АШК – Қазақстан экономикасының драйвері

Жеңілдетілген несиеге қалай қол жеткізуге болады?

Бүгінде ауыл шаруашылығы саласында шағын және орта бизнес ашуға бірқатар мүмкіндіктер бар. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ бірқатар бағдарламалар бойынша несие беруді жүзеге асырып жатыр. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Несиелендіру департаментінің бас менеджері Ербұлан Түшкенов Strategy2050.kz сараптамалық порталына берген сұхбатында несиеге қалай қол жеткізуге болатынын айтып берді.
Нұр-Сұлтан26 Маусым , 17:05

-  Ербұлан Талғатұлы, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры»  АҚ–ға қарасты   мемлекеттік  бағдарламалар туралы айтып берсеңіз.

- «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ ауылдық жерлердегі шаруашылықты дамыту үшін бірнеше бағыт бойынша жұмыс істеп келе жатыр. Нақтырақ айтатын болсақ, мал шаруашылығының сүтті және етті бағыттарын, ауылдық кәсіпкерлікті дамытуға арналған несие өнімдеріміз бар.

Мысалы, өткен жылдан бастап жаңартылған «Сыбаға» бағдарламасын жүзеге асырамыз. Ол ірі қара мен ұсақ мал өсірушілерге, және қажетті техника мен жабдықтарды сатып алуға көмектеседі. «Сыбаға» несиелік өнімі бойынша несиелер 15 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Шетелден асыл тұқымды ірі қара мал әкелуге 70 млн. теңгеге дейінгі мөлшерде, ал жергілікті ұсақ малды сатып алуға – 12 млн. теңгеге дейінгі мөлшерде несиелер беріледі. Сыйақы үстемесі – жылдық 4 % құрайды, жылдық тиімді үстеме - 4,1 % бастап (субсидиялауды ескергенде). Шетелден әкелінген асыл тұқымды малдың бір басына 225 мың теңгеден субсидия қарастырылған. Сонымен қатар, мемлекет пайыздық мөлшерлемені жылдық 14-тен 4 пайызға дейін төмендетеді. Мемлекет тарапынан қолдаудың тағы бір тетігі – жас малды бордақылау алаңына тапсырған кезде тірі салмағының әр килограммына 200 теңгеден субсидия төленеді.

Ал, мал шаруашылығының сүтті бағытын дамытып, ауылдық жерлердегі отбасылық тауарлы сүт фермаларын құру мен кеңейтуді көздейтін «Ырыс» атты бағдарлама жалғасып жатыр. Бұл өнім бойынша ең үлкен несиелер беріледі - 155 млн. теңгеге дейін. Мерзімі - 12 жылға дейін, сыйақы үстемесі жылына 6 % құрайды , жылдық тиімді сыйақы үстемесі - 6,7 % аспайды. Екі жылға дейін жеңілдікті мерзімі бар.

Шағын несиелерді келетін болсақ, олардың негізгі бөлшегі «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» арқылы қаржыландырылады. Мысалы, «Игілік» деген бағдарлама мал басын арттыру, құс өсіру және омарта шауашылығымен айналысамын деген жобаларға беріледі.  Қарыз сомасы - 4 млн. теңгеге дейін, мерзімі - 6,5 жылға дейін, жылдық өсімі - 6 %, жылдық тиімді үстеме - 6,7 % аспайды. Негізгі борышты өтеу үшін жеңілдікті кезең де қарастырылған.

Келесі өніміміз «Кәсіпкер» деп аталады. Бағдарламаның мақсаты - кәсіпкерлік қызметті, оның ішінде ауыл шаруашылық және ауыл шаруашылық емес бизнес түрлерін дамыту. Несие сомасы - 6 млн. теңгеге дейін, несие мерзімі - 5 жылға дейін, сыйақы үстемесі – 6%, жылдық тиімді мөлшерлеме - 6,7 % дейін. 1 жылға дейін жеңілдік мерзім беріледі.

- Бағдарламалар бойынша қанша қаржы бөлінді? Жалпы, қатысқан адам саны қанша? Бұл бағдарламалар ауыл шаруашылығы өндірісі үшін қаншалықты тиімді?

-Қор 2005  жылы шағын несие қызметін бастағалы бері жалпы сомасы 258,8 млрд.теңге болатын 133,2 мың заем берді. Ал, 2018   жылы шаруалар Қордан 53,8 млрд. тенгені құрайтын 10,4 мың заем алды. Осы уақыт ішінде Қордың кредиттік портфелі 124,5 млрд. теңгеге жетіп, белсенді заем алушылардың саны 47 мыңнан асты.Компания 2017  жылдан бері Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының екінші бағытын жүзеге асырады.Өткен жылы осы бағдарлама бойынша жалпы сомасы 30 млрд. теңге болатын 8 мыңнан астам заем берді.«Бастау Бизнес» жобасы аясында жоспарланған 4 мың адамның орнына нақты 5 мыңнан астам адам қаржыландырылды. Олар кәсіпкерлік негіздері бойынша оқытылған адамдар.

Ауылдардағы қаржыландырылған бастапқы бизнес үлесінің бағдарламамен анықталған көрсеткіші 20%-тен кем емес. Қор тиісті мөлшерді артығымен орындады.Бағдарлама бойынша берілген барлық заемдардың 78% бастапқы жобаларға бөлінді. Бұл 23,3 млрд теңгені құрайтын 7 мыңнан астам шағын несие.

Сондай-ақ, 473 зәкірлік кооперация қатысушысына 4,6 млрд.теңге қаржы берілді.

Қордың 2019  жылға жоспары мынадай:  62,1 млрд. теңге заем беру, оның ішінде «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасына – 27,5 млрд. теңге қарастырылған; Нәтижелі жұмыспен қамту қаражатын қайта инвестициялауға  6,6 млрд – теңге; Қордың жеке қаражатынан – 11,7 млрд. тенге бөлу;

Етті мал шаруашылығының индикативтік көрсеткіштерін орындау үшін 35 мың бас ірі қара және 131,5 мың бас ұсақ мал алуды қаржыландыру («Сыбаға» бағдарламасы аясында).

- Көктемгі-егіс науқаны аяқталды. Алда егін жинау басталады. Осы орайда қандай да бір  бағдарлама бойынша несие беріле ме?

  - Көктемгі егістік және күзгі жиын-терім жұмыстарын қаржыландыратын бағдарлама «Егінжай» деп аталады. Бағдарламаның мақсаты - көктемгі егістік және күзгі жиын-терім жұмыстарын жүргізуге айналымдық қаражатын толықтыру. Несие сомасы - 6 млн. теңгеге дейін, несие мерзімі - 3 жылға дейін, сыйақы үстемесі – 6%, жылдық тиімді мөлшерлеме - 6,7 % дейін. 1 жылға дейін жеңілдік мерзім беріледі.

- Бағдарламалар бойынша несиеге ие болу  үшін не істеу керек? Оған қатысу үшін қандай құжаттар қажет?

- Қазіргі уақытта Қордың облыс орталықтарындағы, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы, Семей қалаларында жұмыс істейтін барлық филиалдарда Бағдарлама аясында өтінімдерді қабылдау жүріп жатыр.Жеңілдетілген несие алу үшін ауыл тұрғындары аудандық Жұмыспен қамту орталығына барып, кәсіпкерлік негіздеріне оқытылуы тиіс.Сертификат алғаннан кейін жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеуге тұрады және аудандық Жұмыспен қамту орталығынан несиелендіруге жолдама алады.Одан әрі бастапқы құжаттар топтамасын және бизнес-жоспарын алып Қордың филиалына жүгінуі қажет немесе kazagro.kz порталының көмегімен онлайн өтінім бере алады.Бастапқы құжаттарды қараудың бірінші кезеңінен өткеннен кейін шешім қабылдау үшін Қор қызметкерлері қалған қажетті құжаттарды сұратады.

Толық құжаттар пакетін ұсынғаннан кейін 11 жұмыс күн ішінде несие комитеті қаржыландыру немесе бас тарту туралы шешім шығарады.Қор кепіл ретінде жылжитын немесе жылжымайтын мүліктердің барлық түрін қабылдайды. Атап айтқанда несие алушы қабырға материалдарына және салынған жылына қарамастан ауылды жерлердегі үйлерін, жер учаскелерін және басқа да мүліктерін кепілдікке қоя алады.Туындаған барлық сұрақты 8 800 080 3505 тікелей желісі арқылы қоюға болады немесе облыстық филиалдардағы менеджерлерге бара алады.

-   Кейде шаруалардан несие алуға өтініш берудегі уақыттың ұзақтығы туралы шағымдар айтылып жатады. Бұл мәселе қалай шешілуде?

-Ағымдағы жылы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы ауылдық жердегі кәсіпкерлікті қаржыландыруға 62,1 млрд. теңге бағыттауды жоспарлап отырмыз. Мұны алдымен айтып отырғандағы мақсатым, осындағы қаражатты тиімді пайдалану арқылы ауылды жерлерде жаңа шаруашылықтардың, жаңа нысандардың ашылуы мен дамытуын көздеп отырмыз.Несиені беру туралы шешімді жылдамдататын шараларды үнемі қарастырудамыз. Клиенттеріміздің қолайлылығы үшін осы жылдың 1 қаңтарынан бастап талондық жүйені енгіздік. Несие өтінімін тапсырған клиентке арнайы талон беріледі. Талонда несиелеудің негізгі шарттары, тапсырылған құжаттар тізімі, өтінімді қарастыру мерзімі көрсетіледі. Сонымен қатар, несиелеу бағдарламасы, қаржыландыру көзі, сома, пайыздық үстеме, негізгі борыш пен сыйақы бойынша жеңілдетілген мерзім, өтінімді қабылдаған менеджердің мәліметтері мен байланыс телефоны анық жазылған.

Бұл талон клиенттің қаржыландыруға қажетті құжаттар пакетін тапсыруын дәлелдейді. Талон басылғаннан кейін несиелеу өтінімі қарастыруға жіберіледі. Kazagro.kz порталына жеке кабинетке кіріп, өтінімнің қай кезеңде тұрғанын анықтауға болады.

Жалпы, регламент бойынша өтінімді қарастыру мерзімі 15 жұмыс күннен аспау керек. Бұл мерзім толық құжаттар пакеті тапсырылған күннен есептеледі.

- Сұхбатыңызға рақмет.

Аягөз Құрмаш 

Барлық материалдарды t.me/strategykz telegram аккаунтынан оқи аласыздар.




Яндекс.Метрика