысқартқан. Болашақта штатты тағы 25% - ға кезең-кезеңмен қысқарту көзделіп жатыр.

Ал, ең соңғы барлық процестерді автоматтандыру іс-шарасы.

«Қарыз алушыларымыздың 70%-ы – фермерлер, олар өз қажеттіліктері үшін көбіне 4 млн. теңгеге дейін қарыз алады. Бұдан былай Холдингтің жаңа Басқармасы алдына олардың несиеге өтінімдерін қарау уақытын 30 күннен 3 сағатқа дейін қысқарту міндетін қоятын болады.   Негізгі міндет – біздің қарыз алушыларымызды инстанциялар бойынша әр түрлі анықтамаларға жүгіртуге мәжбүр етпеу керектігі. Барлық процестерді автоматтандыру іс-шарасы арқасында фермер ҚазАгроның керек құрылымына тек қана жеке куәлігімен келіп және 3 сағат ішінде несиеге мақұлдау алуы тиіс», - деді «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ.

Айта кетейік, «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамы (АҚ) өзінің құрамына кіретін «ҚазАгроҚаржы» АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ, «ҚазАгроӨнім» АҚ, «ҚазАгроКепіл» АҚ және «Қазагромаркетинг» ЖШС компаниялардың инвестициялық активтерін тиімді басқаруды қамтамасыз ету арқылы Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бойынша мемлекеттік саясатты іске асыру қызметін атқарады.

Айдана Абдрахманова

Материалдарды t.me/strategykz telegram аккаунтынан оқи аласыздар.




Яндекс.Метрика