Басқару

Жарылыстан кейінгі 7-күн: Арыстың бүгінгі жағдайы қандай?

Бір апта бұрын, яғни 24 маусымда Арыс қаласының әскери базасында сақталған қару-жарақтар жарылып, қала тұрғындары түгелдей көшірілді. Апат салдарынан 3 адам қайтыс болып, 21 тұрғын үй толықтай өртеніп кетті. Күні кеше Премьер-министр Асқар Мамин Арыста тұратын әрбір тұрғынға, яғни 44 781 азаматқа Үкіметтен 100 мың теңгеден берілетінін, қала 1 ай көлемінде толық жөндеуден өтіп, арыстық кәсіпкерлерге 1 пайызбен 5 миллион теңгеге дейін жеңілдетілген несие берілетін жеткізді. Сонымен қатар, Арыс қаласында жаңа аурухана салынып, 4 мыңнан астам бала жазғы демалысқа барады. Ал, қаладағы әскери арсенал 2 аптада басқа аймаққа көшірілетіні жөнінде шешім қабылданды
Түркістан облысы01 Шілде , 17:58

Арыстықтарға келген көмек 270 тоннаға жуықтады

Арыс тұрғындарына келген көмек 270 тоннаға жуықтап қалды, деген ақпарат берді Түркістан облысының баспасөз қызметі. Апаттан зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында Қазақстанның түкпір-түкпірінде «Арыс, біз біргеміз!» атты акция ұйымдастырылып, арыстықтарға гуманитарлық көмек жіберілуде. Осы уақытқа дейін Қарағанды, Жамбыл, Қызылорда, Ақтөбе, БҚО, СҚО, Павлодар, Қостанай, Алматы облыстары мен Алматы және Шымкент қалаларынан Арыс тұрғындарына 269 тонна қажетті азық-түлік өнімдері, киім-кешек, гигиеналық заттар жиналса, соның 198 тоннасы тұрғындарға берілді.
 

«Арыстағы төтенше жағдайға байланысты «Түркістан»корпоративтік әлеуметтік даму қорына түскен қаржы көлемі 1 млрд. теңгеден асты. Қор әлі де шотта жинақталып, арнайы комиссия арқылы тұрғындарға берілетін болады. Гуманитарлық көмектің 70 тоннасы бүгін таратылады. Сондай-ақ бүгін қосымша Арысқа қарай 10 жүк көлігі келе жатыр», - деген ақпарат берді Түркістан облысы баспасөз қызметі.

Облыстың баспасөз қызметі қалада жөндеу және құрлыс жұмыстары аяқталғанша арыстықтардың уақытша қоныстанатын орын сайланғаны туралы мәлімет берді.

«Қаладағы Ережепбай Молдабаев атындағы орта мектепте тұрғындар уақытша қоныстанатын  800 орын дайындалған.  Мұнда жарылыс кесірінен үйлері толық бұзылған және жарамсыз күйге түскен тұрғындар орналасады.  Бұл орталықта қоныстанушылар 3 мезгіл тамақпен және жатын орындармен қамтылған екен.  Балаларға арналған ойын алаңдары да қарастырылған. Ал жарылыстан зақым келген үйлер толық жөнделген соң тұрғындар өз шаңырақтарына қайта оралады»,  - деді Түркістан облысының баспасөз қызметі.

Арыстағы 7700-ден астам тұрғын үй толық жөндеуден өтеді

Түркістан облысы әкімдігінің берген мәлімет бойынша, Арыстағы жарылыстан толықтай өртенген үйлер саны - 21. Бұл жеке үйлерде 28 отбасы өмір сүрген. Қазіргі таңда күлі қалған үйлердің орнына жаңадан баспана салынып, оған дейін үй иелері уақытша орынға жайғасты.

«Жалпы Арыс қаласында 7700-ден астам үй бар. Олардың көбінің шатыры, есік-терезелері жарылыстан зардап шеккен. Айта кетейік, арыстықтарға құрылыс-жөндеу жұмыстарына көмек беру үшін еліміздің 16 облысынан және Нұр-Сұлтан қаласынан 170  арнайы бригада келеді. Әр облыс қалада бөлінген секторлар бойынша жұмыс ауқымын бөліп алып, ертеңнен бастап жөндеу жұмыстарына кіріседі. Құрылыс жұмыстары 1 айдың ішінде толық бітеді», - деді облыстың баспасөз қызметі.

Сондай-ақ жеке құрлыс компаниялары да Арыстағы үйлерді қалпына келтіруге атсалысатындықтарын да мәлімдеген. Мәселен, BI Group құрлыс компаниясы Арыстағы жарылыстан қираған үйлерді жөндеуге 100 миллион теңге бөлді.  Бұл туралы компания басшысы Айдын Рақымбаев әлеуметтік желіде жазған болатын.

 «Біздің құрылысшылар командасы керекті материалдарымен бірге Түркістан мен Шымкенттен шығуға дайын отыр. 100 млн теңге бөлінді, кемінде 100 үйді жөндеуге жетеді деп ойлаймын, егер одан көп қажет болса, әрине, көмекті тағы да көбейтеміз»,– деп жазды Айдын Рақымбаев әлеуметтік желідегі жеке парақшасында.

Арыстық кәсіпкерлер 1%-бен 5 млн теңге несие алатын болды

Арыс қаласындағы жарылыстан зардап шеккен халықтың жай-күйімен танысуға ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин арнайы барды. Асқар Мамин облыс басшысы Ө.Шөкеевпен бірге снарядтан зақым келген тұрғын үйлер мен 4 қабатты қалалық аурухананы, халыққа қызмет көрсету орталығын және Көктем шағынауданындағы атындағы орта мектепті аралап, ғимараттардың жай-күйімен танысты. Сонымен қатар, күні кеше үйлеріне оралған арыстықтармен сөйлесіп, оларға тиісті көмек көрсетілетінін жеткізді. 

Содан кейін Премьер-министр Арыс қаласына берілуі тиіс көмекті талқылау мақсатында үкіметтік комиссия отырысына қатысты. 

«Арыста тұратын әрбір тұрғынға, 44 781 азаматқа Үкіметтен 100 мың теңгеден беріледі. Қала 1 ай көлемінде толық жөндеуден өтеді. Онымен қоса, арыстық кәсіпкерлерге 1 пайызбен 5 миллион теңгеге дейін жеңілдетілген несие беріледі.  Сонымен қатар, Арыс қаласында жаңа аурухана салынып, 4 мыңнан астам бала жазғы демалысқа барады. Ал, қаладағы әскери арсенал 2 аптада басқа аймаққа көшірілетіні жөнінде шешім қабылданды», - деді ҚР Премьер министрі Асқар Мамин.

Үкіметтік комиссияны Арыс қаласына бастап барған ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин тұрғын үй, әлеуметтік, инфрақұрылымдық және қаланың тіршілік әрекетінің басқа да нысандарына тигізілген зардап туралы баяндады, деп хабарлайды ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметі.

А. Мамин төтенше жағдай салдарын жоюға тікелей атсалысқан жергілікті ақсақалдармен, саперлер, медицина қызметкерлері, құтқарушылар және жергілікті билік органдары мамандарымен әңгімелескен. ҚР Үкіметінің басшысы оларға жұмыстары үшін алғыс айтып, «бірлескен үйлесімді жұмыстың арқасында тұрғындарды уақытылы эвакуациялап, туындаған төтенше жағдайдың ауқымдырақ салдарының алдын алу мүмкін болғанын» атап айтты.   

Аралап көру қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Арыс қаласында төтенше жағдайлар салдарын жою жөніндегі Үкіметті комиссия отырысын өткізді. Оның құрамына министрліктер мен облыстық әкімдіктердің басшылары бар. 

Ағымдағы жағдай мен төтенше жағдай салдарын жою бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы ҚР қорғаныс министрі Н. Ермекбаев, ішкі істер министрі Е. Тұрғымбаев, тұрғындардың денсаулығы туралы денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Сапарбаев, білім және ғылым министрі А. Аймағамбетов, экология, геология және табиғи ресурстар министрі М. Мырзағалиев, Түркістан облысының әкімі Ө. Шүкеев, Павлодар облысының әкімі Б. Бақауов  баяндады. 

ҚР Премьер-Министрі А. Маминге қазіргі уақытта қала аумағын инженерлік барлау, минасыздандыру бойынша жұмыстар жалғастырылып жатқаны, өрт сөндірілгені азаматтарды өз үйлеріне қайтару және олардың мал-мүлкінің қорғалуын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданып жатқаны туралы баяндалды. Аумақтарға жүргізілген тексерулерден кейін экологиялық жағдайға қауіп төніп тұрмағанын көрсетті. 

«Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы қаланы жедел қалпына келтіруді тапсырған болатын. Біз Арыс қаласын шұғыл қалпына келтіру бойынша барлық күш-жігерімізді жұмылдырамыз. Біз Арыс қаласындағы барлық зақым көрген және бұзылған нысандарды 2019 жылдың 1 тамызына дейін юір ай ішінде жөндеп, салуымыз керек. Барлық міндеттер сапалы әрі уақытылы орындалуы керек», - деп сөз сөйледі ҚР Премьер-Министрі. 

Кеңес қорытындысы бойынша ҚР Үкіметінің басшысы Асқар Мамин қаланың тіршілігін қалыпқа келтіру және оның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін 10 кешенді шараны атап айтты. 

1. Бір ай ішінде қаладағы барлық тұрғын үйлерді жөндеп бітіру керек;

2. Қосымша әлеуметтік қолдау шаралары ретінде қаланың әрбір тұрғынына (44 тыс. 781 человек) бір мезеттік 100 мың теңге көлемінде өтемақы төленеді; 

3. Арыс қаласынан 4 мың бала сауықтыру лагерлеріне жіберілетін болады;

4. Әлеуметтік нысандарды жөндеуді ұлттық компаниялардың көмегімен іске асыру көзделген, сондай-ақ құрылыс жұмыстарына ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар мен бизнес қауымдастық тартылады. 66 әлеуметтік нысанды «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры жөндейді; 

5. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 300-ден астам шағын және орта бизнес кәсіпорнына «Атамекен» ҰКП арқылы ірі бизнес қаражаты есебінен қалпына келтіру және жөндеу жұмыстарына көмек көрсетіледі;  

6. Қала кәсіпкерлеріне осы жылдың 1 шілдесінен бастап 5 млн теңгеге дейін жеңілдікпен несиелер беріледі. Биылғы, яғни 2019 жылдың соңына дейін салықтық каникулдар ұсынылады; 

7. Инженерлік инфрақұрылым, электрмен жабдықтау және байланыс ҚР Үкіметінің қорынан қаражат есебінен қалпына келтіріледі; 

8. Газ және сумен жабдықтау жүйелерін жаңғырту және қайта жөндеу жоспарланған; 

9. Медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында қала тұрғындарына арналған аурухана мен екі емхана салынады; 

10. 2 апта бойы қару-жарақтар әкетіле бастайды. Арсенал қайта орналастырылады. 

Алдын ала тексеріс бойынша, 104 көпқабатты тұрғын үй, 7 200-ге жуық жеке меншік үй, 14 мектеп, 2 аурухана,  28 балабақша, аумақтық мемлекеттік органдар ғимараттары зардап шеккен.

Арыстықтарға 180 ерікті психолог көмек көрсетіп жатыр

Арыстағы апаттан зардап шеккен тұрғындарға, әсіресе балаларға алғашқы  күннен бастап 180 ерікті практик-психолог пен педагог-психолог көмек көрсетіп келеді. Себебі мұндай ауыр соққы алған сәбидің күні ертең қоршаған ортаға деген қарым-қатынасы өзгеруі мүмкін екендігін жеткізді Түркістан облысының баспасөз қызметі.

«24 мыңнан аса халық эвакуацияланған орталықтарда сәбилердің жан-дүниесіндегі соққыны емдеген гештальт-терапевт психологтар қазір Арыс қаласында да емдік шараларын жүргізіп жатыр. Қазіргі таңда тұрғындардың бастан кешкен эмоцияларын зерттеу,  болған оқиғаны түсіндіру – психологтардың негізгі терапиясы деуге болады. Сондай-ақ еріктілер халық арасында бактериологиялық қару-жарақ, радиация және апаттан көптеген адам қайтыс болды деген ақпараттың жалған екенін түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр», - деп мәлімдеді Түркістан облысының баспасөз қызметі.

Арыстық оқушылар жазғы лагерлерге жіберілді

Кеше Арыс қаласының 140 оқушысы Ақмола облысындағы Бурабайға оқушылар лагеріне демалысқа кетсе, 200 оқушы Нұр-Сұлтан қаласына жол жүрді. Олардың қауіпсіздігіне тәлімгерлер жауап береді. Жалпы, Арыс қаласынан 725 бала еліміздің өзге өңірлеріне демалысқа және саяхатқа жіберілген.

«Арыстық балаларды демалысқа жіберудегі басты мақсат – төтенше жағдай факторлары салдарынан мектеп оқушыларына психологиялық көмек көрсету болып табылады. Осы орайда жиыны 340 оқушыны ата-аналары Шымкент қаласындағы теміржол вокзалынан шығарып салды», - деді Түркістан облысының баспасөз қызметі.

Арыс қаласында 40 мектеп бар, мұнда 19 916 бала білім алса, мектепке дейінгі ұйымдарда 5071 бала тәрбиеленіп жатқан көрінеді.

Атап айтсақ, Жамбыл облысы мен Нұр-Сұлтан қаласында, сондай-ақ Бурабайда да арыстық өрендер тынығуда. Алматы облысы да жүздеген баланы қабылдааға ниет білдірді. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі жетекшісі Ғалымұрат Жүкел өзінің фейсбук парақшасында жазған болатын.

Түркістан облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ардақ Садықованың айтуынша, жазғы лагерлерге 4000-нан астам оқушыны жіберу көзделген екен. Осы аптада тағы 500 бала демалысқа жіберіледі деген жоспарлануда.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев аудан, қала әкімдеріне өздері басқаратын аумақтардағы демалыс орындарына арыстық оқушыларды көптеп тарту жөнінде тапсырма беріп қойды.

Сонымен бірге мәжілісте Арыс қаласындағы 3 мыңнан астам ардагердің 2 мыңдайын облыстық ардагерлер үйлеріне демалысқа жіберу мәселесі де қаралып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта нақтылана түседі.

Айдана Абдрахманова

Барлық материалдарды t.me/strategykz telegram аккаунтынан оқи аласыздар.




Яндекс.Метрика