Өңірлер

Бізге университеттерде туризм бизнесі бойынша мамандар әзірлеуді қолға алу керек – Қ.Тоқаев

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Жамбыл03 Маусым , 16:47

Мемлекет басшысы Жамбыл облысындағы жұмыс сапарын минералды тыңайтқыш өндіретін зауытты аралаудан бастады.

Қазақстан Президентіне қысқа мерзімде жылдық қуаты 300 мың тоннадан 500 мың тоннаға дейін минералды тыңайтқыш шығаратын технологиялық жүйенің жұмысы туралы мәлімет берілді. Сонымен қатар, өндіріс орнында  жергілікті шикізат пайдаланылатыны, Қаратау қаласының фосфат шикізаттары өңделетіні жөнінде баяндалды.

«Бұл – химия өнеркәсібінде, соның ішінде сары фосфор өндіруге маманданған халықаралық деңгейдегі жетекші кәсіпорын. Халықаралық нарықтарға өз тауарларыңызбен шығуға осы артықшылықтарыңыз септігін тигізеді. Бәсекелестікке қабілеттілікті одан әрі арттыру қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

1951 жылы салынған бұл кәсіпорынның негізгі қызметі – химия өнеркәсібі. Мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отырған зауытта орташа жалақы мөлшері – 148 мың теңгеден асады. Кәсіпорынның өнімдері Еуропалық одақ елдеріне, АҚШ, Қытай, Жапония және Біріккен Араб Әмірліктеріне экспортталады. 

 

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Көне Тараз» археологиялық саябағын аралап көрді.

Мемлекет басшысына І – ХІХ ғасырлар аралығын қамтитын республикалық маңызы бар тарихи ескерткіш туралы баяндалып, өңірдегі археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған алтын, күміс тиындар, керамикалық қолөнер бұйымдары және басқа да құнды жәдігерлер таныстырылды.

Сонымен қатар, «Шахристан – көне Тараз» кешенінің макеті көрсетіліп, алдағы жоспарлары туралы ақпарат берілді.

«Көне Тараздың тарихы әлі де зерттеле береді. Бұл жұмыстарға тұрақты қолдау көрсетіледі. Бұл салада халықаралық деңгейдегі мамандар көп. Бізге университеттерде туризм бизнесі бойынша мамандар әзірлеуді қолға алу керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Көне Тараз» саябағы келешекте халықаралық туристік орынға айналады деп күтілуде. Облысқа өткен жылы 145 мың турист келсе, биылғы жылдың алғашқы үш айында тарихи орынды 16 мың адам тамашалаған.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың отбасымен кездесті.

Мемлекет басшысы жұмыс сапары барысында батырдың отбасы тұрып жатқан үйге барды. Қазақстан Президентіне қызмет барысында ерлікпен қаза тапқан Ғазиз Байтасовтың құрметіне қойылған ескерткіш тақта, оның фотосуреттері, медальдары мен жеке заттары көрсетілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Халық қаһарманының жұбайымен және ұлдарымен әңгімелесу барысында Ғазиз Байтасовтың өте жауапты әрі қиын сәтте өз ісіне адал болғанын, оның ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті.

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі 

 




Яндекс.Метрика