Үкімет

Медициналық көмек көрсетудің жаңа тәсілдері қандай болмақ?

Үкімет отырысы жаңадан тағайындалған министрлердің ант беруінен басталды. Осыған дейін тағайындалған ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, сондай-ақ ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Қазақстан заңдарын қатаң ұстанып, ел игілігіне қызмет ету жөнінде ант етті. Ал, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов медициналық сақтандырудың жаңа үлгісі туралы айтып берді. Толығырақ келесі материалдан оқи аласыздар.
Нұр-Сұлтан18 Маусым , 11:09

Министр Елжан Біртанов   Елбасының тапсырмасы бойынша тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің  жаңа үлгісі және міндетті әлеуметтік медициналық жүйесіндегі медициналық көмек пакеті әзірленгенін жеткізді.

«Олар 2020 жылдың қаңтарынан бастап қолданысқа енеді. Бұл жұмыс БҰҰ тұрақты даму мақсаттарына сәйкес жүргізілді. Жалпы танылған әлемдік денсаулық сақтау стандарттары денсаулыққа байланысты қаржылық тәуекелдерден қорғауды, сондай-ақ созылмалы инфекциялық емес ауруларды басқаруды қамтамасыз ететін медициналық-санитарлық қызметтермен жаппай қамтуды айқындады», - деді Елжан Біртанов.

Министр айтып өткендей,  бюджеттік шығындардың жыл сайын ұлғаюына қарамастан, тегін медициналық көмекті қаржыландырудың  қазіргі деңгейі халықтың медициналық көмекке өсіп келе жатқан сұранысын қамтамасыз ете алмай жатыр.

« Тегін медициналық көмекті қаржылық қамтамасыз ету тапшылығы тек 2017 жылы 363 млрд теңгені құраған.Соның салдарынан бұл бағыттағы шығын 2017 жылы денсаулық сақтаудың жалпы шығыстарының 42 пайызына (678 млрд тг) жетті. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған шекті деңгейден екі есе жоғары», - деді Елжан Біртанов.

Министр атап өткендей, жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, халықты медициналық қамтамасыз етудің үш деңгейлі жүйесі әзірленген.

Бірінші деңгей - ҚР барлық азаматтарына, оралмандар мен тұрақты тұратын шетелдіктерге мемлекеттік бюджет есебінен тегін медициналық көмек беруді қамтамасыз етеді.

«Бұл пакет тегін медициналық көмектің мынадай түрлерін қамтиды: тіркелген жері бойынша медициналық-санитарлық алғашқы көмек, жедел көмек, санитарлық авиация және шұғыл стационарлық көмек,  дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді қоса алғанда, әлеуметтік мәні бар аурулар мен негізгі созылмалы аурулар кезінде медициналық көмектің толық спектрі», - деді Е.Біртанов.

Министр атағандай,  екінші деңгей - сақтандырылған халық үшін медициналық сақтандыру жүйесі пакеті - ол тегін медициналық көмектен тыс қызметтерді қамтамасыз етіп, аурулардың кең спектрі бойынша консультациялық, диагностикалық, жоспарлы стационарлық көмек және тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, стационарды алмастыратын көмек, оңалту және қалпына келтіру емін қамтиды.

«Үшінші деңгей - бұл тегін медициналық көмек және медициналық сақтандыру жүйесінің пакеттеріне кірмейтін медициналық қызметтер. Олар ақылы немесе ерікті медициналық сақтандыру есебінен ұсынылады», - деді министр.

Министр  медициналық көмек пакеттерінің жобаларын сарапшылар егжей-тегжейлі пысықтағанын жеткізді.

«Олар өңірлердің денсаулық сақтау басқармаларымен, мүдделі мемлекеттік органдармен, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен келісілді. Денсаулық сақтау министрлігінің қоғамдық кеңесінде қаралып, мақұлданды. Бекітуге ұсынылатын медициналық көмек пакеттерін қолдауды және 2020 жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін тұрақты енгізу үшін барлық қажетті шараларды іске асыруды қолдауыңызды сұраймын», - деді Елжан Біртанов.

Өз кезегінде Премьер-Министр Елжан Біртанов  денсаулық сақтау жүйесін дамытудың 2025 жылға дейінгі жаңа мемлекеттік бағдарламасы әзірленіп жатқанын айтты.

« Сақтандыруды тиімді түрде енгізу үшін 1 қыркүйектен бастап Қарағанды облысында пилоттық жоба іске қосылады. Осыған байланысты біріншіден, Денсаулық сақтау министрлігіне осы жобаны іске қосуды, барлық медициналық ұйымдарды қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл тәжірибені барлық өңірлерге тарату және келесі жылдан бастап медициналық сақтандыру толық іске қосылған кезде ескеру қажет. Екіншіден, барлық өңірлерді әкімдеріне қазан айына дейін міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жобасын жүзеге асыруды қамтамасыз етуді тапсырамыз», - деді Асқар Мамин Үкімет отырысында.

Сондай-ақ,Премьер-Министр  Асқар Мамин  осы жобаларды дайындау аясында Атырау, Маңғыстау, Павлодар облыстарында жұмыс сапалы түрде ұйымдастырылғанын атап өтті.

«Сонымен қатар, Алматы, Ақмола, СҚО, Түркістан облыстарының әкімдері медициналық ұйымдарды техникалық тұрғыда қамтамасыз етуге және халықты бастапқы медициналық-көмек беру ұйымдарына тіркеуге ерекше назар аударуы қажет. Үшіншіден, министрлік пен өңірлер міндетті медициналық-әлеуметтік көмек бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстарын күшейтуі қажет», - деді А.Мамин.

Премьер-Министр  әрбір азамат мемлекет тарапынан қандай медициналық көмек тегін көрсетілетінін және әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесінің қалай жұмыс істейтінін нақты білу тиіс екенін жеткізді.

«Денсаулық сақтау министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне, өңірлердің әкімдіктеріне халықты медициналық сақтандырумен толығымен қамту және тізімдеу, мәртебесін нақтылау жөніндегі барлық жұмысты биылғы жылдың қазан айында аяқтауды тапсырамын. Уақыт аз қалды. Барлық мәселелерді шешу үшін жұмысқа белсене кірісу керек», - деді ол.

Қазақстан Үкіметі медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бойынша жұмыстарды жалғастыратын болады.

Аягөз Құрмаш 




Яндекс.Метрика