Адами капитал

Нью-Йоркта Қазақстанның «Жусан» операциясы БҰҰ елдеріне үлгі етілді

Біріккен ұлттар ұйымы жанындағы Қазақстаннның тұрақты өкілдігі мен БҰҰ-ның Терроризмге қарсы басқармасы Нью-Йорк қаласында «Терроризмнен азат әлемге және БҰҰ 2030 жылға дейінгі тұрақты даму күн тәртібіне қол жеткізу үшін дамушы елдердің синергиясы» атты іс-шара ұйымдастырды. Аталмыш жиынға әлемнің 50 мемлекетінен 100 астам өкіл қатысты. Шара барысында Қазақстанның «Жусан» операция туралы жан-жақты айтылып, БҰҰ-ға мүше мемлекеттеріне үлгі ретінде дәріптелді және операция аясында Сириядан еліне қайтқан қазақстандық әйелдің бейнеүндеуі көрсетілді.
Нұр-Сұлтан01 Шілде , 12:17

Нью-Йорктегі өткен көшпелі отырыстың негізгі мақсаты терроризммен ұлттық, өңірлік және жаһандық деңгейде тиімді күресу үшін бірлескен күш-жігерді үйлестіру механизмдерін талқылау болды. Жиынға қатысқан әр елдің өкілдері терроризмге қарсы күреске тұрақты дамудың қалай көмектесетіні туралы тәжірибелерімен бөлісіп, нақты ұсыныстармен пікір алмасты.

Жусан операциялары аясында 500-ден астам қазақстандық елге оралды

Айта, кетейік Қазақстан осыған дейін Сириядан отандастарымызды қайтару мақсатында «Жусан», «Жусан-2», «Жусан-3» операциясын ұйымдастырған болатын. Алғашқы операцияда қазақстандық арнайы жасақ 47 отандасымызды Сириядан елімізге қайтарды. Оның ішінде 30-ы балалар. Одан кейін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен операция әрі қарай жалғасын тапты. «Жусан-2» операциясы кезінде 7-9 мамыр күндері Сириядан 231 Қазақстан азаматы елге жеткізілді. Оның 156-сы – балалар, олардың басым көпшілігі мектеп жасына дейінгілер, соның ішінде 18-і – ата-анасы Сириядағы соғыста қайтыс болған жетім балалар болды. Ал, 28-31 мамыр аралағында өткен операцияның соңғы кезеңінде, яғни, «Жусан-3» гуманитарлық шарасында Сириядан Қазақстанға 67 әйел адам, 171 бала, оның ішінде, тоғызы жетім бала, елге қайтарылған. Олар біраз уақыт бойы оңалту орталығында болып, психологиялық, гуманитарлық көмек алады.

«Жусан-2» операциясынан кейін Қазақстанға сегіз күндік сапармен БҰҰ тәуелсіз сарапшысы Ни Аолэйн Фионнуала келген болатын. Сол кезде БҰҰ сарапашысы өз азаматтарын қорғауға алған Қазақстанның бұл батыл қадамы Сирияда азаматтары соғыста жүрген басқа да көптеген елдерге үлгі болатынын айтқан еді.

«Қазақстан әлем алдында әйелдер мен балаларды елге қайтару мүмкін екендігін және оны орындауға болатынын көрсетті. Мұндай гуманитарлық бастаманы өзге мемлекеттер де қолдап, қолға алса тіпті жақсы болар еді. Дегенмен мені қоғам деңгейінде қолданылатын дерадикализация әдістері алаңдатып отыр. Осы салада жұмыс істейтін ұйымдарды Қазақстаннан үлгі алып, адам құқықтарына қатысты міндеттемелерін толық орындауға шақырамын», - деген болатын БҰҰ тәуелсіз сарапшысы.

БҰҰ жаныдағы Қазақстан Республикасының тұрақты өкілі, 1-санаттағы төтенше және өкілетті Елші, дипломат Қайрат Омаров Ел үкіметінің терроризмнің түпкі себептерімен күресуде қабылданған практикалық қадамдары туралы әңгімеледі.

«Қауіпсіздік мәселелері, терроризммен күрес және оған қарсы қолданатын шаралардың дамуы – өзара тәуелді. Қазақстан осы мәселелерді шешуге өз үлесін қосып, Алматыда сынамалы БҰҰ Орталық Азия мен Ауғанстан елдерінің орнықты даму мақсаттары бойынша өңіраралық орталығын құрып отыр», - деді дипломат Қайрат Омаров.

Түнде ұйықтап жатып, таңертең оянбауым мүмкін еді

Нью-Йорктағы осы отырыс үшін Сириядан «Жусан» операциясы аясында оралған қазақстандық әйелдердің бірінің іс-шараға қатысушыларға арнайы жазылған бейне-үндеуі көрсетілді. 25 жастағы Аида Сарина өзінің Сирияға қалай келгені туралы естеліктерімен бөлісіп, террористер арасында өмір сүрудің күрделілігі, қиын-қыстау кезеңдері туралы әңгімелеп берді. Бейнежазбада Сириядан оралған Аида өз отанына оралуға мүмкіндік бергені үшін Қазақстан үкіметіне шынайы алғысын білдірді.

«Күйеуім қайтыс болғаннан кейін тірі қалу үшін қатты күрестім. Соғыстағы біздердің түнде ұйқыға кетіп, таңертең оянып-оянбауымыз екіталай еді. Мені түнде ұйықтап жатып, таңертең оянбауымның мүмкін екендігі қатты шошындырды. Біз көбіне дымқыл жердің үстіне ұйықтайтынбыз. Күн сайын балалар аналарының көз алдында қаза тауып жатты. Ал олар олар тіпті шарасыз, балаларына көмектесе көмектесе алмай ашынды», - деп айтты Аида Сарина.

Франциядан, Германиядан келген әйелдер балаларын балаларын біз арқылы Сириядан шығарғысы келді

Аида Сарина Қазақстан үкіметі арнайы операция ұйымдастырып, Сириядан отандастарын алып кетіп жатқанда, Франциядан, Германиядан және басқа елдерден келген әйелдер қалай қызыға қарағанын әңгімелеп берді.

«Мен Қазақстаннан келген құтқарушыларды өз көзіммен көргенде, қуанышымда шек болған жоқ. Елімнің үкіметі бізді қиын жағдайға тастамай, алып кететінін түсіндім, риза болдым. Менің жанымда болған Франциядан, Германиядан және басқа елдерден келген әйелдер маған қызығып та, қызғанып та қарады. Олар менен Қазақстанның арнайы жасағы бізді де алып кете ме, деп біліп беруімді сұрады. Тым болмағанда балаларын соғыс ошағынан әкетуді өтінді. Алайда ол әйелдерге көмектесу мүмкін болмады», - деді ол.

Өз үндеуінің соңында Аида Сарина терроризмге қарсы күрескер болуға дайын екенін мәлімдеді.

«Ия, мен терроризмнің құрбаны болдым. Бірақ қазір терроризмге қарсы күрескім келеді, осы үлкен мақсаттың бір мүшесі болуға және сұмдықтың алдын алуға өз үлесімді қосуға дайынмын. Мен терроризмнен зардап шеккен барлық әйелдердің үнін жеткізуші болғым келеді», - деді Сириядан келген қазақстандық әйел.

БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Терроризмге қарсы басқармасының басшысы Владимир Воронков терроризмге қарсы күрес жолындағы белсенділігі мен осы сала бойынша айнымас көшбасшылығы үшін Қазақстанға алғысын білдірді.

«Қазақстанның Терроризмнен азат әлемге қол жеткізу тәртібі бойынша кодексті қабылдау туралы бастамасы – терроризмге қарсы іс-қимылда халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға зор үлес қосты деп білемін», - деп ризашылығын білдірді БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Владимир Воронков.

Қазақстан өздерінің азаматтарын қақтығыс аймағынан эвакуациялаған әлемдегі санаулы мемлекеттердің біріне айналды және қазірдің өзінде соғыстан елге оралған азаматтарды қалыпты өмірге қайтару үшін белсенді жұмыс жасауда. Кодекстің жаңашыл элементі – әлеуметтік-экономикалық дамуы арқылы осы жаһандық зұлымдықпен күресу үшін ұжымдық әрекеттерді үйлестіру болып табылады.

Сол күні БҰҰ Бас ассамблеясы бірауыздан «Терроризм құрбандарына көмек көрсетудегі халықаралық ынтымақтастықты кеңейту» атты резолюция қабылдады. Содай-ақ бұл құжат барлық мүше мемлекеттерді ұлттық заңнамаға және гендерлік аспектілерге сәйкес терроризм құрбандарына арналған кешенді көмек жоспарларын жасауға шақырады.

Көшпелі отырысқа басты спикерлер ретінде БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік кеңесінің басшысы, Сент-Винсент және Гренадиндер мемлекетінің Тұрақты өкілі Инга Ронда Кинг, БҰҰ Бас ассамблеясының келесі төрағасы, Нигерияның БҰҰ-дағы Тұрақты өкілі Тиджани Мухаммад-Банде, БҰҰ Терроризмге қарсы орталығының және БҰҰ жанындағы Терроризмге қарсы күрес жөніндегі Ислам ынтымақтастық ұйымы мүше мемлекеттер тобының төрағасы әрі Сауд Арабиясының Тұрақты өкілі Абдалла Аль-Муаллими, Ауғанстан, Мысыр, Өзбекстан және Африка одағының елшілері қатысып, сөз сөйледі.

Сонымен қатар, іс-шара барысында БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік кеңесінің басшысы Инга Ронда Кинг өз елінің атынан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бастамашылық еткен Терроризмнен азат әлемге қол жеткізу тәртібінің кодексіне қол қойды. Соның негізінде Кариб теңізінің оң жақ бөлігінде орналасқан Сент-Винсент және Гренадиндер мемлекеті енді әлемнің 80-ден астам мемлекеттерден тұратын жаһандық терроризмге қарсы коалицияға қосылды.

Айдана Абдрахманова

Барлық материалдарды t.me/strategykz telegram аккаунтынан оқи аласыздар.




Яндекс.Метрика