Энергетика

Жасыл технологияларды енгізу тұрғындардың әл-ауқатын арттырады – С.Рахимбекова

Жасыл экономика 21 ғасырдағы елдердің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін маңызды құралдардың бірі ретінде танылып отыр. Қазақстан да бұл үрдістен тысқары қалмай елде жасыл технологияларды енгізу жұмыстарын белсенді жүргізіп жатыр. Жасыл экономика - халықтың жоғары тұрмыс деңгейі мен табиғи ресурстарды ұтымды пайдаланумен сипатталатын экономика. Экономикалық модель туралы «Жасыл экономика және «G-Global» дамуы үшін коалиция» басқармасының төрағасы Салтанат Рахимбекова Strategy2050.kz сараптамалық порталына берген сұхбатында айтып берді.
Нұр-Сұлтан26 Маусым , 18:36

-Салтанат Темірқұлқызы, Қазақстанда жасыл экономика қандай деңгейде дамып жатыр?

-Жасыл экономиканың бастауы туралы айтатын болсақ,  2013 жылдың  17 мамырында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың    «Қазақстан Республикасының  «жасыл»  экономикаға көшуі жөніндегі тұжырымдама туралы»  Қаулысына қол қойылды. Ол Тұжырымдама жеті саланы қамтиды. Олар : жаңартылатын энергия көздерін енгізу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы энергия тиімділігі, ауыл шаруашылығындағы органикалық егін шаруашылығы, қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру, су қорларын басқару жүйелерін жетілдіру, «таза» көлікті дамыту, экожүйелерді сақтау және тиімді басқару. Тұжырымдамада біз қандай мақсаттарды орындауымыз керектігі де көрсетілген. Мысалы, қалдықтарды өңдеу де ауқымды тақырып. Себебі, Тұжырымдама қабылданған кезде 2-3 пайыз ғана қайта өңделетін, былтырғы есеп бойынша қалдықтар  11 пайызға өңделді. Қайта өңдеу дегеніміз тек өңдеу мәселесі ғана емес, оған бизнесті тарту болып табылады. Қалдықтарды өңдеп жаңа тауарларды шығаруға бизнес бейімделіп жатыр. Бұл Тұжырымдаманың маңыздылығы осы салалар дамыған кезде, бизнесті тартуды көздейді. Бизнес барлық талаптарға сай, қоршаған ортаға залалын азайтуды толық меңгерген. Биыл Тұжырымдаманың қабылданғанына 6 жыл толды. «Жасыл экономика және «G-Global» дамуы үшін коалициясы» Тұжырымдаманы насихаттау бойынша барлық жұмыстарды да атқарып жатыр. Халықаралық ұйымдармен бірігіп көрсету алаңдарын ұйымдастырып жатырмыз.  2015 жылдан биылға дейін біз 8 жасыл технология орталығын   8 облыста аштық. Ол дегеніміз, біз облыстардағы әріптестерімізбен келістік. Олар өз беттерімен жасыл технология саласына кәсіпорындарды тартып, жұмыс істеп жатыр. Мысалы, Ақмола облысындағы «Арнасай» жасыл ауылы бар. Ол жерде  35 жасыл технология бар. Технологияның тең жартысын  донорлар арқылы сатып алдық, бірақ сол жерде орналастырылған қондырғылардың басым бөлігі отандық  кәсіпкерлердің тауарлары. Орталықта біз барлығын іске қостық, онда энерготиімді терезелер, жарықдиодты жарық, күн панелі сынды құрылғылар  іске қосылған. «Арнасай» жасыл технологиялардың басым бөлігін қамтыған орталық. Мәселен, Қарағанды облысындағы Агроколледжде жылыжай ашылған.  Олар жылыжайдағы  электр қуатының  70 пайызын Күн сәулесінен, желден алып отыр. Ол жерде тамшылап суару сынды технологияларды өздері іске қосып, колледже оқыған студенттер тәжірибе жинайды.   Қарағанды облысындағы ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер өздерінің шаруашылықтарына сондай технологияларды орнатуға мүмкіндік алып отыр. Ал, Түркістан облысымен біз биыл әріптестік туралы келісім орнаттық. Өңірде колледж негізінде дуалды білім беру ұйымдастырылды. Колледжге жасыл технологияларды тарту мүмкіндігі бар деп біз грант беруді ұйымдастырдық.

Жасыл технологияға қызығушылық білдірген кәсіпорындардың барлығы сол колледжге келіп таныса алады. Алматы облысындағы әріптесіміз 30 сотық жеріне барлық технологияларды жинап, ашық аспан астында 20-30 қожалықтарды шақырып, биогаз дегеніміз не, мал шаруашылығымен  қалай тиімді айналысу бойынша ақпарат жұмыстарын жүргізіп отыр. 15 шақты технологияны қосып, бал араларын өсіріп отыр.Биогаздық қондырғының  экологиялық маңызы өте зор.  Мәселен, малдан қалған қалдықтарды биогазға жинайтын болса, 2 аптада газ  бен биогумусты  алады. Ол арқылы жердің құнарлығын арттыруға болады. Осы технологиялардың бар екенін көп адам біле қоймайды. Сондықтан да, аталған орталықтар ақпарат таратушы ретінде ауадай қажет. Жасыл орталықтар технологиялардың басын біріктіру үшін тиімді жұмыс істеп жатыр. Қостанайдан 5 шақырым жерде демалыс жайы бар. Ол жерде жел қондырғысы орнатылған. Нұр-Сұлтан қаласында да ондай технология екі жерде орнатылған.

Бірақ, Қостанайда оны кәсіпкер өзі орнатып отыр. Олар да тоқтың  70 пайызын балама көздер арқылы алып отыр. Ол арзанға шығып отыр. Себебі, Үкіметке төлемейді. Алайда, қондырғыларды несиеге алған. Тағы бір маңызды орталықтардың бірі Павлодар облысында орналасқан. Онда мидай далада орман отырғызылған. Астана маңайындағы Жасыл белдеу сынды жоба. Оған ешқандай қаражат бөлініп отырған жоқ. 14 жылдың ішінде  10 шақты гектарға  орман отырғызылған.Ол орманның ішінде өзім де болдым. Жәндіктердің барлық түрлері бар. Ол экологияға да оң әсерін тигізеді.  Қазір ол жерде 30 шақты үй бар. Әр үй  10 гектардай Үкіметтен жалға жер алып, орман отырғызуды қолға алған. Биоалуантүрлілік деген түсінік бар. Бақты қалай өсіру керек, қандай талдың жанында  қандай ағаш отырғызылуы керек, мұның барлығын білу үлкен кәсіп, әрі ұлағатты іс.   

-Жасыл экономика аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы айтып берсеңіз?

- «Жасыл көпір» бастамасы 2010 жылы Қоршаған ортаны қорғау және Азия - Тынық мұхит аймағын дамыту бойынша VI министрлер конференциясында қолдау тапқан болатын.  Кейіннен Қазақстан Республикасының Президенті «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасы бойынша бастаманы ұсынды. Ол кеңінен халықаралық қолдау тапты және Рио+20 тұрақты даму бойынша БҰҰ Конференциясының қорытынды құжатына енді. «Жасыл көпір» бастамасының негізгі міндеті - «жасыл экономика» саласындағы білім, инновация және технологияны алмастыру және трансферттеу жолымен экономикалық өсім бойынша Еуропа, Азия және Тынық мұхиты елдерінің арасындағы ынтымақтастықты дамыту.

Сонымен қатар,  «Жасыл кеңсе»  жобасы бар. Мұндай кеңеселерде қызметкерлер мен келушілердің экологиялық сауатын ашып, ресурстар (электр қуаты, жылу, су, қағаз) барынша үнемделеді. Басы артық сатып алулардан бас тартып, экологиялық қауіпсіз құралдар мен технологиялар пайдаланылады. Ондағы ауа иондалып, ылғалдандырылады. Кеңістік тұмшалаудан қорғалуы керек. Тұрмыстық қалдықтар сұрыпталып, жеке жиналады. Әрі  шуыл мен электромагниттік қайта өңдеуге тапсырылады. «Жасыл» құрылыстың стандарттары дамыған Ресей, Белорусь пен Қытайда жасыл кеңселер рейтингі мен байқаулары кең таралған.2019 жылдың мамырында Жасыл экономиканы қолдау Коалициясы республикалық «Жасыл кеңсе» конкурсын ұйымдастыруды ұсынды.Елдегі ең жасыл қоғамдық ұйым ретінде «жасыл кеңсені» құру бастамасын ұсындық.

Кеңсе құруды қалайтын компаниялар  технологиялық шешімдер мен экосаясатты меңгерулері керек.  Бүгінде бұл түсіндіру алаңы ретінде бізге «жасыл кеңсе» ұстанымдары бойынша кеңсе құруға ниетті компаниялар жазады. Біз кеңсенің экологиялық саясатын құруға жәрдемдесеміз. Кеңсенің экологиялық  саясаты кеңседе қағаздарды іріктеу, қоқысты бөліп жинау, үнемдеу режимін қосуға мүмкіндік береді. Біз жарықшам,жылу жүйесі, ауа тазартқыш ұсына алатын бизнес құрылымдарды шақырдық. Сондай-ақ, кәсіпкерліктің экосаясатын құруға жәрдемдесетін мамандарды тартамыз. Жасыл кеңселерді жүзеге асыруды қолға алатын компаниялардың брендтер жинағы болғаны қолайлы.Біз сайтта greenkaz.org парақшасын құрдық. Бізге өтініш беріп, сұрақтарын қоя алады. Жасыл кеңсе құрғысы келетіндерге қандай алгоритм ұсынуға болады. Жасыл кеңсенің санаттары бар:  бірінші, екінші, үшінші. Кеңселер мен компаниялардың жетекшілері мен  тұрғындар ол үшін алғашқы қадам жасаулары керек. Жалпы, бұл үрдістен адамдар жайлылық алады. Біз ұсынып отырған барлық бастама жасыл кеңселерде адамдарға қолайлы болғанын мақсат етеді. Біздің міндет – шағын бизнеске тұрғындар мен индустрияны тарту.

Жалпы, жасыл экономика аясында  25 жоба жүзеге асырылып жатыр.

-Коалицияның алға қойған жоспарлары қандай?

-Тұрақты даму бағдарламасын халыққа түсіндіріп, бағдарламаға жұмылдыру   мақсатын алға қойып отырмыз.  Сондай-ақ,  біз жыл сайын өңірлерде форумдар мен байқаулар жиі жүргізіп тұрамыз.  Мәселен,  осы жылдың 4 шілдесінен бастап ауыл әйелдерінің  екінші республикалық форумы өтеді.  Форумдар циклы Алматы облысында бастау алып, қазан айында Қызылорда облысында аяқталады. Қазақстанның ауыл әйелдерінің  екінші республикалық форумын 7-9 қараша аралығында Нұр-Сұлтан қаласында өткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Тұрақты даму бойынша жасыл технологияларды насихаттау мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарына байқау жариялап отырмыз. Сонымен қатар,  14 облыста форумдарды өткізіп, халыққа қандай бағдарламалар бар екенін насихаттау жұмыстарын жүргіземіз. 8 жасыл технология орталығын әрі қарай қолдап, оларға көмек тарту. Халықаралық ұйымдарға ұсыныс беріп, орталықтарға қолдау ретінде насихаттау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Облыстардағы орталықтардың дамуына, оларға бизнестің тартуына барынша көмек көрсеткіміз келеді. Себебі, үкімет тұжырымдаманы қабылдағанмен, оны халық қабылдау керек. Бұл маңызды тренд, маңызды жүйе. Еліміз осы  тетіктер мен идеология арқылы  30 дамыған елдің қатарына тезірек қосылуы мүмкін. Демеушілерді тарту бойынша да бірқатар жұмыстар атқару күтіліп отыр.

-Сұхбатыңызға  рақмет.

Аягөз Құрмаш

Барлық материалдарды t.me/strategykz telegram аккаунтынан оқи аласыздар.




Яндекс.Метрика