Ұлт денсаулығы - табысты болашағымыздың негізі

Қазақстанда тегін дәрі-дәрмекті қалай алуға болады?

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 29 тамыздағы № 666 бұйрығымен азаматтардың жекелеген санаттарына амбулаториялық деңгейде тегін немесе жеңілдікпен берілетін дәрілік заттармен және мамандандырылған емдік өнімдердің тізімі бекітілген болатын.
Нұр-Сұлтан12 Маусым , 14:39

Тегін дәрі-дәрмекке қол жеткізгіңіз келсе, тұрғылықты мекен-жайыңыз бойынша емханаға тіркелуіңіз керек. Дәрігер ай сайын, немесе айына бір немесе үш рет тегін дәріге рецепт жазып береді. Тегін дәрі барлық ауру түрлеріне беріле бермеді. Емделуші ауру түріне қарай, тек бұйрықпен бекітілген дәрі-дәрмектерді ғана тегін ала алады. Емдеуші дәрігеріңіз жол сілтеген дәріханадан дәрі алу үшін төлқұжатыңызбен барасыз. Мерзімі өтіп кеткен рецепттер бойынша дәрілерді беруге рұқсат етілмейді.  

Тегін дәрі-дәрмек үшін сатып алынатын дәрілер мен медициналық бұйымдардың тізімі 1144 жолдан тұрады. Оған дәрілердің 829 атауы мен 315 медициналық бұйым кірген. Биыл 45 ауру бойынша диспансерлік есепте тұрған науқастарды емханада емдеу үшін дәрі-дәрмектердің 550-ден астам атауы бекітілді. Өткен жылы дәл осындай мақсатта 482 атаумен дәрі-дәрмектер сатып алынған.

Егер дәрігер тегін дәрі беруден бас тартып жатса, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің № 666 бұйрығына сүйеніп, тиісті дәріні беруді талап ете аласыз немесе министрлік жанынан құрылған дәрі-дәрмек ақпараттық орталығының 8 800 080 88 87 нөміріне қоңырау шалып, шағым қалдыру керек. Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін.

Сондай-ақ 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап «СК-Фармация» ЖШС байланыс орталығына хабарласу үшін жаңа қысқа нөмір іске қосылды. Халықты тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде емделушілерге ыңғайлы болу үшін қосылған 1439 бірыңғай қысқа нөміріне  Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі емделушілер кез келген қалалық немесе ұялы телефоннан тегін қоңырау шала алады. Байланыс орталығының операторлары диспансерлік тіркеуде тұрған және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде амбулаторлық ем алатын халыққа тегін босатылатын қажетті дәрі-дәрмекті жеткізу мерзімі, көлемі және жоспарланған күні туралы ақпарат береді.

Сонымен бірге,  «СК-Фармация ЖШС» сайтында емханаларда тегін дәрі-дәрмектің бар-жоғы туралы ақпарат беретін бірыңғай электронды анықтама іске қосылды. Бұл жоба 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап жұмыс істейді. Мақсаты – дәрілерді жеткізу туралы емделушілерді хабардар ету. Анықтама онлайн режимде дәрілік қамтамасыз ету бойынша барлық деректерді, медициналық ұйым қандай дәрі-дәрмектерге өтінім орналастырды, онда қашан және қандай көлемде дәрілер түсті, қазіргі кезде олар бар ма, жоқ па, сондай-ақ дәрілердің келесі жеткізу мерзімі қашан — соның барлығын білуге мүмкіндік береді.

№ 666 бұйрыққа сәйкес, балалардың жасына қарай және анасының ауру түріне қарай төменде көрсетілген  ауруларда тегін дәрі берілуі тиіс.

Жаңа босанған әйелге нәрестесі үшін Ана мен бала қобдишасы тегін ұсынылуы тиіс. Қобдишада: жасыл дәрі, сутегінің асқын тотығы 3%, мақта (Стерилденбеген), дәке, балалар ұнтағы, вазелин; йод, клеёнка, дәрі тамызғыш, кішкене груша, марганец ерітіндісі, емізік болады. Ал балаларға қатысты медициналық, психологиялық шағымдар болса, бала құқықтарын қорғау үшін құрылған 111 сенім телефонына хабарласаңыз, олар  мәселеңізді шешуге атсалысады. Бұл сенім телефоны да Қазақстан бойынша тегін.

Медициналық айғақтары бойынша ерте жасанды немесе аралас қоректендіруге тура келген 1 жасқа дейінгі нәрестелерге емшек сүтін алмастырғыш беріледі. Жіті фарингит,тонзиллит,бронхитпен ауыратын бес жасқа дейінгі балаларға, мешелмен ауыратын 1 жасқа дейінгі балаларға, темір тапшылығы анемиясы бар 18 жасқа дейіні балаларға, пневманиямен ауыратын 18 жасқа дейінгі балаларға, балалар церебралды сал ауруында немесе сүт жетіспеушілігі расталса, галактоземия, фенилкетонурия, «кленовый сироп» ауруы болса, тегін дәрілер беріледі. Тегін берілетін дәрілердің атауын мына сілтемеден  біле аласыз.

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде амбулаториялық деңгейде белгілі бір аурулары  (жай-күйі) бар халықты тегін қамтамасыз ету үшін дәрілік  заттардың және медициналық мақсаттағы бұйымдардың және  бейімделген емдік өнімдердің бекітілген тізіміне сәйкес төменде келтірілген ауруларда тегін дәрілер беріледі:

Қан ауруларының ауыр түрлері, онкологиялық қатерлі ісік аурулары, психикалық аурулар (психоздар немесе бала туғаннен кейінгі ауыр депрессия), бүйрек ауруларының ауыр түрлері, туа бітті жүрек аурулары немесе жүрек ауруының басқа да түрлері, анасының іріңді-септикалық ауруларымен ауыруы, эндокриндік аурулардың ауыр түрлері, аллергиялық аурулардың ауыр түрлері, сүт азаюының бастапқы формасы, ВИЧ/СПИД, туберкулездің ашық түрі, аритмия, асқазанның және ұлтабардың ойық жарасы және т.б.

Айта кетерлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрі Е.Біртановтың айтуынша бұл ауруға қажетті дәрілердің 30 %-ын қамтиды.

Сондай-ақ балаларды асырап алғанда, көпұрықтық жүктілік, анасы оқу орнының күндізгі бөлімінің студенті болса, анасы стационарлы бөлімде емдеуде болса бұйрықта бекітілген дәрілер тегін беріледі.

Тегін дәрілер тізімі жазылған Денсаулық сақтау министрлігінің № 666 бұйрығымен танысу үшін мына сілтемеге өтіңіз. 

  Айдана Абдрахманова     




Яндекс.Метрика