Ұлт жоспары 100 нақты қадам

Қоғамдық кеңестердің еліміздегі рөлі қандай

Еліміздегі азаматтық қоғамды дамыту жолында қоғамдық кеңестер мен қоғамдық ұйымдардың рөлі орасан зор. Қазақстандағы қоғамдық кеңестердің қызмет бағыты, жетілдіру жұмыстары және барлық қоғамдық институттардың қазіргі дамуының жағдайын әлеуметтік зерттеу бағдарламасы туралы Strategy2050 АА-нің төмендегі материалынан біле аласыз.
Нұр-Сұлтан22 Шілде , 16:02

Жалпы Қазақстанда қоғамдық кеңестер Н.Назарбаевтың «100 нақты қадам» ұлт жоспары аясында құрылғаннан бастап жұмыс істеп келеді. Ал, 2015 жылы Қоғамдық кеңестер туралы заң қабылданды. Осы орайда, 2019 жылдың соңғы тоқсанында аталмыш кеңестердің қызметі сараланып, жетілдірілетін болады.

Қазақстандағы қоғамдық кеңестер институтының дамуының әлеуметтік зерттеу бағдарламасы жобасы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының грантымен қаржыландырылады. Бірнеше айға созылатын республикалық жобаның жетекшісі Азаматтық альянсының вице-президенті Гамал Тузелбаевтың айтуынша, қоғамдық институттар – мемлекеттік қызметті қадағалау бойынша өзінің әлеуетінің мықты екендігін көрсетіп берді.

«Биылғы қоғамдық кеңестердің құрамында қазақстан бойынша аудан, облыс, мемлекеттік маңызы бар қала деңгейінде жұмыс атқаратын 231 кеңес болса, оның ішінде республикалық деңгейде 15 қоғамдық кеңес жұмыс істеп отыр. Облыс орталықтарында және Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында олардың саны – 17, қалған 199-ы қала мен ауыл деңгейіндегі қоғамдық кеңестер. Олардың мүшелігінде жалпы 3570 адам бар. Оның ішінде 3305-і өңірлердегі қоғамдық кеңес өкілдері. Ал, қалғандары орталық мемлекеттік органдарда істеп жатқандар. Қоғамдық кеңес жұмысында азаматтық қоғам қалыптастыруда рөлі өте зор, оның мүшелері қала, аудан деңгейіндегі кеңестерде болсын өз өңірінде беделге ие тұлғалар. Бұл институт мемлекеттік қызметті қадағалау бойынша өзінің әлеуетінің мықты екендігін көрсетті. Осы жылдың қараша айында кеңестердің қызметі туралы кешенді баяндама жасаймыз. Ол туралы ақпарат бүкіл елге мәлім болады. Сол үшін біз қазір қоғамдық кеңестердің жұмысын зерттеуге кірісіп кеттік. Өңірлерде, аудан, қалалардағы қоғамдық кеңестердің қызметін зерттеп, олардың даму деңгей туралы мәліметтті халық алдында баяндап беретін боламыз», - деді Гамал Түзелбаев.

Сондай-ақ ол, қоғамдық кеңестердің негізігі артықшылығы адамның пікір айту және оны жеткізе алу мүмкіндігі, деп ерекше атап өтті.  

Олардың еліміздегі әлеуетін зерттеу жобасына «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы»  КЕАҚ-нан бөлінген грант көлемі  бүкіл Қазақстан бойынша 18 миллион 600 теңгені құрап отыр.

«Аталмыш жоба биылға бағытталған. Біздің қызметіміз гранттық қолдаумен ғана атқарылып отырған жоқ. Былтырғы жылы да ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінен қаржы көздері қарастырлмаса да Қазақстан Азаматтық альянсымен бірігіп, басқа да халықаралық сарапшыларды шақырып, осындай жұмыстарды жүргізген болатынбыз. Биылға бізге үлкен көмек болғаны – «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы»  КЕАҚ-нан грант бөлінгені. Бізге, үкіметтік емес ұйымдарға демеу болды. Неге десеңіз, жұмыстың сапасы жоғарылайды, деп ойлаймыз. Оның нәтижесінде қандай қиындықтар, қандай оңтайлы тәжірибелер бар екендігін анықтап, жинақтап, қоғамдық кеңестерді дамыту бағытында ұсыныстар енгіземіз», - деген түсінік берді Г.Түзелбаев.

Жоба бойынша негізгі дала жұмыстары 2019 жылдың маусым айынан тамыз айына дейін жүргізіледі.

«Дала жұмысына тек қана кабинеттегі зерттеу ғана емес, жергілікті аудан, қала, облыс, ірі мегаполистердегі халықтың ой-пікірін сұрау кіреді. Сұраулар – осы қоғамдық кеңес институттарына байланысты болады. Олардың ой-пікірлерінен басқа, ұсыныстарын да есепке аламыз. Қорытындысы бойынша талқылап, талдаудан өткеннен кейін оның нәтижесі осы жылдың қараша айында жасайтын кешенді баяндамамызға кіргізіледі», - деді  Гамал Тузелбаев.

Азаматтық альянсының вице-президенті Гамал Тузелбаевтың айтуынша, аталмыш зерттеудің қатысушыларынан алған пікірлер мен сындарлы ұсынымдар жиналып, жыл қорытындысында Қазақстан Республикасындағы қоғамдық кеңестер институтын одан әрі дамыту жөніндегі практикалық ұсыныстарға енгізу процесстері атқарылады.

«Қоғамдық кеңестер әрбір әкімдіктің жанында, тіпті министрліктің жанында қызмет атқаратын қоғамдық кеңестер арқылы оардың құжаттары, істеп жатқан программаларының барлығы солар арқылы өтеді. Оның бәріне қоғамдық кеңестер қатысып, өздерінің ұсыныстары мен ұсынымдарын беріп отыр. Кей ұсыныстар өтіп, кейбіреулері өтпей жатады. Күздегі қорытындымызда 2016 жылдан бергі осы кеңестердің қиындықтары, кедергілері, атқарған жұмыстары туралы есеп береміз. Зерделеу нәтижесінде ұсыныстар ұсынамыз», - деді ол.

Әлеуметтік зерттеу еліміздегі қоғамдық кеңестер институтының қазіргі даму деңгейін анықтауға бағытталып, сондай-ақ, құқықтық мониторингті, халықпен өзара іс-қимыл деңгейін өлшеуді, жеке бастама көтере алуы, мемлекеттік органдармен өзара іс-әрекет нәтижелері және аталмыш кеңес тетіктерін қолдау қамтуы тиіс.

Осы шара бойынша Қазақстанның азаматтық альянсының басты серіктесі ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Ғалымова Әлия Қайратқызы кеңестердің жұмысын дамыту мақсатындағы атқарылатын, атқарылып келе жатқан негізгі бағыттарымен бөлісті.

«Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің серіктесуімен қоғамдық инстуттар мен оның рөлін жетілдіру мақсатында бірнеше бағыт бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ең алдымен – екі  жылда бір рет еліміз бойынша барлық қоғамдық кеңестердің үлкен жиыны, мәжілісі өткізіледі. Ең алғашқы мәжіліс 2017 жылы өтсе, одан кейінгі мәжіліс осы жылы ақпан айында өткізілді. Онда қоғамдық кеңестердің үздік тәжірибелері, олардың жұмысын оңтайландыру, дамыту бойынша сапалы ұсыныстары ортаға салынды. Ал, екінші бағыт бойынша 2018 жылы бірінші рет қоғамдық кеңестер жұмысына қатысты және қоғамдық бақылау мәселеріне келетін үкіметке ұсыныс ұсынылып, енгізілді. Сондай-ақ, үшінші маңызды бағыт осы қоғамдық кеңестер қызметіне қатысты заңнаманы жетілду болып табылады», - деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық  қоғам істері комитетінің төрағасы Әлия Қайратқызы.

Сондай-ақ, аталмыш кеңестерге қатысты заң жобасының негізгі ережелері де мәлім болды. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті өкілдерінің мәліметінше аталмыш заң жобасы қоғамдық кеңес жұмысының құқықтық саласындағы өзгерістер оның құрылымдық және ұйымдастыру мәселелеріне, сонымен қатар қоғамдық кеңестерді қалыптастыру тетіктерін оңтайландыруға, кеңес мүшелерінің өкілеттіліктерін тоқтатуға, ұзартуға, кеңес қызметін материалдық-техникалық, қаржылық көздерін қамтамасыз ету туралы болды. Комитет мәліметінше, заң жобасы қоғамдық кеңес институтын дамыту саласындағы функцияларды анықтайды. Заң жобасы азаматтық қоғамдық ұйымдар, үкіметтік емес ұйым өкілдері, қоғамдық кеңес өкілдері және халықаралы сарапшылардың тікелей қатысуымен әзірленіпті. Оны әзірлеу туралы жұмыс тобына үкіметтік емес ұйымдардан, қоғамдық кеңестерден, халықаралық ұйымдардан, мемлекеттік органдардан, арнайы сарапшылардан келген мыңнан астам ұсыныстар өңделіп, ұсынылған.

P.S. Елбасы Н.Назарбаевтың бес институционалды реформасын жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» ұлт жоспары аясында елімізде қоғамдық кеңестер құрылған еді. Алғаш рет Қоғамдық кеңестер туралы заң 2015 жылы қабылданған болатын. Ол дегеніміз, мемлекеттің халық алдында есеп беруін қалыптастырудың, мемлекеттік саясатты іске асырудың бір көрінісі. Қорыта келе, қоғамдық кеңестер коммерциялық емес ұйымдармен, ел азаматтарымен бірге министрліктер, Үкімет құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдар, Мемлекет басшысына тікелей бағынатын және есеп беретін органдар, сондай-ақ жергілікті мемлекеттік басқару органдары өз құзыретіндегі мәселелер бойынша құратын консультативтік-кеңесші, байқаушы органдар. 2015 жылғы «Қоғамдық кеңестер туралы» еліміздің Заңына сәйкес Қоғамдық кеңес құрамы негізінен тәжірибиелі заң саласының өкілдерінен тұруы керек. Сонымен қатар, оның құрамына қоғам және мемлекет қайраткерлері, танымал адвокаттар, төрелік қызметкерлері, сенім білдірілген өкілдер, білімімен, практикалық тәжірибиесімен құқықтық саладағы қызметте барабар баға беріп, ұсыныстар ұсына алатын басқа да заңгерлер де енгізілген. Олардың жұмыс жоспарына сәйкес Қоғамдық кеңес отырыстарында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қатысты нормавтивтік құқықтық актілер жобалар, стратегиялық жоспардың және тағы басқа көптеген құжаттардың орындалуы талқыланады.

 

Айдана Абдрахманова

Материалдарды t.me/strategykz telegram аккаунтынан оқи аласыздар.




Яндекс.Метрика