Басқару

Мемлекет басшысы бірқатар кадрлық тағайындаулар жасады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» республикалық мемлекеттік мекемесін құру және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы Жарлыққа қол қойды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Нұр-Сұлтан22 Шілде , 11:57

««Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 26 желтоқсандағы Конституциялық заңының  33-бабына сәйкес қаулы етемін:

1. Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – мекеме) құрылсын.

2. Мекеменің  штат саны 33 бірлік мөлшерінде белгіленсін.

3. Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі мекемеге қатысты уәкілетті орган болып айқындалсын.

4. Қазақстан Республикасының Президенті мекеме директорын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады деп белгіленсін.

5.  Қазақстан Республикасының Үкіметі:

1) Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Орталық коммуникациялар қызметі» республикалық мемлекеттік мекемесін, оның мүлкін мекемеге бере отырып, таратсын;

2)  бір ай мерзімде мекеменің жарғысын әзірлеп, белгіленген тәртіпте бекітуге енгізсін;

3)  мекеменің мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;

4)  осы Жарлықтан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.

6. Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігімен бірлесіп, мекемені орналастыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен үй-жай бөлуді қамтамасыз етсін.

7. Осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына өзгеріс пен толықтырулар енгізілсін. 

8. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі», - делінген Жарлықта.

Сонымен қатар,  Мемлекет басшысының Өкімімен Аида Ғалымқызы Балаева басқа жұмысқа ауысуына байланысты Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі қызметінен босатылды.

Осыған орай,  А. Балаева  Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды.

Сондай-ақ,  Т. Сүлейменовті Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары қызметіне тағайындау туралы Жарлыққа қол қойылды.

«Тимур Мұратұлы Сүлейменов Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі қызметінен босатылсын», - делінген Жарлықта.

Оған қоса,  Мемлекет басшысының Өкімдерімен:

Сатыбалды Ересұлы Бұршақов Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат және халықаралық байланыстар бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды, ол Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығының меңгерушісі қызметінен босатылды.

Айдын Жеңісұлы Құлсейітов Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Стратегиялық жоспарлау бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды, ол Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Стратегиялық әзірлемелер және талдау орталығының меңгерушісі қызметінен босатылды.

Талғат Бегімұлы Қалиев Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры қызметіне тағайындалды.

Материалдарды t.me/strategykz telegram аккаунтынан оқи аласыздар.

 




Яндекс.Метрика