Ұлттың денсаулығы

МӘМС Денсаулық сақтау саласын қаржыландыру деңгейін арттыра ма?

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру денсаулық сақтау саласын қаржыландыру деңгейін арттыруға көмектеседі. Бұл туралы Медициналық сақтандыру қорының мұрындық болуымен өткен ашық пікірталаста Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді. Сондай-ақ, отырыста денсаулық саласын дамытуға қанша қаржы қажет екені және саладағы жаңа реформалар талқыланды. Толығырақ келесі материалдан оқи аласыздар.
Нұр-Сұлтан22 Маусым , 12:36

 «Мемлекет денсаулық сақтау саласына яғни, халыққа көрсетілетін тегін медициналық қызметтерге жыл сайын бір триллион теңгеге жуық қаржы бөледі. 2017 жылы салаға жалпы мемлекет пен азаматтардың жеке шығындарын қосқанда 1 трлн 759 млрд теңге шығын жұмсалған. Оның 40 проценті немесе 550 млрд теңгесі – халықтың «қалтасынан» шыққан қаражат. Яғни, азаматтардың жеке шығындары 2010 жылмен салыстырғанда 3 есе артқан. Келер жылдан бастап енгізілетін сақтандыру жүйесі осы шығындардың өсу қарқынын төмендетуге көмектеседі», - деді министр.

 Оның айтуынша, сақтандыру арқылы өмір бойы қаржы тапшылығының зардабын тартып келе жатқан консультативтік-диагностикалық қызметтерді қаржыландыру деңгейін үш есе арттырамыз.

« Мысалы, біз қазір салалық маманның консультациясына 700 теңге төлейміз, ал, нарықта оның құны шамамен 5-6 мың теңге тұрады. Мемлекеттік емдеу мекемелерінде білікті мамандардың тұрақтамау себебі осында. Ал, сақтандыру жүйесі ісе қосылғаннан кейін тарифтерді 15 процентке өсіруге мүмкіндік туады», - деді Елжан Біртанов.

Бірақ бұл медициналық қызмет бағасы қымбаттайды деген сөз емес. Тариф тек мемлекет пен емдеу мекемлерінің арасындағы процедура, деп қосты ол.

Сонымен қатар, бағасы қымбат болып келетін қызметтердің көлемі де артпақ.

«Қазір біз мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жасалатын операцияларға белгілі бір шектеу қоюға мәжбүрміз. Лимиттен артық отаға ақша төлей алмаймыз. Ал, медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін мемлекеттік тапсырысты өсіреміз»,-деп атап өтті министр.

Денсаулық сақтау саласына 362,5 млрд теңге жетіспейді. Яғни, кепілдендірілген тегін медициналық көмекке деген сұранысты қанағаттандыру үшін осынша қаржы қажет, деді  «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов мәлімдеді.

«2017 жылы елімізде медициналық көмекке жан басына шаққанда 91 мың теңге немесе 280 АҚШ доллары жұмсалған. Әлбетте, 2013 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіштен 35 мың теңгеге көп. Алайда, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде бұл көрсеткіш 3000 доллардан асып-жығылады», - деді Қор төрағасы.

Ол атап өткендей,  қаржы тапшылығына – технология бағасының қымбаттауы, адамдардың өмір жасының ұзаруы және медициналық қызметтерді тұтыну көлемінің, медқызметті жиі пайдаланатын – балалар мен қарт кісілер санының артуы, сондай-ақ, жұқпалы емес созылмалы аурулардың көбеюі себеп.

2020-2022 жылдарға арналған бюджет жобасында 2020 жылы медициналық көмекке жұмсалатын қаржы 1 трлн 620 млрд теңге деп белгіленген. Бұл биылғы шығындардан 67 процент көп. Аталған қаржының 967,7 млрд. теңгесі тегін медициналық көмекке, 652,8 млрд теңгесі – сақтандыру пакеті бойынша көрсетілетін қызметтерге жұмсалады.

«Бірақ бұл міндетті медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін саладағы қаржы тапшылығы мәселесі бірден шешімін табады деген сөз емес. Шын мәнінде, сақтандыру халықтың қалтасынан шығатын шығындарды қысқартуға емес, оның өсу қарқынын төмендетуге мүмкіндік береді. Олай дейтін себебіміз, халық саны алдағы уақытта да артады, соның ішінде медициналық қызметтерді көп пайдаланатын балалар үлесі на 2,4%, қарттар үлесі 4% көбейеді. Оған үнемі қымбаттап отыратын технологиялардың бағасын қосыңыз. Сонымен қатар, медицина тоқтаусыз дамығандықтан алдағы уақытта медициналық сақтандыру/кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеттеріне енбеген қызмет түрлері пайда болады. Осының бәрі жұртшылықтың денсаулық сақтауға жұмсайтын жеке шығындарының өсуіне ықпал етері сөзсіз», - деді А.Жұмағұлов.

Сондай-ақ,  президенттің денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржыны ІЖӨ-нің 5 процентіне жеткізу туралы тапсырмасы  тапшылықты едәуір азайтуға септігін тигізері анық, деп қорытты МСҚ басшысы.

Сондай-ақ, ол болашақта емхана қызметі – медицина бизнесі үшін тиімді сегменттердің біріне айналады. Біз қазір рыноктың осы салаға назар аудара бастағанын көріп отырмыз. Атап айтқанда, Медициналық сақтандыру қорынан тапсырыс алып жатқан, соның ішінде емхана қызметіне қызығушылық танытып отырған жеке меншік клиникалар саны артып келетінін айтты. Қормен келісімшарт бекіткен 1403 жеткізуші компанияның тең жартысы – жеке меншік.

«Медициналық-санитарлық көмек көрсететін жеткізушілер саны 2017 жылы 501 болса, 2019 жылы бұл көрсеткіш 550-ге жетті. Осыдан екі жыл бұрын жеткізушілер арасында 307 мемлекеттік, 104 жеке меншік ұйым болса, бүгінде 372 мемлекеттік, 178 жеке меншік клиникамен жұмыс істеп жатырмыз», - деді Қор басшысы.

Ол атап өткендей, болашақта консультативтік-диагностикалық көмек, оңалту мен палиативтік көмекке бөлінетін қаржы да көбейеді. Сондықтан, бұл секторларды да бизнеске тиімді салалар қатарына жатқызуға болады.

«Жеке меншік сала мемлекеттік тапсырысты орындауға емханалармен субмердігерлік келісімшарт бекіту арқылы да қатыса алады. Сөйтіп, олар қолда бар ресурстардың арқасында сала маманының қызметін, диагностика мен зерттеудің белгілі бір түрлерін көрсете алады»,- деді Айбатыр Жұмағұлов.

Денсаулық сақтау министрі Елжан біртановтың айтуынша, жыл басынан бері емхана қызметін дамыту мақсатында бірқатар тарифтерді көтерді. Олар негізінен дәрігерлер мен медицина персоналының жалақысын өсіруге бағытталды.

«Жыл соңына дейін тағы бірқатар тариф түрлерін өсіру жоспарда бар. Жалпы, тарифтерді теңестіру көрсетілетін қызмет сапасы мен қолжетімділігін арттырып, жеке меншік секторды мемлекеттік тапсырысты орындауға, медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуға ынталандырады.Былтырдан бері тарифтерді жетілдіру, аймақтар арасындағы тариф алшақтығын жою жұмыстары жүріп жатыр. Атап айтқанда, тарифтерді есептеу әдістемесі де түбегейлі өзгермек. 2021 жылдан бастап тарифтерді қалыптастыру барысында амортизациялық шығындарды ескеру жоспарланып отыр», - деді министр.

Сондай-ақ, медициналық қызметтердің нарықтағы бағасы мен мемлекеттік тарификаторды салыстырсақ тариф қалыптастыру тәсілдерінің арасындағы алшақтықты байқауға болады.

«Мысалы, кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде бүйрекке жасалатын УДЗ үшін 804 теңге төленеді. Ал, мемлекеттік медицина ұйымдарында УДЗ ақылы жасату үшін орта есеппен 2 230 теңге төлеу қажет», - деп қорытты Елжан Біртанов.

Аягөз Құрмаш




Яндекс.Метрика