Парламент

Қ. Мәми: Азаматтардың ең басты міндеті - Конституцияның нормаларын құрметтеу

ҚР Конституциялық Кеңесінің жыл сайынғы жолдауы жарияланды. ҚР Парламенті Палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» Конституция кеңесінің жолдауы, ҰР Үкіметінің бюджет туралы есебі тыңдалып, депутаттардың бірқатар сұрақтарына жауап берілді. Бірлескен отырысқа Сенаттың 45, Мәжілістің 102 депутаты қатысты. Толығырақ келесі материалдан оқи аласыздар.
Нұр-Сұлтан20 Маусым , 11:14

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Парламент Палаталарының бірлескен отырысын аша отырып, күн тәртібін таныстырды.

«Күн тәртібінде қаралатын бірінші мәселе – ҚР Конституциялық  кеңесінің Қазақстан Республикасындағы конституциялық  заңдылықтың жай-күйі туралы» жолдауы жөнінде. Конституцияның  53-і бабының 6-тармақшасына сәйкес, Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Конституциялық кеңестің республикалық жыл сайынғы жолдауы тыңдалады», - деп Н.Нығматулин Қайрат Мәмиге сөз берді.

Өз кезегінде ҚР Конституциялық кеңесінің төрағасы  Қ. Мәми Конституция – егемендігімізді паш ететін, азаттығымызды айқындайтын маңызды құжат және татулықты ту еткен елдігіміздің алтын қазығы екенін атап өтті.

«Ата Заңды құрметтеу, бұлжытпай орындаау – алға қойған биік мақсаттарға  қол жеткізудің алғышарты. Бұдан бұрынғы Жолдауды жарияланғаннан бергі кезең Қазақстанның мемлекеттілігі мен конституциялық бірегейлігі үшін тарихи таңбалы оқиғалармен ерекшеленеді. Мемлекет басшысы өкілеттігінің көшуі, Конституцияға өзгерістер енгізу және Республика Президентінің кезектен тыс сайлауы Конституцияның талаптарына  қатаң сәйкестікте өтті. Осылайша, тәуелсіздік таңында Елбасы мәлімдеген  және тұрақты түрде қамтамасыз етіліп отырған Ата Заңның рухы мен әрпін адал сақтау бағытының сабақтастығы және оған қатысты қоғам мен мемлекеттің бұлжымастығы қайта  расталды», - деді Қайрат Мәми.

Сондай-ақ, Конституциялық Кеңестің төрағасы  мемлекет дамының жаңа дәуірінде мемлекеттің және азаматтардың ең басты міндеті  Конституцияның ережелері мен нормалары құрметтеу және жүзеге асыру екенін ерекше атап өтті.

«Конституциялық бақылау органының жолдауында Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімдерін орындауда жағымды үрдістер байқалады. Мәселен, оның құқықтық ұстанымдарын іске асыру үшін жыл басында заңнамада мемлекет мұқтажы үшін мүліктен күштеп айыру кезінде оның құнын өтеу бұрынғыдай кадастрлық немесе шарттық емес, нарықтық бағасы бойынша жүзеге асырылатыны бекітілді. Атқарушылық іс жүргізуде күштеп әкелуді қолдану тәртібі егжей-тегжейлі реттеліп, оны қолдану процесінде мемлекеттік органдар өкілеттіктерінің ара-жігі ажыратылды. Халықаралық стандарттарға сәйкес азаматтарды азаптаудан, зорлық-зомбылықтан, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсету мен жазадан қорғау тетіктері күшейтілді», - деді Қ. Мәми.

Сонымен қатар,  әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің, халықтың көші-қоны саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін заңның жобалары, сондай-ақ норма  шығармашылық процесті жетілдіруге, заңнаманы жүйелеуге және құқық қолдануды жақсартуға бағытталған іс-шаралар әзірленді.

«Заңнамалық актілерде бір-біріне қайшы келетін және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын бұзуға жағдай жасайтын ережелерді алып тастау бойынша жұмыс жалғасуда.  Конституциялық іс жүргізу практикасын және заңнаманы дамытудың қазіргі заманғы трендтерін талдауды ескере отырып, Конституциялық Кеңес елімізде құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайту бойынша нақты ұсыныстар енгізді.  Конституциялық Кеңес заңнамалық массивті конституцияландыру деңгейін арттыру қажет деп пайымдайды», - деді Қ. Мәми.

Қ.Мәми соттардың қолданысқа енгізілген құқықтық актілердің конституциялылығын тексеру туралы ұсыныстармен Конституциялық Кеңеске жүгіну мүмкіншілігін кеңінен пайдалану қажеттігі туралы айтты.

Сондай-ақ, Конституцияның 4-бабы 3-тармағының жаңа редакциясын іске асыру мақсатында «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Заңына ратификациялауға жатпайтын және Қазақстан Республикасының Конституциясымен келіспейтін халықаралық шарттарды қабылдауға немесе бекітуге жол бермеу бөлігінде түзетулер енгізу ұсынылды.

«Келесі 2020 жылы Республика Конституциясына 25 жыл толады. Мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктер, Негізгі Заңның арқасында қол жеткізілген жетістіктерді, сондай-ақ мемлекеттің, қоғамның және әрбір қазақстандық-патриоттың басты назарын талап ететін сын-қатерлер мен тәуекелдерді талдай отырып, осы тарихи оқиғаға дайындалуы тиіс. Жаңа конституциялық шынайылық кезінде Негізгі Заңның беделін одан әрі көтеру, конституциялық патриотизм мемлекетін қалыптастыруды жалғастыру қажет», - деп түйіндеді сөзін Конституциялық Кеңес Төрағасы Қ.Мәми.

Мемлекеттік бюджеттің орындалуы туралы   Премьер-Министрдің бірінші орынбасары  - Қаржы министрі  Әлихан  Смайылов баяндап берді.    

«2018 жылы бюджеттік саясат мемлекеттік қаржының тұрақтылығын нығайтуға және экономиканың одан әрі өсуіне негізделді. Сол себепті экономиканың нақты секторларын қолдау, жұмыс орындарын сақтау және әлеуметтік саланы дамыту бюджеттің атқарылуының басымды бағыттары болды. Жыл қорытындысымен еліміздің экономикасының өсуі 4,1%-ті құрады. Бюджеттің кірістері 8,8 трлн.теңгеге жетті.  Оның ішінде салықтар - 5,7 трлн.теңге», - деді Ә. Смайылов.

 Қаржы министрі атап өткендей,  2017 жылмен салыстырғанда салықтардың жалпы кірістер көлеміндегі үлесі 15%-ке өсіп, 65%-ке жетті.

«Жалпы Ішкі Өнімдегі мұнайға қатысты емес кірістердің үлесі 8%-ті құрады (2017 жылы – 7,8%).Оған индустрияландыруға, агроөнеркәсіпті, орта және шағын бизнесті, тұрғын үй құрылысы мен инфрақұрылымды және әлеуметтік саланы дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландырудың қорытындылары ықпал етті», - деді ол.

Сондай-ақ, кірістердің өсуіне салық-кеден саласындағы әкімшілендірудің жақсаруы да себеп болған.

«Осы жұмыстың нәтижесінде 490 млрд.теңге мөлшерінде қосымша салықтар түсті.Шығыстар бойынша барынша жоғары атқарылуға қол жеткізілді, яғни 99,8%.Бюджет қаражатының игерілуі келесі көрсеткіштермен сипатталады.Бюджеттің әлеуметтік бағыты күшейді.Бұл салаға бүкіл шығыстардың жартысына жуығы, яғни 4,3 трлн.теңге жіберілді», - деді Ә. Смайылов.

 Сонымен қатар, әлеуметтік көмекке және әлеуметтік қамсыздандыруға 2,6 трлн.теңге бағытталды.

«3 млн. 530 мың адамға бюджеттен зейнетақы мен жәрдемақы төленді. 2018 жылы 10,1 млн. салымшыға 9,4 трлн. теңге міндетті зейнетақы жарнасы аударылды. Ана мен балаларды әлеуметтік қолдауға  2018 жылы 146 млрд.теңге жұмсалды. Нәтижесінде 849 мыңға жуық адам жәрдемақы алды. «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде 42 мың адам техникалық және кәсіптік біліммен қамтылды.«Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 28 мың кәсіпкер оқудан өтті. Микрокредит алушылардың есебінен қосымша 12,6 мың жұмыс орны ашылды», - деді министр.

Ә. Смайылов айтып өткендей,  мемлекетті дамыту үшін маңызды роль атқаратын салалардың бірі – ол білім саласы.

«Өткен жылы осы сала 474 млрд.теңгеге қаржыландырылды.2018 жылы балабақшалардың саны 10 314-ті құрады немесе 2017 жылмен салыстырғанда 551-ге көбейді.Ол 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі біліммен  95,2% деңгейінде қамтуға мүмкіндік берді.62 мектеп  пайдалануға берілді», - деді ол.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары денсаулық саласына 1 трлн. 71 млрд.теңге  бөлінгенін атап өтті.

«Оның 955 млрд.теңгесі халықты кепілдендірілген тегін медициналық көмекпен қаматамасыз етуге бағытталды.Нәтижесінде қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 4,3%-ке төмендеді; қатерлі ісіктерден өлім 2,5%-ке төмендеді.4 млн. 905 мың адам вакцинациядан өтті», - деді ол.

Сонымен қатар,  министр  тұрғын-үй коммуналдық шарушылығына 257 млрд.теңге  қаражат бөлінгенін атап өтті.

«Оның жартысынан көбі «Нұрлы Жер» бағдарламасына, яғни халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталды.Жалға берілетін тұрғын үй құрылысы аясында 3 678 пәтер кезекте тұрған халықтың әлеуметтік топтарына берілді.10,8 мың километр жылумен, электрқуатымен, газбен және  сумен жабдықтау, су бұру желілері жаңартылды.Жаңартылған/салынған жылумен жабдықтау желілерінің үлесі 2,2%-ке, сумен жабдықтау - 7,1%-ке, су бұру - 3,4%-ке өсті», - деді Ә. Смайылов.

Сондай-ақ, ол  орталықтандырылған көздерден ауыз сумен қамтамасыз ету қалаларда 94,5%-ке дейін, ауылдарда - 60%-ке дейін жеткенін жеткізді.

«Ауыл шаруашылығына 419 млрд.теңге қаражат бөлінді, немесе 2017 жылмен салыстырғанда 14,5%-ке көп. Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарды жүргізу үшін  1 985 агроөнеркәсіп субъектілері қаржыландырылды. Бұл 3,2 млн. гектар  жерге егін егуге мүмкіндік берді. Ауыл шарашылығының жалпы өнімінің көлемі 2017 жылмен салыстырғанда 3,4%-ке өсіп, 4,4 трлн.теңгені құрады.Бұл жалпы сомасы 209 млрд.теңге жеке инвестициялар тартуға мүмкіндік берді», - деді ол.

Сондай-ақ,  көлік және коммуникация секторында республикалық маңызы бар жолдардың 548 км жаңартылды.

«1 419 км автожолдар орташа жөндеуден және 64 км автожолдар күрделі жөндеуден өтті.Осы жұмыстардың нәтижесі жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы республикалық маңызы бар жолдардың үлесін 87%-тіне дейін жеткізуге мүмкіндік берді», - деді министр.

Ә. Смайылов  айтып өткендей,  «Бизнестің жол картасы- 2020» бағдарламасы шеңберінде орта және шағын бизнестің 2 мыңға жуық  жобасына қолдау көрсетілді.

«Кәсіпкерлік негіздеріне 23 мың адам оқытылды.2019 жылдың 1 қаңтарына  жұмыс істеп тұрған орта және шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1,2 миллионға жетті. 2018 жылдың басымен салыстырғанда, ол 8,3%-ке өсті. Екі Палатаның жұмыс топтарында бюджеттің кірістерін толықтыру, шығыстарын тиімді пайдалану, стратегиялық және бюджеттік жоспарлауды жақындату, олардың индикаторларының сапалы жоспарлану, сыртқы борышты қадағалау сияқты жүйелі мәселелер қозғалды.Депутаттардың және Есеп комитетінің барлық ұсыныстарын орындау үшін біз Үкіметте  арнайы Жол картасын дайындап бекітіп іске асыруды бастадық.Онда әр мәселе бойынша  жауапты мемлекеттік органдар   және орындау мерзімдері бекітілді», - деп түйіндеді өз сөзін Ә. Смайылов.

Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова  мемлекеттік ресурсты тиімді жұмсау, Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаев қойған басты стратегиялық мақсаттардың бірі екенін атап өтті. Өткен  жылдың бюджеті белгіленген параметрлер шегінде орындалды. Оған жеткілікті қолайлы макроэкономикалық жағдай да, Үкіметтің атқарған жұмысы да ықпал етті.  

«Есеп комитеті Үкімет пен мемлекеттік органдарға берген мәліметтері бойынша осыған дейінгі қараудың қорытындысы бойынша орындалу деңгейі 72 пайызды құрады. Ол бюджеттің жақсаруына өз үлесін қосты. Бюджетке түзетулер екі есеге қысқарды, оң динамика бекітілді. Бұл жұмыс одан әрі жалғасатынына үміттіміз», - деді Наталья Годунова.

Сонымен қатар, бірлескен отырыста бірқатар депутаттық сауалдар жолданып. Үкімет мүшелеріне сұрақтар қойылды. Жиын қорытындысында  тиісті  Қаулы қабылданды. 

Аягөз Құрмаш

Фото: Бауыржан Жуасбаев 

 




Яндекс.Метрика