Экология

Қазақстан қағаз өндірісінде жаңа технологияны енгізе бастады

Қазақстанда целлюлоза-қағаз өнімдерін өндіретін 282 кәсіпорын бар. Оның ішінде 12-ге жуық ірі және орташа кәсіпорын нарық үлесінің 80% -дан астамын құрап отыр және олар Қазақстан қаптамашылар қауымдастығына мүше. Осы орайда бүгін Астанада целлюлоза-қағаз, қаптама өндірісін дамыту мәселесі жан-жақты талқыланды.
Нұр-Сұлтан29 Мамыр , 17:51

Полиэтилен пакеттердің табиғатта ыдырауы 100 жылдан 500 жылға дейін уақыт алатындықтан экологияға қауіпі зор. Сондықтан мемлекеттің қағаз өңдеу өндірісін дамытуға назар аударғаны бекер емес.  «Қазақстанда целлюлоза-қағаз өнеркәсібін және қаптама индустриясын дамыту» тақырыбымен өткен форумда полиэтиленді пакеттер мен қағаз шикізатына ұсынылған баламалы өнімдер туралы айтылды

Форумның  модераторы, Қазақстан қаптамашылар қауымдастығының төрағасы Әубәкіров Батырбектің айтуынша, 2010 жылдан бері қағаз өңдеу саласында заңды тұлғалардың ұлғайғаны байқалады. Ал 2015 жылы саладағы компаниялардың саны 200-ден асқан.

Қарасора шөбінен қағаз жасау қолға алынды

Қазақстанда өсірілген техникалық қарасора шикізатын пайдалану бойынша жұмыстар жүргізілуде.Қазіргі кезде елімізде қағаз өнімдерін шығаратын шикізат мәселесі байқалады. Осыған байланысты, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қанат Байытов техникалық қарасора шикізатын пайдалану бойынша жұмыстар жүргізіп жатқанын айтты.

 «Біз бұл жұмысты 2016 жылдан бері атқарып келеміз. 2017 жылы өнеркәсіптік тәжірибе ретінде техникалық қарасораны сыртқа шығардық, одан Жапонияда целлюлоза алдық, ол өте жоғары сапалы. Біз қаржы-экономикалық көрсеткіштерді, зауыт салу үшін қанша егу керегін есептеп жатырмыз. Сіздер доллардың техникалық қарасорадан жасалатынын білесіздер ме? Уақытты да, табиғатты да үнемдейміз. Ағаш 20-25 жыл өссе, техникалық қарасора 100 күнде жетіледі. Алматыда, Шымкентте істеп көрдік және істеп жатырмыз. Бұл - бүгінде шикізатпен қамтамасыз ету бойынша ауқымды стратегиялық міндет. Жалпы,  2019 жылдың алғашқы 4 айында Қазақстанда 21 млрд теңгенің қағазы өндірілді», - деді Қанат Байытов.

Қаптама тартымды болса – сұраныс жоғары

Форумда сөз алған ҚХА төрағасының бірінші орынбасары Жансейіт Түймебаев еліміздегі орман шаруашылығының экономикалық әлеуетіне тоқталды.  

«Целлюлоза-қағаз өндірісі орман кешенінің маңызды бөлігі.  Алайда біз еліміздегі орман шаруашылығы саласының экономикалық әлеуетін дұрыс пайдалана алмай отырмыз. Себебі орман шаруашылығы мен ағаш өңдеу инфрақұрылымы дамымаған. Экономикадағы орман секторының дамуын анықтауда целлюлоза-қағаз саласы маңызды рөл атқарады. 2018 жылы өндіріс көлемі 2017 жылғы көрсеткіштен 5%-ға көбейіп, 58 млрд теңгені құрады. Осы тұста қаптама – тауардың айнасы екенін айтқым келеді. Сырты тартымды өнімнің сатып алушылары да көбейеді. Көбінесе сұраныс қажеттіліктен емес, қызыққаннан туындайды. Жақсы қаптама 5 секундтық жарнаманың рөлін атқарады. Тауар қаптамасы маркетингтің тиімді құралы саналады. Сондықтан сөз болып отырған салаларға мемлекеттік қолдау көрсету экспорттың әлеуетін арттырады», – деп мәлімдеді Жансейіт Түймебаев.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Қуаныш Бишімовтың айтуынша, Қазақстанда жыл сайын 200 мың тоннадан астам қатырма қағаз экспортталса, елге 400 млн доллардың тауары кіреді.

   «Қазір «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен импорт алмастыру мәселесін талқылап жатырмыз. Біз отандық өндірушілерді қолдауымыз керек. Елімізге сырттан 400 млн доллардың тауарын кіргізгеннен пайда жоқ. «Атамекен» Қазақстанның қаптаушылар қауымдастығымен бірлесіп, субсидияның қандай түрлерін қолданған дұрыс екенін сараптап жатыр. Бұл бастаманы салалық министрлік қолдап отыр», – деді Қуаныш Бишімов.

Қағаз қалдықтарын өткізіп ақша аласыз

Іс-шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген қағаз өнеркәсібінің өкілдері салға енгізген жаңалықтарымен бөлісті. «Компания В» ЖШС бас директоры Вадим Долгополов Қазақстанда қағаз өнеркәсібінің арнайы маманы жоқтығын, тіпті элетрик, слесарь мамандары жетіспейтінін айтты.

««Kazakhstan Waste Recycling» ЖШС Қазақстандағы қайталама шикізатты жинау және сұрыптау бойынша көшбасшы болып табылады. Компания Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең ірі қаптама картон, қатпар қаптама және қағаз өндіруші -«Kagazy Recycling» ЖШС-ға  макулатура мен қайталама шикізатты негізгі жеткізуші болып табылады. Компания жыл сайын шамамен 50 мың тонна макулатура қағаз жинап, өңдейді, осылайша 500 мыңға жуық жетілген ағашты кесуден сақтайды. Қағазды табиғи ағаш талшықтарынан өндіру орман ғана емес, сонымен қатар энергетикалық және су ресурстарының азаюына, сондай-ақ атмосфераға парниктік газдар шығарудың өсуіне ықпал етеді. Қайталама шикізатты пайдалану ең экологиялық таза бизнес шешім болып табылады», - дейді «Компания В» ЖШС бас директоры Вадим Долгополов.

Ал,  «Қазақстан Қағазы» АҚ өкілі Ержан Алмухамедов Алматы қаласында қоқысты сұрыптап салуға арналған қоқыс контейнерлерін орналастырғандықтарын айтты. Өкілдің айтуынша,  тұрғындар 2104 нөміріне телефон шалып макулатура өткізіп, қаржылай ақы ала алады. Компания сусын және сүттен босаған тетрапак, газет, кітап, журнал, буклет, картон қағаздарын, пэт-тару, полиэтилен пакеттерін қабылдайды. Мұнымен қоса компания  «Tazalyk» мобилді қосымшасын іске қосқан.

Айта кетейік, Қазақстан халқы Ассамблеясының кәсіпкерлер қауымдастығы мен Қазақстанның қаптаушылар қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырған форум – тамақ өнеркәсібі, қайта өңдеу және қаптама индустриясы саласындағы шетелдік және отандық мамандардың дәстүрлі кездесу орнына айналған 21-ші «Тамақ өнімдері, сусындар, ингредиенттер, тамақ өнеркәсібіне арналған қаптама және жабдықтар» Қазақстандық халықаралық көрмесі аясында өтті.  Сессияларда мемлекеттік органдар қаптама индустриясы саласындағы бүгінгі күнгі қолдау шаралары мен өнеркәсіптік саясат туралы баяндалып, кәсіпкерлер тарапынан ұсыныстар айтылды.

Аягөз Құрмаш 




Яндекс.Метрика