ҚР Президентінің Жолдауы

ШОБ: Мемлекет пен бизнес қарым-қатынасын дамытудың тетіктері

Астанада бизнеске арналған мемлекеттік қолдаудың тиімділігі сараланды. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Шағын және орта бизнестің дамуы Президенттің басты назарында» атты бірінші республикалық конференциясында жетекші экономистер, министрліктер мен ведомстволардың өкілдері, ҚР Парламентінің депутаттары, кәсіпкерлер ШОБ-ты дамытуда тиімді тетіктерді талқылап, ұсыныстарын айтты.
Нұр-Сұлтан28 Мамыр , 16:17

Палатаның басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаевтың айтуынша,  қазіргі таңда елімізде кәсіпкерлерді қаржылай қолдауға арналған 50-ге жуық шара түрі бар.

«Мемлекеттік қолдау құралдарының тиімділігі мен өзектілігін бағалау үшін «Атамекен» ҰКП pikir.atameken.kz  интернет-ресурсын іске қосты, онда әрбір кәсіпкер қолданыстағы бағдарламалар туралы өзінің пікірін қалдыра алады. Кәсіпкерлердің жауаптарына сүйене отырып, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру бойынша мемлекеттік органдарға ұсыныстар жасайды. Біз барлық шаралардың тиімділігін бағалауды жоспарладық. Атап айтқанда, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасына өзгерістер енгізу жоспарланып отыр. Кәсіпкерлердің ұсыныстарын алудың уақыты келді. Біз барлық қолдау шараларының нәтижесін көріп отырған жоқпыз», - деді Олжас Ордабаев.

Өз кезегінде  «Бизнестің жол картасы-2020», «Еңбек» бағдарламаларының нәтижелері мен кемшіліктері туралы белгілі экономист Рахым Ошақбаев мәлімет берді.

 «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы 2010 жылы пайда болды. Негізгі мақсаты - өңірлерде кәсіпкерлікті дамыту бойынша бірыңғай бюджеттік бағдарламаны жүргізу. Сонымен қатар, «Еңбек» бюджеттік бағдарламасы да бар. Алғашқы бесжылдықтың нәтижесіне қарап, индикаторлардың тек екеуіне қол жеткізілген. Келесі жылы аяқталуы тиіс «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 4 индикатор ескерілген, яғни өңдеуші өнеркәсіптік үлесті 12,5 пайыздан кем емес деңгейге жеткізу, шағын және орта бизнес өнімдерінің көлемін арттыру және басқа да бағыттар. Аталған 4 индикатордың үшеуіне қол жеткізілмеуі мүмкін деген тиісті тәуекелдер бар. Бұл тұрғыда бағдарламада немесе индикаторларда, сондай-ақ оны жүзеге асыру барысында сәтті жүзеге асырылған «Нұрлы жол» сияқты бағдарламалардан үлгі алу керек», - деді «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев.

«Бизнестің жол картасы -2020» мемлекеттік бағдарламасы 2025 жылға дейін ұзартылады. Жоспар бойынша, шараға жыл сайын 30 млрд теңге бөлінеді. Оған құйылған қаржы мемлекетке салық түрінде 224 млрд теңге болып оралуға тиіс. Жаңа бағдарлама аясында 3 трлн теңгенің өнімі өндіріліп, 22 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады.

Мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаев ауыл шаруашылығына 300 млрд теңгеден астам қаражат бөлінгенін, енді екінші деңгейлі банктер алдында аграрлық саланы несиелендіру мүмкіндіктерін  оңтайландыру керегін  айтты.

«Менің ойымша бөлінетін қаражаттың тиімділігін арттыру үшін осы бағдарламаны тағы да бір қарастыруымыз керек. Бәрімізге белгілі ҚР агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған  мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру үшін бюджет қаражатынан  341, 5 млрд теңге бөлінген болатын. Онымен қоса жеке шаруа қожалықтары  271,2 млн теңге көлемінде қаржысын берді. Енді аграрлық сала экономиканың жетекші саласына айналуы керек. Құйылған қаржының нәтижесі болуы үшін саланың драйверлеріне қаржы бірдей жетуін қадағалау, талдау жүйесінің болғаны жөн», – деді Мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаев.

Сонымен бірге, депутат 2018 жылы ауыл шаруашылығы министрлігінің бюджетіне екі рет түзету енгізілгенін, шығын 55,4 млрд теңгеге ұлғайғанын, басында бекітілген бюджет 16%-ға өскенін, биыл да министрлік бюджетіне өзгеріс енгізіп, қосымша 35 млрд теңге сұралғанын жеткізді.

Ал, Ауыл шаруашылық кооперативтерінің ұлттық одағының сарапшысы Мырзахмет Өксікбаевтың сөзіне қарағанда, шағын бизнесті мемлекеттік қолдау шеңберінде талаптарды қайта қарау қажет.

 «2017 жылы кәсіпкерлерді кең ауқымын қолдауға мән берген жақсы бағдарлама болды. Ол кезде банктердің талабы бойынша, несие алу үшін жеке шаруашылық жеке кәсіпкер болу керек болды. Осыдан кейін, 6%-бен кепілдендірілген несие берілді, ал 2018 жылы осындай шаралар тоқтады, сөйтіп көптеген енді құрылған шаруашылықтар әрі қарай жылжи алмай қалды. 256 млрд теңгеден кооперативтерге тек 1%-ы ғана жетті. Нәтижесінде даму басымдықтары өзгерді, кооперативтер 36,6 млрд теңге қарыз боп қалды. Қазір бізде барлық мүмкіндіктер бар. Мемлекеттік бағдарлама арқылы жұмысын жолға қойғандар жетерлік. Бизнеске қойылатын талаптарды қайта қарауды ұсынамын», - дейді Мырзахмет Өксікбаев.

 «Атамекен» ҰКП Президиумының әлеуметтік сала және әлеуметтік кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Талғат Доскеев мемлекеттік банк құру туралы ұсыныс айтты.

«Екінші деңгейлі банктер арқылы шағын және орта бизнесті қаржыландыруды тиімсіз деп жатсақ, мемлекеттік банк құруды ұсынамын. BCG компаниясының бағалауы бойынша Қазақстан экономикасын жақын 10 жылда шамамен 100 млрд доллар бөлу керек. Оның ішінде 40 млрды салалық емес секторларға арналуы тиіс. Әр салада өсімнің белгілі драйверлері болады. Жүйелік талдаусыз қаржы бөлінген кезде сол негізгі драйверлерге ақша  жетпей қалуы мүмкін. Мемлекеттік сатып алу қызметінде өндірісті жаңарту үшін нақты жүйе керек. Экономикалық, технологиялық, өнеркәсіптік саясатта бизнес үшін жалғыз құрал бұл – қаржыландыру. Сондықтан салалық принциптен жүйелік талдау қажет. Жалпы стратегия, әр саладағы драйверлер анықталған кезде қаржыландыру дұрыс жүреді. Менің ойымша, осындай іс-шаралардан соң нәтиже болады. Жеке секторды қаржыландыруды оңтайландыру даму көзі. Басқа нұсқа жоқ», - дейді Талғат Доскеев.

Қорыта айтқанда, Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған кәсіпкерлер бірауыздан бизнеске субсидиядан гөрі жеңілдікпен несие берілсе, деген ұсыныс айтты.  

Аягөз Құрмаш 




Яндекс.Метрика