Адами капитал

Қазақстанда жұмыссыздарға жәрдемақы қалай және қанша беріледі?

«Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 25 сәуірдегі Заңына сәйкес, мекенжайы бойынша Халықты жұмыспен қамту орталығында тіркелген жұмыссыздарға әлеуметтік төлем беріледі. Қазақстанда жұмыссыздарға жәрдемақы қалай және қанша берілетінін келесі материалдан оқи аласыздар.
Нұр-Сұлтан05 Маусым , 14:35

Egov.kz-тің мәліметінше, Қазақстанда 2019 жылдың ақпан  айында жұмыссыздар саны 440,3 мың адамды құрады, бұл жалпы жұмыс күшінің 4,8%. Биыл ақпан айының соңында еліміздің жұмыспен қамту органдарында 131,8 мың адам, яғни елдің экономикалық белсенді тұрғындарының 1,4%  жұмыссыз ретінде ресми тіркелген. Жасырын жұмыссыздық деңгейі 2018 жылдың қазан-желтоқсан айларында 25,1 мың адам немесе жалпы жұмыс күшінің 0,3%-ын құрады.

Дегенмен жұмыссыздық бойынша әлеуметтік өтемақыны алу үшін ҚР азаматы кем дегенде 6 ай ресми жұмыс істеген болуы тиіс. Жұмыссыз азаматқа бір айдан төрт айға дейін төлем тағайындалады.  Алайда штат саны қысқарып немесе ұйым таратылған болса немесе өнім көлемі азайған себепті жұмыстан шықса, алты айға дейін әлеуметтік төлем алады.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің ерікті қатысушылары, яғни өзі үшін әлеуметтік аударымдар жүргізген азаматтар, жеке кәсіпкерлер де жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемге қол жеткізе алады.

Сонымен:

— 6 айдан — 12 айға дейін әлеуметтік аударымдар жүргізілген болса – бір айға;

— 12 айдан — 24 айға дейін әлеуметтік аударымдар жүргізілген жағдайда – екі айға;

— 24 айдан — 36 айға дейін әлеуметтік аударымдар жүргізілген жағдайда – үш айға;

— 36 айдан бастап және одан көп айларға әлеуметтік аударымдар жүргізілген жағдайда – төрт айға;

ҚР Еңбек кодексінің 52-бабының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша жұмысын жоғалтқан адам үшін 36 және одан да артық айларға әлеуметтік аударымдар жүргізілгенде – 6 айға әлеуметтік төлем ала алады.

Қажетті құжаттар

1. Жеке куәлік (сәйкестендіру үшін).

2. ҚР Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағы 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша еңбек қатынастарының бұзылуын растайтын жұмыс берушінің актісінен көшірме.

3. Тұрғылықты жері бойынша тіркеу туралы (мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынатын мәліметтер).

4. Жұмыссыз ретінде тіркеу туралы (Халықты жұмыспен қамту орталығының ақпараттық жүйесінен);

5. Банктерде және (немесе) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда ашылған банк шотының нөмірі не түзеу мекемесінің қолма-қол ақшаны бақылау шоты туралы мәліметтер.

Төлемді тағайындату үшін қайда барамын?

-Халықты жұмыспен қамту орталығына барып, жұмыссыз ретінде тіркелу керек;

-«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына (жұмыссыз ретінде тіркеу туралы мәліметтер бар болса);

-«Электрондық үкімет» (www.egov.kz) веб-порталы арқылы (жұмыссыз ретінде тіркеу туралы мәліметтер болғанда), ҚР Еңбек кодексінің 52-бабының 1), 2) және 3) тармақшаларымен көзделген негіздер бойынша жұмысын жоғалтқан адамдарды қоспағанда.

Әлеуметтік төлем қалай есептеледі?

Жұмыссыз қалған азаматтарға берілетін төлем көлемі оның жылдық табысының орташа мөлшеріне байланысты болады. Әлеуметтік төлемді  кез-келген адам өз бетінше есептей алады. Ол үшін мына формула қолданылады: 2 жылдағы табыстың орташа мөлшерін 24 айға бөліп, алынған соманы 0,3 коэффициентіне көбейтесіз.

Екі жыл ішінде жұмысыз қалған азаматтың айлығы бірде көтеріліп, бірде түсті. Алдыңғы 20 айда ай сайын 70 000 теңге еңбекақы алса, қалған 4 айда алған еңбекақысы – 100 мың теңге.

Сонымен:

-20*70 000+4*100 000=1 400 000+400 000= 1 800 000 теңге;

-Алынған соманы 24 айға бөлеміз: 1 800 000/24= 75 000 теңге;

- 75 000 теңге – табыстың орташа айлық мөлшері.

Енді оны 0,3 коэффициентіне көбейтесіз: 75 000*0,3= 22 500 теңге.

Осы мысал бойынша жұмыссыз азамат ретінде сіз ай сайын 22 500 теңге аласыз.

Ескеретін жайт,  жұмыссыз азаматтар жұмыспен қамту орталығының жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары шеңберінде:

— әлеуметтік жұмыс орындарына;

— қоғамдық жұмыстарға;

— кәсіптік оқытуға жіберген жағдайда да  жұмыссыздық бойынша төленетін әлеуметтік төлемдер тоқтатылмайды. Алайда халықты жұмыспен қамту орталығынан төлем алушыны жұмыссыз ретінде есептен шығарғаны туралы ақпарат алынған айдан кейінгі айдың бірінші күнінен жәрдемақы беру тоқтатылады.

Айдана Абдрахманова 

 




Яндекс.Метрика