Мәдениетті жаңғырту

Кинематография жаңалықтары, терминдер, туризм – ҚР Мәдениет және спорт министрі есеп берді

ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова «Қазмедиа орталығының» киноконцерт залында өткен жылы министрлік атқарған жұмыстарды қорытындылап, ағымдағы міндеттері туралы халық алдында есеп берді және Қазақстан тұрғындары мәдениет, өнер, спорт, тілдердің дамуы, және туризм саласындағы өздерін қызықтыратын сұрақтарына министрден тікелей жауап ала алды.
Нұр-Сұлтан21 Маусым , 11:19

Есеп беру кездесуінде сұрақтарды тұрғындар ғана емес, еліміздің барлық аймақтарындағы халық онлайн режимде қоя алды. Ал, өзге де облыстардың өкілдері үшін Министрліктің ресми сайтында сұрақ қою функциясы бар арнайы бөлім ашылған. Аталмыш бөлімде қазақстандықтар іс-шарадан тікелей қосылымды қарап, кездесудің Call-орталығымен байланысуына мүмкіндік туды.

Кинематографиядағы өзгерістермен қоса, ведомство басшысы баяндамасының басты тақырыптары «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, мемлекеттік құжаттарда көзделген мақсат-міндеттерді орындау үрдісінің өзекті мәселелерін қамтыды.

Қазақ киносындағы жаңалықтар шетелдік прокатқа шыққан үздік фильмдер

Қазақстандық кинематографияны дамыту мәселесі бойынша 3 қаңтарда Қазақстан тарихында алғаш рет «Кинематография туралы» заң қабылданғаны айтылды. Барлық киноқауымдастықтар мен қазақстандықтар үшін бұл тарихи оқиға болды.

«Кинематография туралы» заң ұлттық кинематографияны қолдауға мүмкіндік береді, қазақстандық ұлттық киноны насихаттауға көмектеседі және шетелдік фильмдерден басымдықты қамтамасыз етеді, ұлттық киноның әлемдік кино нарығына шығуға мүмкіндік береді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 15 наурыздағы қаулысымен ұлттық кинематографияны қолдаудың мемлекеттік орталығы құрылды. Орталықтың негізгі мақсаты – ұлттық фильмдерді насихаттау мақсатында, кинематографиялық жобаларға мемлекеттік қаржылай көмек көрсету болып табылады. Сонымен қатар, орталықта сарапшылар кеңесі де құрылды», - деп атап өтті Ақтоты Райымқұлова.

2019 жылдың 1 маусымында Ұлттық киноны қолдау Ұлттық орталығы -ұлттық фильмдерді шығаруда мемлекеттік қолдауды жүзеге асыру мақсатында бірінші жобалық конкурсқа өтінімдер қабылдауды аяқтады.

«Жалпы, отандық жеке студиялардан және шетелдік кинокомпаниялардан киножобалар байқауына барлығы 100 өтінім келіп түсті. Министрліктің киноөнімдерді әлемдік ауқымды прокатқа шығару жұмыстарына байланысты үлкен перспективалары бар. Киноөндіріс бойынша табысты тәжірибе жинадық, ол қазақ-ресейлік «28-Панфиловшылар» фильмі мен голливуд режиссерлерімен бірге түсірілген «Әмре» фильмі», - деген мәлімет келтірді министр.

Есеп беру кездесуінде Қытайда премьерасы өтіп, сол елде прокатқа шыққан қазақстандық фильм туралы айтылды.

«Біз алғаш рет Қытайдың миллиардтаған көрермендеріне шығып отырмыз - сәуір айында Бейжің халықаралық кинофестивалінің аясында қазақ-қытай киносы «Композитор» фильмінің әлемдік премьерасы өтті. Қытайда 30 мыңға жуық кинотеатр фильмді прокатқа алды», - деді министр.

Сонымен қатар, бүгінгі күні Самал Еслямова, Дулыға Ақмолда және танымал жапон актері Мираи Морияманың қатысуымен қазақ-жапон «Конокрады» фильмінің түсірілімі аяқталды. Жылдың аяғына дейін «Amazing Race» әлемдік үлкен реалити-шоудың тұсаукесері күтілуде. Бұл әлемдегі ең танымал шоудың бірі, енді Қазақстан алғаш рет осындай ауқымды жобаға қатысады.

Сондай-ақ, министр режиссер Ақан Сатаевтың «Томирис» фильмі осы жылдың аяғына дейін кинопрокатқа шығатын хабарлады. Онымен қоса, қазақстандық және ресейлік «Эвакуция» фильмі жақын арада көпшілікке көрсетілмек. Және де қазіргі таңда Қазақстан мен Ресей арнайы қызметтері туралы А. Соколовтың «Вижившая» жобасы талқыланып жатқан көрінеді.

«Нұргелді Садығұловтың аты аңызға айналған балуан туралы «Балуан Шолақ» фильмінің премьерасын көрермен үлкен ықыласпен қабылдады. Мамырда Жеңіс күнін мерекелеу аясында Қарулы күштердің Әскери-тарихи музейінде Қорғаныс министрлігінің, ардагерлер мен қоғам қайраткерлерінің қатысуымен Қара майор Борис Керімбаев туралы «Жизнь специального назначения» деректі фильмінің премьерасы өтті», - деді министр.

Сонымен бірге ҚР Тұңғыш Президентінің  тапсырмасы бойынша өндірістік мүмкіндіктерді кеңейту мақсатында ЭКСПО халықаралық көрмесінің кешені аумағында «Астана фильм» атты жаңа жоғары технологиялы киностудияның құрылысы бойынша жұмыстар басталыпты.

«Бұл үшін қала әкімдігі 23,7 гектар жер бөлді. Бұл жаңа кино өндіруші орталық, сондай-ақ әлемге әйгілі Universal, Disneyland және басқа да үлгідегі ойын-сауық және демалыс саябағы болады. Жаңа картиналарды шығаруға арналған барлық өтінімдерді кино саласындағы беделді мамандардан арнайы құрылған Сарапшылық кеңесі қарайды. Сонымен қатар, іріктеу рәсімінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін кино жобаларды қаржыландыру бойынша ұсыныстарды Үкіметтің жанынан құрылған ведомствоаралық комиссия береді. Және де еліміздің Премьер-Министрі Асқар Маминмен кездесу барысында әлемге әйгілі режиссер, сценарист, продюсер Тимур Бекмамбетов екі кино жобасына продюсер болуға дайын екенін білдіргенін айта кеткім келеді», - деді А. Райымқұлова.

Тағы бір айта кетерлігі, Қазақстанда Джейсон Борн агенті туралы трилогияның приквелін Қазақстанда түсіру мүмкіндігі туралы NBS Universal-мен келіссөздер жүріп жатқан көрінеді. Сонымен қатар, елімізге «Universal Pictures» өкілдері мен Джей Футлик келіп, «Форсаж» фильмінің эпизодтарына локацияны зерттеу үшін және басқа да байланыстарды талқылаған.

Кино саласындағы саясат туралы айта келе, статистика бойынша, тек өткен жылы ғана қазақстандық картиналарды көрушілердің саны 30,5 пайызға артқанын жеткізді. Соңғы он жыл ішінде ұлттық прокатта қазақстандық картиналардың үлесі 10 есеге өсті.

«Осы көктемнің елеулі оқиғасы - режиссер Фархат Шариповтың «Тренинг личностного роста» атты қазақстандық картинасы 41-ші Мәскеу халықаралық кинофестиваліндегі  жарқын жеңісі болды! Бұл әлемдегі беделді және әйгілі фестивальдердің бірі. Гран-приге ие болған біздің қазақстандық режиссерімізді Акира Курасава, Федерико Феллини, Джордж Данелия, Сергей Бондарчук, Криштоф Занусси сияқты әлем режиссерлерімен қатарлас қойды», - деді А. Райымқұлова.

Қазақстанға 64 ел визасыз кіре алады

Ал, туризмді дамыту мәселесі бойынша,  2019 жылғы 28 мамырда Қазақстан Республикасының Үкіметі жарлығымен 2025 жылға дейін туризм индустриясын дамытудың бірінші мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Сондай-ақ салалық заң жобасын әзірленді. Бүгінгі таңда 2025 жылға дейінгі туризм индустриясын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы арқасында аймақтық даму тұжырымдамасы айтарлықтай өзгеруде.Қазақстандағы туризмді дамыту картасы құрылды, онда ең ірі 10 туристік бағыт және 50 аймақ анықталды.

31 мамырда еліміздің Тұңғыш Президентінің тапсырмасы бойынша алғашқы қадам жасалды - премьер-министр Асқар Ұзақбайұлы Маминнің қатысуымен  Ақтаудағы туристік кешен құрылысының символикалық тасы қаланды.

Ақтоты Райымқұлова мемлекеттік бағдарламаның жаңа шараларымен қатар, бүгінгі күні министрліктің халықаралық туристті тарту бойынша теңдессіз қадамдар жасалғанын атап өтті.

«Ең алдымен, азаматтардың Қазақстан аумағына визасыз кіруге құқығы бар мемлекеттердің тізімі кеңейтілді - бұл 64 сапалы, икемді туристі бар әлемнің саяси дамыған және тұрақты елдері.  Екіншіден, Үндістан мен Қытай азаматтары үшін 72 сағаттық визасыз транзит енгізілді.Бұл 2018 жылы осы елдерден 22 мың туристті қабылдауға мүмкіндік берген бірінші табысты тәжірибе, ол экономикаға 16 миллион долларға жуық табыс алып келді.  Үшіншіден, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлемнің 128 еліне арналған E-VISA электрондық виза тетігі, сондай-ақ «Жібек жолы» визасы қолданылатын болады, бұл шетелдік қонақтарға 30-дан 5 күнге дейін виза алу уақытын қысқартады», - деді министр.

Қазақстанды туризмнің әлемдік картасында маркетинг пен ілгерілету үшін Әмірліктермен, Чехиямен, Грузиямен және басқа да елдерге ұқсас, туристік жарнаны енгізу - тек қана шетелдік азаматтардан бір түнге 2-4 доллар көлемінде ғана төленетін салық енгізу қолға алынып жатыр.

Сондай-ақ, жасөспірімдер мен балалар туризмін және отандық туристік ағындарды ынталандыру мақсатында «1 + 2» схемасын қолдана отырып «KIDS GO FREE» қағидасы бойынша балаларға арналған тегін әуе жолдарының әуе маршруттарын субсидиялау жоспарлануда. Сонымен бірге, 2020 жылдан бастап еліміздің барлық өңірлерінде тегін «Балалар туристік пойызы» іске қосу жоспарланып отыр.Оған әлеуметтік жағдайы төмен  отбасылардан шыққан балалар, білім беру жарыстарының жеңімпаздары, оқу озаттары және т.б. тартылады.

Халықаралық терминдер жайлы

Терминдерді өзгерту бойынша, министр  халықаралық терминдерді қазақ тіліне қайтару үшін терминологиялық қорға мониторинг жүргізілгенін, осыған орай бұрын қазақ тіліне аударылған 3 300-ден астам жалпыға бірдей қабылданған термин мен ұғым қайта қаралып бекітілетінін айтты. 

«Олардың 300-ге жуығы – халықаралық терминдер. Мысалы, "мұражай" деген сөз "музей" болатын болды. Мұрағат – архив, тағы сондай-сондай нәрселер», – деді Райымқұлова есеп беру кездесуінде. 

Онымен қоса  "Termincom.kz" сайтының негізінде терминологияның қазіргі жағдайы мен негізгі қағидалары туралы ақпараттандыру үшін электронды платформа іске қосылған.

Нұрсұлтан Назарбаев бұған дейін халықаралық терминдерді қазақ тіліне аудару мәселесін айтып, қазақ тілі ғұмырлы болсын десек, оны жөнсіз терминологиямен қиындатпай, қазіргі заманға лайықтаудың қажеттігін айтқан болатын.

Еске салып кетсек, ҚР Мәдениет және спорт министрінің халық алдында есеп беру кездесуі Қазақстан Республикасы Президентінің «Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» 2016 жылғы 5 ақпандағы № 190 Жарлығы шеңберінде ұйымдастырылды. Жарлыққа сәйкес,  орталық атқарушы органдардың басшылары жыл сайын жылдың екінші ширегінде қоғам өкілдерімен есеп беру кездесулерін өткізу көзделген. Кездесу барысында аймақтармен бейнеконференц байланыс қамтамасыз етіліп, жүргізіліп жатқан мемлекеттік реформалар, әлеуметтік-экономикалық даму, стратегиялық жоспарлардың маңызды көрсеткіштеріне қол жеткізу және сәйкес салаларды дамыту аясындағы міндеттер туралы ақпарат беріледі.

Айдана Абдрахманова

 




Яндекс.Метрика