Білім беру

Қазіргі заманның түлектері қандай болуы керек?

Назарбаев Университетінде Жоғары білім көшбасшыларының жыл сайынғы VIII Еуразиялық форумы ашылды. «Болашақ талабына сай түлектер» атты форумның басты тақырыбына байланысты қызықты сессиялар, пікірталастар мен семинарлар ұйымдастырылды. Форумға 12 елден 300-ге жуық делегат қатысты. Түлектердің қандай заманауи талаптарға сай болуы керектігі жайлы келесі материалдан оқи аласыздар.
Нұр-Сұлтан06 Маусым , 17:40

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова мен Назарбаев Университетінің Президенті Шигео Катсу форумға қатысушылар алдында құттықтау сөз сөйледі.

Вице-Премьер өз сөзінде Елбасы Н. Назарбаевтың сөзін келтіріп өтті: «Цифрлық қоғам мен білім экономикасы бар жаңа жаһандық өркениет туындауда және біздің еліміз осы уақыт талаптарына сай болуы керек. Ал жастар еліміздің қазіргі әлемдегі бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы болуы тиіс».

Г. Әбдіқалықова Форум магистральды идеялар мен адами капиталды дамыту жобаларын әзірлеудің жүйелік алаңына айналғанын атап өтті.

«Қазақстанда мемлекеттік саясаттың басымдықтарының бірі – білім беруді дамыту. Көп деңгейлі жүйе жұмыс істеуде. Заңнамалық база жетілдірілуде. Үдемелі дамудың бірден бір куәсі ол жоғары оқу орындарының санын 131-ге дейін артуы, оларда 540 мыңнан астам студент білім алуда», - деді Г. Әбдіқалықова.

Сондай-ақ, пленарлық сессияларда қатысушылар жоғары оқу орындарының студенттерді еңбек нарығының өзгермелі сипатына бейімдеп даярлау, сондай-ақ болашақ көшбасшылар мен жауапты азаматтардың әлеуетін дамыту мүмкіндігін талқылады.

Бүгінгі таңда оқу орындарының алдында студенттердің бойына сіңіретін құндылықтарды барынша арттыру міндеті тұр, бұл дегеніміз - оқу тәжірибесін интернационалдандыру, зерттеулер мен оқытуға өмір бойы қатысуға мүмкіндік беру, сондай-ақ жетекші білім беру мекемелерімен сенімді «әріптестік қарым-қатынас жасау.

«Бүгін біз өзгермелі, күтпеген, күрделі және бір мәнді емес әлемде өмір сүреміз. Біз сандық прогресс, компьютерлік технологияларды дамыту, жасанды интеллект, big data дәуірінде өмір сүреміз. Жасанды интеллект жүйесі бір жағынан адам ресурстарын ауыстыратын дәуірде, бірақ екінші жағынан жаңа мамандықтар үшін қажеттілік туғызады. Әлем өзгеріп жатыр, сондықтан бізге, жоғары оқу орындарына, студенттерге біздің клиенттеріміз ретінде ұсынатын қызметтерді жақсарту үшін форум тақырыбына қойылған сұраққа жауаптарды анықтау маңызды», - деп атап өтті Назарбаев Университетінің Президенті Шигео Катсу.

Өз кезегінде Нью-Йорк Буффало университетінің академиялық істер жөніндегі Атқарушы вице-президенті Чарльз Зукоски цифрлік технологиялардың қарқынды дамуын атап өтті.

«Жас ұрпақ туралы айтатын болсақ, біз бұл жастардың қолында ұялы телефондармен тура туғанын түсінуіміз керек. Біз мәдениеттер мен қоғамдастықтар арасындағы ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл тез және жылдам жүріп жатқан кезде цифрландыру дәуірінде өмір сүреміз», - деді   Чарльз Зукоски.

Форум спикері, BCG Kazakhstan директоры Лейла Әбдімомунова жас мамандар арасында қашықтағы мамандықтар мен фриланстың тартымдылығын атап өтті.

Ол сондай-ақ, білім беру мекемелері үшін бүгінгі күні әлі пайда болмаған болашақ мамандықтарға кадрларды дайындау мен болжай білу үлкен сын болып табылады.

Сондай-ақ, Назарбаев Университетінің провосты, доктор Илесанми Адесида бүгінде Қазақстанда жоғары оқу орындарына академиялық еркіндік пен тұтастық қағидаттарын енгізу бойынша реформа жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

«Мемлекет арасындағы қаржыландыру мәселелерінде тиімді ынтымақтастықтың маңызды рөліне назар аударғым келеді. Бұл бір-біріне өзара әсер ететін компоненттер. Мысалы, қазір біз студенттерді жасанды интеллект технологияларына үйретеміз. Өндірістік кәсіпорындарға келіп, студенттер практикалық машықтарға ие болып қана қоймай, осы компаниялардағы өндірістік үдерістерге өз үлесін қоса алады», - деп атап өтті доктор Адесида.

Сонымен қатар, Назарбаев Университетінің кітапханасында форум аясында «Университет кітапханаларының ғылым мен инновацияларға арналған ресурстары мен қызметтері» тақырыбында кітапханашыларға арналған «Университет кітапханасын дамытудың қазіргі  үрдістері» атты жыл сайынғы VIII халықаралық конференция ашылды.

Айта кетейік,  Назарбаев Университеті – елімізде жоғары білім берудің флагманы. Осы жылы университет қабырғасынан 963 студент бітіргелі отыр, оның ішінде бакалаврлар – 565, магистрлер – 378 және PhD докторлары – 20.

Аягөз Құрмаш 

 




Яндекс.Метрика