Басқару

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің қызметі қандай болмақ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ережесі мен құрамын бекіткен болатын. Тізімге әр саланы қамтитын қоғам қайраткерлері енген. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысы қандай болатыны туралы кеңес мүшелері айтып берді.
Нұр-Сұлтан18 Шілде , 11:10

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелері қалай іріктелгенін ҚР Президентінің кеңесшісі Ерлан Қарин айтып берді. 

« Мемлекет басшысының жарлығымен ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамы бекітілді. Тиісті консультациялар өткізілді. Президент әкімішілігі өкілдері түрлі қоғам белсенділерімен, саясаткерлермен, сарапшылармен, азаматтық сектор өкілдерімен кездесулер өткізіп, Ұлттық кеңес қандай болуы керек, онда не талқылануы керек жөнінде пікірлерін, ойларын қорытындылап, жүйелеп осындай шешімге келдік», - деп айтты  Е.Қарин.

Сондай-ақ, Президент кеңесшісі азаматтар қандай тәртіпке сәйкес іріктелгенін айтып берді. 

«Бұл азаматтар тұрақты түрде ұзақ уақыт бойы қоғам назарындағы өзекті мәселелермен айналысып жүрген азаматтар. Белгілі салалар бойынша кәсіби түрде шұғылданып жүрген мамандар. Белсенді, беделді қоғам мүшелері, өз саласының мамандары еніп отыр. Олар барлық саланы қамтып отыр. Бұл кеңестің құрамына саяси қоғамдық алаңдары бар әртүрлі саяси күштердің өкілдерін тартуға тырыстық. Ескі оппозиция, жаңа қалыптасып келе жатқан оппозиция, қозғалыс өкілдері бар. Нақты белгілі бір мәселелермен кәсіби түрде ұзақ уақыт бойы айналысып жүрген белсенділер бар», - деп атап өтті ол.

Е.Қарин айтып өткендей,  кеңес мүшелері болашақта бірнеше жұмыс тобына жіктеледі.

«Консультацияларда   біз  кеңестің  құрамы  мен  жұмысы жөнінде ақылдастық. Болашақта бірнеше жұмыс топтарына жіктелетін боламыз. Мұны да  қосымша айтамыз. Қазіргі уақытта ортақ ұстаным бар, яғни Ұлттық кеңес тек қана белгілі бір уақыт сайын салтанатты түрде өтетін жиын алаңы емес, нақты мәселелер қаралатын, талқыланатын алаң болады. Жұмыс топтарының белгілі бір бағыт бойынша ұсыныстары жалпы отырыста қаралады», - деді Қарин.

Сонымен қатар, Ерлан Қарин Ұлттық сенім кеңесінің алғашқы жиыны қашан өтетінін айтты.

«Ұлттық сенім кеңесінің алғашқы жиыны тамыз айында, шамамен 20-ларында өтеді деп жоспарлап отырмын. Бүгінде күн тәртібі, қандай жұмыс топтары құрылады, олардың құрамына кімдер кіреді, осының барлығын шешетін боламыз. Осы ұлттық кеңестің құрамына кіріп отырған азаматтарға алғыс білдіремін. Әрине, басқа да адамдарды тартуға болар еді. Бірақ біз осы талқылауларда нақты мәселелер көтеріп, ұсыныстар жасаймыз дегендіктен, ол тек жиын барысында айтылып қоймай, шынайы өмірде де қолданысқа енуі керек», - деді Ерлан Қарин. 

Сонымен қатар, Ерлан Қарин Қоғамдық кеңестің Жер комиссиясынан қандай айырмашылығы бар екенін айтып өтті.

«Кеңестің құрамында 44 адам бар. Одан бөлек, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл өз лауазымдарына сәйкес Ұлттық кеңестің құрамына кіреді. Төрағаның шешімі бойынша Ұлттық кеңеске республикалық және жергілікті деңгейдегі қоғамдық кеңестердің өкілдері, сондай-ақ өзге де адамдар енгізілуі мүмкін.Бізде қазіргі кезде әртүрлі мәселердің тізімі жасақталған. Енді сол мәселелерді кеңестің мүшелеріне енген азаматтармен бірлесе отырып талқылайтын боламыз», - деді ол.

Сондай-ақ, ол  ұйымға мүшелер қандай талаптар бойынша таңдалғанын айтты.  

«Соңғы бір айда консультациялар өткізілген болатын. Сол консультацияларда айтылған пікірлерді жүйелеп, осындай шешімге келдік. Қоғам белсенділері мынандай тәртіпке сәйкес іріктелді. Ұзақ уақыт бойы қоғамдық маңызы бар мәселелерді тұрақты көтеріп жүрген белсенділер, нақты бір сала бойынша шұғылданып жүрген кәсіби мамандар кеңеске кірді. Олар қоғамның барлық саласынан іріктелді. Саяси-қоғамдық алаңдардың, түрлі саяси күштердің өкілдерін тартуға тырыстық. Ескі оппозиция өкілдері де, жаңа қалыптасып келе жатқан қарсы топтардың өкілдері де бар», - деді Е.Қарин.

Сонымен қатар,  «Жер комиссиясы»  секілді диалог алаңдарынан қандай айырмашылығы бар екенін атап өтті.

«Кейбір сарапшылар, әлеуметтік желі белсенділері осыны айтып жүр. Оны мен де байқадым. Бұрындары құрылған диалог алаңдарымен салыстыратындар бар. Бұл дұрыс емес. Ол диалог алаңдары нақты бір мәселе бойынша уақытша құрылған. Жер комиссиясы – жер туралы заңға өзгеріс енгізуді талқылады. Ал Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі жалпыұлттық мәселелермен айналысады. Бұл тұрақты түрде жұмыс істейтін консультативтік орган. Президентке үнемі қоғамды алаңдататын мәселелерді ескеруге, тікелей диалог өткізуге, қоғам өкілдерімен пікір алмасып, тиісті бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Негізі үлкен пленарлық жиналыстар президенттің өз қатысуымен өтеді. Ал жұмыс топтарының мәжілістерінде тек мүшелер болады. Бұл тұрақты орган емес. Сондықтан ешқандай айлық төленбейді. Қоғамдық жұмыс. Қаржы республикалық бюджеттен бөлінеді. Бірақ көп емес», - деді ол.

Сондай-ақ,  Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамына енген қоғам қайраткері Мұрат Әбенов кеңестің алдағы жұмысы жайлы айтты.

«Кеңестің құрылуын, оның қажеттілігін, бәрін түсініп отырмыз. Мен жаңа ғана шыққан құжаттың ішіндегі тізімді қарап шықтым. Маған ұнап тұрғаны, әртүрлі саланың, әртүрлі саяси партиялардың өкілдері бар. Менің бұл жерде анда-санда, екі-үш айда бір рет тек ресми жиын есебінде емес, нақты әр кезде қоғамдағы ең өзекті проблемаларды көтеріп, соны шешуге тырысатын бір жақсы кеңес болады деп ойлаймын. Маған тағы бір ұнайтыны, осы кеңестің жұмыс төңірегінде тек қана саяси мәселелер емес, әлеуметтік проблемалар, мемлекеттік бағдарламалар сараптап, қаралады. Оларға ұсыныс беріп, егер кемшіліктер болса, бірден айтып, ушықтыруға, проблеманың күшейіп кетуіне жол бермей, кезінде тоқтатып, кезінде дұрыс өзгерістер жасауға мүмкіншілік береді деп ойлаймын», - деді Әбенов.

Қоғам қайраткері айтып өткендей, бүгінгі күні азаматтар өте белсенді.

Бірақ, өкінішке қарай, барлық кезде мемлекеттік органдардың басшыларымен тікелей байланыс жасауға мүмкіндік бола бермейді. 

«Бір министрлік ашық, жария түрде жұмыс істейді, пікірін ашық айтады және алдын ала ақылдасады. Кейбір мемлекеттік органдардың басшылары жабық түрде жұмыс істейді. Мен осы кеңестің құрамы және кеңестің берген өкілеттілігін пайдаланып, кеңес мүшелері өз жауапкершілігін түсініп, әрқайсысы өз саласы бойынша жұмыс жасайды деп ойлаймын. Мен мысалы, білім саласы бойынша, біраз әлеуметтік сала бойынша, жастардың проблемасы бар, медицинаны біз көп көтереміз, соларды шешуге атсалысамын», - деді ол.

Сондай-ақ, М.Әбенов кеңесте көп өзекті мәселе талқыланып, шешімі шығатынына сенім білдірді.  

«Мәселелер көп, бірақ кейбір кезде оны кімге жеткізерімізді білмейміз немесе тек қана әлеуметтік желі, интернетте көтеріп жатамыз. Ал енді бұндай жақсы құрал ретінде осы кеңестің мүмкіншілігін пайдаланып, көп мәселелерді тиімді шешуге атсалысамыз деп ойлаймын. Мен өз тарапымнан жауапершілікті алып жүріп, тиімді қызмет атқаруға  дайынмын», - деді Мұрат Әбенов.

Кеңес  құрамына енген қоғам қайраткері Жәнібек Қожық алдағы атқаратын жұмыстары туралы айтты.  

«Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі билік пен халық арасындағы алтын көпір болады деп сенемін. Үміт  көп. Кеңеске кіргеннен кейін мемлекетке де, халыққа да мәселелерді, ірі жобаларды ұсынып, талқылап, жеткіземіз. Көптеген ұсыныстарға атсалысамыз деп ойлаймыз. Бәрін уақыт көрсетеді. Ең бастысы мемлекетіміз де өзгелермен терезесі тең болса, өркениет көшінен қалмасақ деген ниет. Қолымыздан келгенше атсалысамыз», - деп айтты қоғам қайраткері. 

Өз кезегінде  Мұхтар Тайжан кеңестің жұмысына қатысты пікірімен бөлісті.

«Мен өз басым бұрыннан айтып келе жатырмын, билік пен қоғам арасында диалог құрылатын жиын болуы тиіс. Мұндай тұрақты түрде жұмыс істейтін жиын қажет деп білемін. Менің мақсатым – мемлекетіміз болашақта өркениетті, құқықтық, демократиялық, шынайы нарықтық мемлекетке айналуы керек. Біз ұрпағымызға өркениетті елді қалдырып кетуіміз керек. Осы жиынның жұмысы аталған мақсатта басты қадам болады деп үміттенемін», - деді қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт  Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ережесі мен құрамын бекіткен болатын.

Аягөз Құрмаш

Материалдарды t.me/strategykz telegram аккаунтынан оқи аласыздар.




Яндекс.Метрика