Халықаралық интеграция

Нұр-Сұлтаннан Стамбұлға 1 шілдеден бастап күнде әуе рейсі қатынайды

1 шілдеден бастап Нұр-Сұлтан-Стамбұл бағытындағы әуе қатынасы 7 ретке дейін жиілейді. Бұл көрсеткішке қол жеткізу Стамбұлда 2018 жылдың 29 қазанында Стамбұл әуежайының ресми ашылуы себеп болып отыр. Қазақстандық туристердің Түркияға ұшып-қонуына қандай қолайлы жағдайлар жасалатыны туралы келесі материалдан оқи аласыздар.
Нұр-Сұлтан19 Маусым , 14:28

Әуе алаңының жалпы көлемі 76,5 млн шаршы метрді құрайды. Әуежайдың 6 ұшып-қону жолағы бар.  Оған қоса,  165 телескопиялық жол мен 500 ұшақ тұрағы, 70 көлікті сыйдыратын автотұрақ  келушілер үшін қолайлылық тудырады. 

«Қазақстан Тәуелсіздігін алғаннан кейін ең алғашқылардың бірі болып біздің әуе кеме қатынаған болатын. Түрік әуекомпаниясы  27 жыл бойы Қазақстан шекарасында ұшып-қону үрдісін жүргізіп келе жатқанын атап өту қажет. Біз 1992 жылдың мамырында Алматы әуежайына ұшып келген алғашқы халықаралық әуекомпаниясы болдық. 2005 жылдан бастап Қазақстанның жаңа астанасы қазіргі Нұр-Сұлтанға қатынап тұрамыз», - деді Turkısh Airlains өңірлік директоры Хасан Саваш Ерден.  

Сондай-ақ, ол компания әлем бойынша үздіктер қатарында екенін атап өтті.

«Түркияда біздің компания ең үздік бренд болып табылады. Бүгінде  124 елге қатынаймыз. Әуе кемелерінде туристерге барлық қолайлы жағдайлар жасалады», - деді ол.

Өз кезегінде  ҚР ИИДМ Ұлттық авиация комитеті Халықаралық қатынастар мен авиациялық тасымалдау басқармасының жетекшісі Салтанат Томпиева Қазақстан мен Түркия арасындағы әуе қарым-қатынасы шынымен,  1992 жылы басталғанын атап өтті.

«Turkish Airlains  Алматыға  ұшып келген алғашқы халықаралық әуе кемесі болды. Нұр-Сұлтан қаласына  жасаған алғашқы сапардың жасалғанына да  15 жыл болды. Алғашында, аптасына екі рет қатынайтын, жарты жылда 4-ке ұлғайды. Қазір ол аптасына  5 ретке дейін жүзеге асырылып жатыр. Енді  1 шілдеден бастап  7 рет болмақ», - деді С.Томпиева.

Сондай-ақ, ол Түркия мен Қазақстан арасындағы туристер ағыны өте жоғары екенін айтып өтті.

«Қазақстан мен Түркия арасында аптасына  60-қа жуық рейс қатынайды. Оның ішінде, Turkish Airlains –тің үлесі аптасына  20 рейс болып отыр. Сондай-ақ, Air Astana мен Turkish Airlains-тің арасында өте сәтті коммерциялық қарым-қатынас орнатылған. Жолаушыларға арналған тарифтері бар, өте қолайлы. Ұлттық авиация комитеті жаңа рейстердің ашылуы мен жаңа бағыттардың ашылуы бойынша үнемі  жұмыс істейді», - деді С.Томпиева.

Сондай-ақ, С.Томпиева жақында Стамбұлдың жаңа әуежайында трансферт жолаушысы  ретінде    10 сағат ұшақ күткенін айтты.

«Өте үлкен, ыңғайлы  әуежай. Жолаушыларға барлық қолайлы жағдайлар жасалған Мен күткен  10 сағат,  10 минуттай зыр етіп өте шықты», - деді С.Томпиева.

Сондай-ақ, шараның қорытындысында келген қонақтарға Нұр-Сұлтаннан Стамбұлға қатынайтын екі әуе кемесіне екі билет пен өзге де құнды билеттер ұтысы ойнатылды.

Аягөз Құрмаш




Яндекс.Метрика