Жаңа бағыттың экономикалық саясаты

«Қарапайым заттар экономикасы» бойынша 2 мың жұмыс орны құрылады

«Қарапайым заттар экономикасы» жобалары бойынша осы уақытқа дейін 41 млрд теңгенің 92 жобасы мақұлданып үлгерген. Соның ішінде 280 млрд теңгеден астам қаржыға 166 жоба банктерде қаралып жатыр. Ал, жалпы Жобалау кеңсесінің жұмысында 1 триллион теңгеден асатын сомаға 1500-ге жуық жоба бар, бұл елдегі барлық әлеуетті қатысушылардың шамамен 30% -ын құрайтын көрінеді. ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында халық тұтынатын тауарлардың отандық өндірісін арттыру бойынша міндеттерін орындау және экономиканы әртараптандыру бойынша «қарапайым заттар экономикасын» дамыту мәселелері талқыланды.
Нұр-Сұлтан09 Шілде , 17:32

Әдетте, қарапайым заттар экономикасына  шағын және орта бизнес өнімдері, оның ішінде тұтынушылық тауарлар, жеңіл өнеркәсіп, жиһаз өнеркәсібі және т.б. жатады. Бұл бойынша бизнестің жоғары белсенділігі Ақмола, Маңғыстау, Павлодар облыстарында және Алматы қаласында байқалды.

Несие беруді жеңілдікпен жүзеге асыру бойынша Жобалық кеңсе жұмысы, «қарапайым заттар экономикасы» тауарларын сатып алуда жергілікті үлесті арттыру бойынша шаралар туралы ҚР Премьер-Министрінің Орынбасары Ж. Қасымбек, «Атамекен» ҚР ҰКП төрағасы А. Мырзахметов баяндады. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А. Көлгінов пен Атырау облысының әкімі Н. Ноғаев тыңдалды. 

«Қарапайым заттар экономикасын» дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарының ашылуына септігі тиіп, шағын және орта бизнесті дамыту, халықты жұмыспен қамтамасыз ету мәселелерін оңтайлы шешуге мүмкіндігіміз туады. Осы аталғандардың бәрі жалпы мемлекетіміздің экономикасына елеулі оң әсерін тигізіп, аталмыш саланы оңтайлы дамыту бағдарламасы кәсіпкерлікті қолға алып, әрі қарай жетілдірудің және жұмыспен қамтамасыз етудің маңызды құралы болып табылады. Жобалардың бәрі өңірлерде іске асырылатын болады және барлық облыстағы әкімдер бағдарламаны іске асыруға белсене атсалысып, жаңа жобаларды ұсынуы, тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізуі керек», - деді ҚР Премьер министрі Асқар Мамин.

Жобалық кеңсе жұмысында «қарапайым заттар экономикасының» 1 трлн теңгеден астам сомаға 1500-ден астам жобасы бар.  

««Қарапайым заттар экономикасы» бизнес жобалары бойынша белсенді аумақтарымыздың қатарында Ақмола, Маңғыстау, Павлодар, Қызылорда облыстары бар. Енді осыдан басқа облыстар үлгі алу керек. Атырау, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстары, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдеріне халық тұтынатын тауарлар өндірісін ұлғайту бойынша жұмыстарды күшейту, оның ішінде шығарылатын өнім көлемі мен құнына баса назар аудару мәселелері жүктелді», - деді Қазақстан республикасының премьер-министрі Асқар Мамин.  

ҚР Үкіметінің басшысы Асқар Мамин бизнес-қоғамдастық пен мемлекеттік органдардың ұсыныстарын ескере келе, «қарапайым заттар экономикасы» жобаларын дамыту үшін жеңілдікті несиелендіру шарттары өзгертілгенін мәлімдеді.

«Бизнес-қоғамдастық пен мемлекеттік органдардың ұсыныстарын ескере отырып, «қарапайым заттар экономикасы» жобаларын дамыту үшін жеңілдікті қаржыландыру шарттары өзгертілгенін жеткіземін. Оның ішінде, пайыздық мөлшерлемесі 6 пайызға дейін төмендетілді және қарызды төлеудің жеңілдікті кезеңі енгізіліп, шығарылатын өнімнің 45 жаңа түрі қосылды. Қабылданған шаралар біршама компанияларға жеңілдікті қаржыландыру мүмкіндігін беріп, әрі қарай алаңсыз жұмысын істеуге жағдай жасайды», - деді ҚР премьер-министрі.

Осы жұмыстарды одан әрі белсенді жүзеге асыру мақсатында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин ауыл шаруашылығы өнеркәсібі кешенінің жобаларының айналым қаражатын толықтыру үшін тиісті мекемеге субсидияларды ұлғайтуға қаражат бөлу мәселесін қарастыруды тапсырды. 

Бұдан басқа, орталық және жергілікті атқарушы органдар, басқарушы холдингтерге «қарапайым заттар экономикасының» сатып алынатын отандық тауарлары мен қызметтерінде жергілікті қамту үлесін ұлғайту бойынша КРI-ға қол жеткізуді қамтамасыз ету тапсырылды. 

Бұл сала бойынша тиісті мекеменің жетекшісі, яғни Премьер-Министрдің Орынбасары Ж. Қасымбек «қарапайым заттар экономикасы» салаларын дамыту Жобалау кеңсесінің жұмысы және Жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасы туралы баяндап берді. 

«Осы уақытқа дейін, яғни 4 шілдедегі жағдай бойынша, Жобалау кеңсесінің қарауында 1 трлн теңгеден асатын сомаға 1500-ге жуық жоба түр. Бұл дегеніміз,  елдегі барлық әлеуетті қатысушылардың шамамен 30 пайызын құрайды. 1500 жобаның ішінде 41 млрд теңгені құрайтын 92 жоба мақұлданып үлгерді және сонмен бірге 280 млрд теңгеден астам сомаға бағаланған 166 жоба банктерде қаралуында жатыр», - дейді Жеңіс Қасымбек.

Оның айтуынша, бағдарламаны тиімді іске асыруға кепілдік базасының жетіспеушілігіне кепілдікті қамтамасыз етумен қатар айналым қаражатын қаржыландыруды ұлғайту және несиелендіруге арналған жаңа өнімдерді (құс еті, мақта талшықтары) енгізуді көздейтін бірінші түзетулер ықпалын тигізетін көрінеді. 

Несиеленген жобалардың арасында атап айтқанда, тек соңғы айда мақұлданған жобалар саны 2 есеге артқан. Тамақ, қызметтер, агроөнеркәсіп кешені және жеңіл өнеркәсіп салалары негізгі несиеленген жобалар болып саналады. 

Министрдің мәліметінше, мақұлданған 92 жобаның 29-ы жаңа өндірістерді құруды, 63-і қолданыстағы өндірісті кеңейтуді көздейді. Үкіметтің түзетулердің екінші пакеті бойынша қаулысы 28 маусымда қабылданды.

«Аталған жобаларды іске асыру шамамен 2 мыңға жуық жұмыс орнын құрып, салық түсімдерін 6,6 млрд теңгеге ұлғайтуға мүмкіндік береді. 28 маусымда қабылданған Үкіметтің түзетулердің екінші пакеті бойынша қаулысы 162 млрд теңге сомаға 440-ға жуық бизнес-жобаларды қолдауға мүмкіндік береді. Бұл жобаларды жүзеге асырудан 5 мыңнан астам жұмыс орнын құру және  табыс төлемдерінен түсімдерді 3,5 млрд теңге сомасына ұлғайту мүмкіндігі бар», — деді премьер-министрдің орынбасары. 

Мәлімет бойынша, тиісті бизнес өкілдерінің бұл бағдарламаға жаппай қатысуын қамтамасыз ету үшін барлық 17 облыста кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарының негізінде несие бойынша кеңес беру қызметі құрылды, сондай-ақ жергілікті жобалау кеңселерінің құрамына тең төрағалары ретінде облыс әкімдердің орынбасарлары кірді. 

Жобалау кеңсесі негізінде өңірлер, бизнес және банктер белсенді қолдау көрсеткен тиісті ұсыныстар әзірленген көрінеді. Олардың қатарында — агроөнеркәсіптік кешен жобаларын іске асыру үшін айналым капиталын несиелендіру субсидиясының көлемін ұлғайту бар, бұл сомасы 12 млрд теңгені құрайтын 87 жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік туғызады.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының басқарма төрағасы Асқар Мырзахметов өз кезегінде «қарапайым заттар экономикасы» тауарларын мемлекеттік сатып алулар кезінде отандық тауар өндірушілерді қолдау шаралары туралы айтып беріп, ол биыл барлық өңірлерде «қарапайым заттар экономикасы» тауарлары мен қызметтерін сатып алуларда жергілікті қамту үлесі 20%-ға артатынын жеткізді.

«Биыл барлық өңірлерде «қарапайым заттар экономикасы» тауарлары мен қызметтерін сатып алуларда жергілікті қамту үлесі 20%-ға артады. Барлық облыстарда әкімдердің орынбасарларының төрағалығымен жергілікті қамтуды бақылау жөніндегі Комиссия құрылмақшы. Апта сайын осы комиссиялар отырыстары өткізіп отырады», — деп нақтылады А. Мырзахметов. 

«Қарапайым заттар экономикасының» тағы бір саласы – жиһаз өнеркәсібі. Ол бойынша тағы бір қолдау шарасы — индустриялық сертификат иегерлері арасында алдын-ала біліктілік іріктеуі тәсілімен жеңіл және жиһаз өнеркәсібі тауарларын сатып алу белгіленген. 

Оның сөзіне қарағанда, «Қарапайым заттар экономикасы» жобалары бойынша бизнестің жоғары белсенділігі еліміздегі үш-ақ облысында және Алматы қаласында ғана байқалып отырғандықтан басқа да облыстар мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімдеріне бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту қажеттігі тапсырылды. Сала бойынша тек соңғы айда ғана мақұлданған жобалар саны екі есеге артқан. Негізгі несиеленген жобалар 6,6 миллиард теңгеге азық-түлік өнімдерін, 11,1 миллиард теңгеге қызмет көрсету саласы, 4,2 миллиард теңгеге агроөнеркәсіптік кешен және 2,7 миллиард теңгеге жеңіл өнеркәсіп саласы қамтылған. Осы жобаларды іске асыру мақсатында шамамен 2 мың жұмыс орнының құрылуы көзделуде.

Айдана Абдрахманова

Барлық материалдарды t.me/strategykz telegram аккаунтынан оқи аласыздар.

 

 




Яндекс.Метрика