Халықаралық интеграция

Стратегиялық әріптестіктің 10 жылдығы: Корей таяқшаларының көрмесі ашылды

Елбасы кітапханасында ас ішуге арналған корей таяқшаларының «K-Chopsticks: Connection» көрмесі ашылды. Көрме Қазақстан Республикасы мен Корей Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестік орнатылуының 10 жылдығына арналған.
Нұр-Сұлтан12 Маусым , 10:42

Іс-шара Елбасы кітапханасының «Мәдениет арқылы үнқатысу» атты халықаралық көрме жобасы аясында Қазақстан Республикасындағы Корей Республикасы Елшілігінің Корей мәдени орталығымен бірлесе отырып, Чончжу қаласы әкімдігі мен Чончжу қаласының мәдени өндірісті ілгерілету қорының қолдауымен ұйымдастырылған.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов қазақ пен корей халқын достастық қарым-қатынас тығыз байланыстыратынын жеткізді.

«Елбасы кітапханасының «Мәдениет арқылы үнқатысу» атты халықаралық жобасы он жылдан астам уақыт бойы шетелдік әріптестерімізбен бірлескен іс-шараларды ұйымдастыру алаңына айналып келеді. Жоба шетелдік әріптестермен ынтымақтастық орнатуға ғана емес, келушілерімізге «мәдениетпен үнқатысуға» мүмкіндік береді. Бүгінде Қазақстан мен Корея – стратегиялық әріптестерге айналған қос мемлекет. Олар бұл серіктестікті одан әрі терең дамытып келеді, – деп Ә.Рахымжанов.

Ә. Рахымжанов іс-шараны ұйымдастыруда зор үлес қосқан Пак Санг Он мырзаға танымал қазақ жазушысы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» романының тартулық басылымын ұсынды.

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында аталмыш іс-шараны ашу – мен үшін үлкен абырой. Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Мұратбекұлы атап өткендей, қос мемлекет арасындағы байланыс күннен күнге қарқынды дамып келеді. Елдеріңізге таяуда ғана келген Корей Республикасының президенті Мун Чжэ Иннің мемлекеттік сапары осының дәлелі. Бүгінгі көрме назарларыңызға ас таяқшаларын ұсыну арқылы Сіздерді корей халқының дәстүрлері мен өмірлік көзқарастарымен таныстыруды көздейді. Бұл құралдар Кореяның ғана емес, жалпы, Шығыс Азия елдері мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналған», - деді Қазақстан Республикасындағы Корей Республикасының елшісі Ким Дэсик.

«K-Chopsticks: Connection» ас ішуге арналған корей таяқшаларының көрмесі келушілерді корей тамақтану мәдениетімен, сондай-ақ әрқайсысы өнер туындысы болып табылатын асхана аспаптарының бірегей топтамасымен таныстырады.

Экспозицияда шебер Ким Сонхоның сырланған асхана аспаптары; шебер Ли Чонгуктың Пунди бұрышты ағашынан жасалған таяқшалары; шебер Ли Сордың асхана аспаптарына арналған тысқаптары; шебер Пак Сангтэнің «Юги» дәстүрлі корей қоласынан жасалған асхана аспаптары; сонымен бірге Чончжу қаласының тарихынан сыр шертетін өнер бұйымдары ұсынылады. 

Жалпы көрме экспозициясына Чончжу қаласында тұратын 46 қолданбалы өнер шеберлері дайындаған 400-ге жуық жұмыс қойылған. Бұған дейін аталған туындылар 2017 жылы Бангкок қаласында (Тайланд) және 2018 жылы Сидней қаласында (Аустралия) өткен көрмелерге қойылған болатын.

«Тағамнан дәм татудың үш жолын білеміз. Бангладеш, Индонезия сынды мемлекеттер тамақты қолмен жейтін болса, батыс халықтары дастархан басында қасық пен шанышқыны пайдаланатыны белгілі. Бұл әдістер тамақты үзуге, шаншып, түртіп алуға көмектесетін болса, таяқшамен тамақтануға әдеттенген Шығыс Азия елдері тағамның бүтіндігін сақтауға мән береді. Аталмыш мемлекеттердің мәдениетінде бүтіндік кез келген жерде сақталуы тиіс. Бұл – табиғатқа деген сыйластық пен құрметтің белгісі. Ішілген астың адамға құнар беретінін ескерсек, Шығыс Азия елдері таяқшаларды өмір мен қуатты байланыстырушы құрал ретінде қабылдайды. Сол себепті, таяқшаларды жасау өнеріне, тіпті оларды дұрыс ұстау ережелеріне елде зор көңіл бөлінеді. Бүгін біз аталған мұрамызбен бөлісуді көздеп отырмыз. Осы тұста корей халқының Қазақстанмен қарым-қатынасын нығайта түскісі келетінін айтқым келеді. Себебі, соғыс жылдарында қандастарымызды бауырына басқан қазақ халқының мейірімі мәңгі жадымызда», - деді Чончжу қаласы мәдени өндірісті ілгерілету қорының бас хатшысы Пак Санг Он.

Айта кетейік,  «K-Chopsticks: Connection» көрмесі 2019 жылғы 11 тамызға дейін жалғасады.

Аягөз Құрмаш 




Яндекс.Метрика