Заңның үстемдігі

Заң қызметі саласында қандай реформалар жүргізілді?

Әділет министрі Марат Бекетаевтың өңірлермен бейнеконференциялық байланыс арқылы халық алдында есеп беру кездесуі өтті. Кездесу барысында Министр қоғамның және әділет органдарының өткен жылы атқарған қызметі туралы толық ақпарат берді. Толығырақ келесі материалдан оқи аласыздар.
Нұр-Сұлтан14 Маусым , 12:25

М.Бекетаевтың сөзінше, қазіргі уақытта Министрлік 3 заң жобасы бойынша жұмысты жалғастыруда. Олармен көзделген өзгерістер: әкімшілік құқықбұзушылықтар үшін санкцияларды жеңілдетуге, соттар мен мемлекеттік органдар арасында өкілеттіктерді бөлуге, әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс жүргізулерді электронды форматқа ауыстыруға, жария-құқықтық қатынастардан туындайтын даулар бойынша сот төрелігін жөнелтуді жақсартуға бағытталған.

Сондай-ақ, Министрлік нормативтік құқықтық актілерді тіркеуді толығымен электронды форматқа ауыстырды. Оны тіркеу мерзімі 15 жұмыс күнінен 5 күнге қысқартылды.  

Аталған өзгерістер әлеуметтік мәселелерді жедел реттеуде аса маңызды.

Өткен жылы Министрлік заң қызметі саласында реформа жүргізді. Аталған реформа аясында қабылданған шаралар заң қауымдастығында бәсекелес ортаны құруға және адвокаттар санын көбейтуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген Pro bonо жүйесі арқасында әлеуметтік және қаржылық жағдайы қиын азаматтар тегін заң көмегін алуда.

«Нотариат туралы» Заңына да өзгерістер енгізілді. Берешекті өндіріп алу бойынша даусыз талаптар нотариустарға берілді.

Сонымен қатар, Министрлік сот актілерін орындауды жақсартуға бағытталған барлық шараларды қабылдауда. Атқарушылық іс жүргізу тараптары атқару іс-әрекеттері туралы СМС арқылы хабарланатын болады.  Осы жылы Ақмола облысында пилоттық режимде жеке сот орындаушыларының рейтингі енгізілді. Енді өндіріп алушылар рейтингпен танысып, сот орындаушыларды таңдай алады.

«Сот сараптама қызметін жақсарту мақсатында, материалдық-техникалық базаны нығайтуға бюджеттен қосымша қаражат бөлінді. Ал кәсіби деңгейді жоғарылату мақсатында 232 қызметкер біліктілікті арттыру курстарын өтті және 25 қызметкер резидентурада оқуда. 28 сот сарапшысы «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға жіберілді», - деді министр.

Сот сараптама қызметін автоматтандыру бойынша да жұмыс жүргізіліп жатыр. «Е-сараптама» ақпараттық жүйесі әзірленді. Оны «Төрелік» және «Е-қылмыстық іс» ақпараттық жүйелерімен біріктіру мәселелері пысықталуда.

Министр 2003 – 2018 жылдар аралығында 18 млрд АҚШ доллары сомасына мемлекет мүддесі қорғалғанын, сонымен қатар Bank of New York Mellon банкіндегі Ұлттық Банк шотына 21,5 млрд. АҚШ доллары сомасына салынған заңсыз тыйым алынғанын айтып өтті. Келтірілген залалды өтеу жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ, министр  Қазақстандағы адвокаттар санының артуына заң қызметі саласындағы реформа мұрындық болып отырғанын айтты.

«Өткен жылы министрлік заң қызметі саласында реформа жүргізді. Аталған реформа аясында қабылданған шаралар заң қауымдастығында бәсекелес ортаны құруға және адвокаттар санын көбейтуге мүмкіндік беріп отыр. Есептей беріңіз: соңғы 4 жылда адвокаттар саны 300-ге ғана артса, заң қабылданған уақыттан бергі жарты жылда олардың саны 400-ге көбейіп, 5 мыңнан аса адамды құрады», - деді Әділет министрі Марат Бекетаев.

Министрдің айтуынша, заң шеңберінде  мамандықты игеруде кедергі болған адвокаттар алқасына кіру жарнасы мен адвокаттардың алқа басшылығына негізсіз тәуелділік тудырған адвокаттық ордерлер алынып тасталған.

Заңмен тәртіптік іс-жүргізуді 2 деңгейлі жүйеде қарастыру айқындалып, жергілікті және республикалық деңгейде құрамы 6 адвокат, 3 қоғам өкілі және 2 отставкадағы судьядан тұратын тәртіптік комиссиялар құрылған.

«Адвокаттар алқасы қызметін ұйымдастыруда да өзгерістер бар. Алқа қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында интернет-ресурста қаржы-шаруашылық қызмет туралы есепті орналастырады. Адвокаттық қауымдастықты тиімді басқару үшін бір тұлғаның басқару органдарында бір мерзімнен көп болуына тыйым салынды», - деді ол.

Марат Бекетаев бұдан басқа, заң көмегінің сапасын арттыру шаралары қабылданғанын атап өтті.

 «Адвокаттардың өз біліктілігін арттыру және кәсіби ұйым бекіткен ереже мен стандарттар бойынша заң көмегін көрсету міндеттілігі енгізілді. 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап адвокат пен заң консультантының кәсіби жауаптылығын міндетті сақтандыру институты енгізіледі. Бұдан былай сапасыз көмек көрсетілген жағдайда азаматтар сақтандыру өтемақысын ала алады. Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік және қаржылық жағдайы қиын азаматтар адвокат немесе заң консультантынан тегін кешенді әлеуметтік заң көмегін алуда. Бұл көмек өтініш жасаған уақыттан бастап іс бойынша шешім қабылданғанға дейін көрсетіледі», - деді Марат Бекетаев.

Қорытындысында,  Марат Бекетаев залда отырған азаматтардан, ведомствоның поштасына өңірлердегі тұрғындардан келіп түскен сұрақтарға жауап берді.

Аягөз Құрмаш 




Яндекс.Метрика