Өңірлер

Өңірлерді әлеуметтік-экономикалық дамыту қалай жүзеге асырылуда

Мәжіліс депутаттары өңірлерді аралау кезінде бірқатар нысандарды аралап, кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Мәселен, Мәжіліс депутаты Әлия Сапарова Атырау облысының Исатай ауданындағы Жаңбай ауылында тұрғындармен кездесуде халықтың әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін талқылады.
Нұр-Сұлтан17 Шілде , 09:50

Сондай-ақ, депутат Атырау облысына қарасты Мақат ауданына барып, кәсіпорындар мен мекемелердің жұмысшыларымен кездесіп, жастармен әңгімелесіп, азаматтармен қоғамдық қабылдау өткізді. 

Жанбай ауылындағы кездесуде халық қалаулысы өзінің депутаттық қызметі мен Палатаның заңшығарушылық қызметі туралы әңгімеледі. Одан әрі азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін Парламент қабылдаған заңдар туралы айтты. 

Іс-шара соңында Ә.Сапарова қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, тұрғындарды толғандырған мәселерлерді назарына алды.   

Сондай-ақ, Шымкент қаласында жұмыс сапарымен жүрген Мәжіліс депутаты, «Nur Otan» партиясы фракция мүшесі Нұржан Әлтаев бірқатар кездесулер өткізді.

Депутат «Continental Logistics Shymkent» көлік логистикалық орталығының жұмысымен танысып, ұжымымен кездесті.

2017 жылдың желтоқсан айында іске қосылған А+ санатындағы «Continental Logistics Shymkent» кешенінің бүгінгі жұмысы қарқынды түрде жүргізілуде. Мұнда құрғақ және климаттық қоймалардан бөлек контейнерлік терминал, кедендік ресімдеу аймағы мен ілеспелі құрылымдары бар. 

Батыс Европа — Батыс Қытай көлік магистраліне және әуежайға жақын орналасқан «Continental Logitics Shymkent» жаңа көліктік-логистикалық орталығында тікелей теміржол желісі де қарастырылған. Мұндағы мамандар маркетинг пен менеджментті кеңінен қолдана отырып кешеннің мүмкіндіктерін толық пайдалануға кіріскен.  

Көлік-логистикалық орталығы біздің ауыл шаруашылығының көптеген мәселелерін шешетін маңызды жобаның бірі.

«Біздегі көптеген фермерлердің, солардың өздерінің продукциясын қалаларға шығару үшін логистикалық орталық, қоймалар қажет.  Қазіргі таңда ауылшаруашылық өнімдерінің бағасының өсіп жатқаны осындай қоймалардың жоқтығынан. Бірақ,  қазір бұл үлкен жобаның іске асып жатқанына өте қуаныштымын. 93 гектар аумақта орналасқан нысан тауарды жинау және сақтауға бағытталған орталықтың негізгі артықшылығы – нысанның қолайлы жерде орналасуында. Осында сақталатын отандық өнімдер жергілікті сауда орталықтарына жеткізіліп жатыр. Сондай-ақ, тағы бір жоба логистикалық орталықтың жанынан 200 гектар аумағында агро-индустриалды орталық салынайын деп жатыр. Ол жерде фермерлердің келген тауарларын  өңдеп, қоймаларда сақталады. Осы жобаларды жүзеге асыру үшін ары қарайда жұмысты атқаратын боламыз», - дейді мамандар.

Орталықта бүгінде Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Ресейден келіп жатқан транзиттік жүктер сақталады және кедендік рәсімдеуден өтеді. Әрқайсысының аумағы 10 мың 300 шаршы метр болатын екі қойма жұмыс істейді.

Қоймалар халықаралық деңгейдегі «А» санатының талаптарына сай. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынасты жақсарту үшін енді екі ел арасында логистикалық бірлескен кәсіпорын құру жоспарда бар. 

Сонымен   қатар,  мәжіліс депутаттары   А. Смағұлов  пен  Н.Жұмаділдаева аймақтарда сайлаушылармен кездесті.

Тұрғындармен кездесулер барысында депутаттар азаматтардың өзекті мәселелерін талқылап, өздерінің заң шығарушылық жұмысы туралы, Парламенттің төртінші сессиядағы Мәжілістің қызметі туралы әңгімеледі.

Осындай шаралардың бірі Қарағандыда өтті. Халық қалаулылары Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Академиясында аймақтағы құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен кездесті. 

Кездесуде Мемлекет Басшысының он тапсырмасы мен еліміздің экономикалық және әлеуметтік саясаты туралы айтылды. 

Іс-шара соңында депутаттар жиналысқа қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, өзара пікір алмасты. 

Оған қоса, Мәжіліс депутаттары М.Магеррамов және Н.Микаелян Қостанай облысының Рудный қаласында сайлаушылармен кездесті.

Депутаттар әкімдікте прокуратура, сот, полиция, өрт сөндірушілер мен басқа да салалар өкілдерімен кездесіп, облыстың әлеуметтік нысандарын аралап, этномәдени орталықтарға барды.

Осы күні Мәжіліс депутаты Т.Сыздықов арнайы әлеуметтік қызметтер сапасына байланысты Ақмола облысының Бурабай ауданында кездесу өткізді. Щучинск қаласындағы арнайы әлеуметтік қызметтер орталығына барған депутат ондағы қызмет көрсету сапасымен, жабдықтармен және қызметкерлері мен келушілермен танысты.

Сондай-ақ, депутат орталықтан қызмет алушы мүгедектер мен қарттармен кездесіп, олардың өмірі мен тұрмысы туралы сұрады. Орталық ұжымы биылдан бастап қызметкерлердің жалақысы ұлғайтылғанын айтып, бірқатар мәселелерді атап өтті. Олар ұжымдағы медбикелер мен күтушілердің емделу жәрдемақысын алмайтыны.

Осыған байланысты, мәжілісмен құзіретті органдардың назарын аудару үшін қолдан келгенше жағдай жасайтынын жеткізді. Одан әрі депутат Т. Сыздықов Көкшетау тігін фабрикасының қызметкерлерімен кездесіп, заманауи технологиямен, цифрлы жүйемен жабдықталған зауыт жұмысымен танысты.

Зауыт қызметкерлері әлемдік деңгейдегі киімдерді тігуге қабілетті екендіктерін айтып, дегенмен білікті мамандардың жетіспеушілігінен, компания клиенттерді жоғалтатынына тоқталды. Зауыт ұжымымен кездескеннен кейін депутат компания басшылығымен бұл мәселенінің шешу нұсқаларын талдап, оған Үкіметке ұсынуға болатын ұсыныстарын ұсынды.

Ал, Батыс Қазақстан облысында жұмыс сапарымен жүрген Мәжіліс депутаттары Қанат Мусин, Шавхат Өтемісов облыстың Зашаған кентіндегі «Нұрлы жер»  бағдарламасы бойынша салынып жатқан 9 қабатты үйдің құрылысымен танысты. 

«Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасының негізгі мақсаты халық үшін тұрғын үйдің қолжетiмдiлiгiн арттыру болып табылады. 

«Жалпы, Орал-Саратов трассасы бойында бекітілген құжатқа сәйкес 9 үй салу жоспарлануда.  Оның бүгінгі танда 7  салынып жатыр, яғни осы жылы 774 пəтер қолданысқа беріледі. Аталмыш үйлерден басқа осы жылдың төртінші тоқсанында Зашаған кентінде кезекте тұрған әлеуметтік осал топтарға арналған құрылыс нысанын тапсырысқа беру жоспарда бар», - деді облыстық құрылыс басқармасының басшысы Əлібек Антазиев.

Осы ретте, Мәжіліс депутаты Шавхат Өтемісов «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында қазіргі танда елімізде мыңдаған пәтер салынып, халқымыздың тұрғын үйге қолдарын жеткізіп жатқанын, сонымен қатар, бүгінгі күні мемлекет тарапынан көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстарына басты назар аударылып жатқанына ерекше назар аударды. 

Аягөз Құрмаш 

Материалдарды t.me/strategykz telegram аккаунтынан оқи аласыздар.




Яндекс.Метрика