Инвестициялар

Тоқаев шетелдік инвесторлар мен Үкіметтің басын қосып «Адам капиталын дамыту» мәселелерін талқылады

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Тәуелсіздік сарайында Шетелдік инвесторлар кеңесінің 32-ші пленарлық отырысы өтті. Жалпы саны 300-ге жуық шетелдік қаржылық ұйым өкілдері, мемлекеттік органдардың, ұлттық және трансұлттық компаниялардың басшысы қатысқан ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің пленарлық отырысының тақырыбы «Адам капиталын дамыту» деп аталды.
Нұр-Сұлтан05 Шілде , 12:28

Еске сала кетейік, Кеңестің құрамына 32 ірі трансұлттық шетелдік компаниялар және халықаралық ұйымдар мен 5 шетелдік бақылаушы, сондай-ақ Қазақстан үкіметінің мүшелері, «Бәйтерек» ұлттық холдингі және «Атамекен» басшылары кіреді.  

Кеңес барысында өткен 31-ші пленарлық отырысының хаттамалық тапсырмаларын орындау туралы есеп,  инвестициялық саясатты, энергетиканы, қоршаған ортаны және мұнай-газ саласын, еңбек заңнамасын, адами капиталды дамытуды және шетелдік жұмыс күшін тартуға қатысты шетелдік тараптың ұсынымдары мәселелері қаралды.

Еуропа қайта құру және даму банкінің басшысы сэр Сума Чакрабарти, Еуропа қайта құру және даму банкінің Қазақстан бойынша директоры, «Шетелдік инвесторлардың қазақстандық кеңесі» қауымдастығының басқарма төрағасы Агрис Прейманис, Royal Dutch Shell plc трансұлттық компаниясының бас атқарушы директоры Бен Ван Беурден, Polpharma компаниясы бақылаушы кеңесінің президенті Ежи Старак, Baker Hughes, a GE company  бас атқарушы директоры  Лоренцо Симонелли, Eurasian Resources Group директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич, Baker  McKenzie  International компаниясы төрағасының орынбасары Констанца Ульмер-Айлфорта, «Дойче банк» компаниясының Орталық және Шығыс Еуропа бойынша аймақтың басқармасының атқарушы директоры   Йорга Бонгартца, METRO AG атқарушы директоры Филиппа, Petro China Company Limited Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясының вице-президенті Хо Цзицзюнь сондай-ақ ҚР Сырты істер министрі Бейбіт Атамқұлов, Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов, ҚР Білім және ғылым минристрі Асхат Аймағамбетов, қатысып, баяндамаларын оқыды.

Қазақстанда 2018 жылы шетелдік инвестиция ағыны 24,50 млрд доллар болды

Қазақстан шетелдік инвесторлар ағынын қолдайтынын атап өткен ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы шетелдік инвестиция ағыны 24,50 млрд доллар болғанын, 2017 жылмен салыстырғанда 60 пайызға артқанын, оның бәрі ұжымдық жұмыстар күшінің арқасында екенін жеткізп, қазіргі маңызды мәселе – адам капиталын дамыту екенін атап өтті.

«Дегенмен қазіргі таңда алдымызда көптеген қиындықтар тұр. Ең алдымен еңбек нарығының трансформациясы – әлемдегі бірден бір мегатренд. Ол өзімен бірге білім беру, оқу, әлеуметтік қорғау жүйесіне айтарлықтай ықпал етеді. Сондықтан бүгінгі отырысымызда адам капиталын даму мәселелелерін қарастырамыз.  Осыған байланысты сарапшылар мен практиктердің аталған мәселе бойынша шешімдерін тыңдағымыз келеді», - ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев.

Еуропа қайта құру және даму банкі Қазақстанға 9 млрд доллардан аса инвестиция құйды


Президенттен кейін сөз алған Еуропа қайта құру және даму банкінің басшысы сэр Сума Чакрабарти Шетелдік инвесторлар кеңесінің 32-ші пленарлық отырысына келгендерге алғысын білдіріп, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен алғаш рет кездесіп отырғанын атап өтті. Ол Қазақстанның экономикалық дамуына атсалысуға Еуропа қайта құру және даму банкінің әзір екендігін де қоса кетті.


 

«Жаңа президентке сәттілік тілеймін. Бүгін таңертең Қазақстан президентімен алғаш рет кездесіп, Қазақстанның стратегиялық бағыты туралы және оның барысында мен жұмыс істейтін Еуропа қайта құру және даму банкінің рөлін талқыладық. Біздің банк Қазақстан экономикасына 9 млрд доллардан астам инвестиция құйды. Ал, биыл біздің тараптан Қазақстанға құйылған инвестиция көлемі 450 млн доллардан асты», - деді ҚР президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 32-ші пленарлық отырысында Еуропа қайта құру және даму банкінің басшысы сэр Чакрабарти.

Банк Қазақстанда шетелдік инвесторлар кеңесі құрылғанға дейін, ел тәуелсіздік алған күннен бастап жұмыс істеп келе жатқанын, қаржылық ұйым өз үлесін тек сан жағынан емес, сапа жағынан да есептеп, осы жылы жаңартылған энергия көздеріне байланысты 3 жобаның келісімшартына қол қойылғанын айтты. Жобалардың жалпы құны 375 млн долларға жеткен. Экономиканың дамуы адам ресурсынан тыс іске аспайды. Осы орайда ол Қазақстан алдағы онжылдықта басым беруі тиіс 3 бағытты атады.

«Болашақта Қазақстан экономикасында орта деңгейдегі білікті мамандықтардың азаюын және еңбек ресурстарының ескіруі мүмкін. Осылайша, мемлекет алдында бірнеше міндет тұрады. Бірінші, мүмкіндіктер теңсіздігін азайту, әсіресе әйелдермен байланысты салаларды қарастыру керек. Екінші, жұмысшылардың орнын сақтап, олардың біліктілігін арттыруға көмектескен жөн. Себебі олардың жұмыс өтілі өткен онжылдыққа қарағанда ұзағырақ болады жне үшінші, қалалық орталықтарда жасыл инфрақұрылымды дамыту. Бұл өнімділікті арттырып, айтарлықтай экономикалық жылдамдықпен өзгеретін болады. Осы 3 бағыт бойынша жұмыстың қарқынды жүріп жатқанын білемін. Оған Еуропа қайта құру және даму банкі қатысып жатқанын айту керек. Біз осы жұмысты Қазақстанмен жалғастырамыз деп ойлаймыз», - деді Сума Чакрабарти.

Қазақстан әйелдер мен ерлердің теңсіздігі жағынан 60-орында тұр

Baker  McKenzie  International компаниясы төрағасының орынбасары Констанца Ульмер-Айлфорта Қазақстан экономикасында әйелдердің экономикалық әлеуетін арттыру туралы айтты. Ол сондай-ақ, қазақ тарихындағы ұлы философ Абай Құнанбайұлының әжесі мен шешесін мысалға келтіріп, олардың да ұстанымы әу баста әйелдер мен ерлердің тең құқықты білім алғанын қолдағанын еске салды.
 
 
 

«Дүниежүзілік экономикалық форумның 2018 жылы жариялаған гендерлік теңсіздіктің жаһандық индексінде Қазақстан әйелдер мен ерлердің теңсіздігі жағынан 150 елдің ішінде 60-орында тұр. Ел экономикасының дамуына үлес қосуда әйелдер ерлермен теңесу керек. Әйелдердің ел экономикасындағы үлесінің артуы – мемлекеттің жалпы ішкі өнімінің өсіміне және экономиканы диверсификациялауға мүмкіндік береді. Осы тұста  инвесторлар көзімен қарасақ, білімді, білікті, түрлі типтегі жұмысқа қабілетті тұрғындардың болуына сеп болады. Бұл өз кезегінде Қазақстандағы инвестициялық климатқа әсер етеді. Соңғы 10 жылда Қазақстанда білім алатын барлық студенттің 57% қыздар болды. Бірақ, статистика бойынша жұмыс істейтіндердің көбі ерлер. «Самұрық-Қазына» компаниясы мен оған қарасты 20 ұйымның қызметкерлерінің басым бөлігі ер адам және әйелдердің үлесі Қазақстан парламентінде де аз болып шықты. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры»  мен оның құрамындағы 20  ұйымда, тіпті Парламент пен Үкіметте де ерлер мен әйелдер арасында теңсіздік бар. Әйелдерге үйден жұмыс істеуге және жұмыс кестесін ыңғайлы қылып беру мүмкіндігін жасау керек», - деді ол.

Еңбек нарығының трансформациясы

Polpharma Group компаниясының бақылау кеңесінің төрағасы Ежи Старак компанияның Қазақстандағы жаңа бастамалары туралы айтты.

«Біз Қазақстанның «Қазақстанның цифрлық индустриясы 4-0» бағдарламасы бойынша фармацевтикалық модельді фабрикалар ішіндегі алғашқы және жалғызбыз. Біз биыл Шымкентте инженерлік оқу орталығына жаңа жаңа бастама қостық. Бұл орталық өндірістік процестерге арналған тренажерлармен жабдықталған. Қосалқы бөлшектерді ұсыну мәселелерін жедел шешу үшін үш өлшемді принтерлермен қамтылған және біз өз қызметкерлерімізді және студенттерді өз біліктіліктерін үнемі жетілдіру үшін оқытуды кеңейтеміз. Біз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2019 жылға дейін еңбек нарығында жұмыс істей алатын жастарды құру туралы тапсырмаларын толық қолдаймыз», - деді Polpharma Group компаниясының бақылау кеңесінің төрағасы Ежи Старак.

Одан кейін сөз алған бірқатар трансұлттық компаниялардың басшылары мен жетекшілері әрі еліміздің министрлері, Жоғары сот төрағасы өз саласына қатысты жетістіктер мен тақырыпқа байланысты ұсыныстарымен бөлісті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда адами капиталын дамыту мәселелеріне жеке тоқталып, қазіргі кезеңде маман әзірлеу жүйелерінің сапасын жаңа деңгейге көтеру, кадр дайындау сапасы мен еңбек нарығындағы сұраныстың арасындағы алшақтықты қысқартудың басты міндет екенін алға тартты.

«Бұл міндеттерді жүзеге асыру үшін кәсіби техникалық білім беру жүйесін жаңғырту, жоғары білім берудің кәсіпорындармен, бизнеспен байланысын күшейту қажет. Ал, жоғары білім беру жүйесін жетілдіріп, шетелдік жоғары оқу орындармен академиялық байланыс орнатуға Шетелдік инвесторлар кеңесі өз үлесін қоса алады. Кез келген компанияның басты байлығы – адам болғандықтан кәсіпорынның кіріс мөлшеріне қарай қызметкерлерге сыйақыларды әділ үлестіру маңызды. Бұл – әлеуметтік жауапкершіліктің негізгі кілті және отандық кәсіпорындарға да, шетелдіктер қатысқан компанияларға да қатысты. Ұлттық табыстың әділ бөлінуі – әр мемлекеттің негізгі міндеті болып табылады», - деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Үкімет білім беруді және ғылымды дамытуға бағытталған жаңа Мемлекеттік бағдарлама әзірлеп жатыр және ол жұртшылықпен, жұмыс берушілермен және инвесторлармен кеңінен талқылануы тиіс.

Президент ұсынысы бойынша келесі пленарлық отырыс шикізаттық емес экспортты дамыту тақырыбына арналады.

Айдана Абдрахманова

Барлық материалдарды t.me/strategykz telegram аккаунтынан оқи аласыздар.




Яндекс.Метрика