Парламент

Сенатта Астана халықаралық қаржы орталығының жұмыс істеу мәселелері қаралды

Сенатта «Бағалы қағаздар нарығы туралы заңнаманы жетілдіру және «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмыс істеуі аясында ҚР бағалы қағаздар нарығының жаңа мүмкіндіктері талқыланды.
Нұр-Сұлтан23 Мамыр , 10:50

Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечина шараны аша келіп, мемлекет бағалы қағаздар нарығын дамыту үшін жағдай жасап келе жатқанын атап өтті.

«Біз осы мемлекеттік шаралардың қаншалықты тиімді екенін, олардың қаншалықты уақтылы екенін талқылау, қор нарығының дамуына не кедергі келтіретінін анықтау және қорытындысында бар кедергілерді жою жөніндегі бірлескен шешім әзірлеу үшін бас қосып отырмыз», - деді сенатор.

Отырысқа қатысқан Қазақстан Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Есжан Біртанов қазіргі жағдай туралы хабардар етіп, екі биржаның жұмыс істеуі жағдайындағы Қазақстанның қор нарығының дамуы туралы айтып берді.

Е.Біртанов Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2018 жылы жарияланған Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында экономиканы несиелендірудің балама құралы ретінде бағалы қағаздар нарығын дамыту қажеттігін атап өткенін еске салды.

Халықта жинақтаған ақшасын банктердің депозиттерінде немесе шетелдік валютада ғана емес, сондай-ақ түрлі бағалы қағаздарға  инвестициялау мүмкіндігі болуға тиіс

Е. Біртановтың айтуынша, осы тапсырмаларды іске асыру аясында Ұлттық Банк Үкіметпен және қаржылық қоғамдастықпен бірлесіп айтарлықтай жұмыс істеді, оны қор нарығының негізгі көрсеткіштерінің оң қарқыны көрсетіп отыр.

Осылайша, қазақстандық қор биржасының жиынтық капиталы 2018 жылдың қорытындысы бойынша 26,3 трлн. бұл салыстыру үшін, Қазақстанның ЖІӨ көлемінің жартысына жуығы немесе банктердің несие қоржынының жиынтық көлемінен екі есе көп.

«Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі сақтандыру және қор нарығын дамыту орталығының басқарушы директоры Ерлан Бурабаев қор нарығының қаржыландыру жөніндегі барлық мүмкіндіктерін экономика пайдаланбай келе жатқанын атап өтті.

«Кәсіпорындарға іс жүзінде қор нарығына шығудан гөрі банкіден несие алу оңай. Бұл экономиканың банк секторы тарапынан қайта кредиттелуіне әкеліп отыр», - деді ол

Қор нарығын дамыту туралы айта отырып Е. Бурабаев оны өркендетудің маңызды бағыттарын: бөлшек инвесторларды тарту, инвестициялаудың ұжымдық нысандарын дамыту, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру, Халықтық IPO бағдарламасын жандандыру, институттық инвесторлар, корпоративтік басқару, АХҚО алаңы туралы атап өтті.

«Халық Финанс» акционерлік қоғамы Басқарма төрағасының м.а. Евгения Шаймерден шараға қатысушылардың алдында сөз алып, еліміздегі қор нарығын өркендету шаралары туралы айтты.

Қатысушылар өз сөздерінде орын алған өзекті мәселелер туралы айтып, оларды шешу жөнінде ұсыныстарын ортаға салды, сондай-ақ қор нарығын одан әрі дамытудағы келешек жоспарларын белгіледі.

Ольга Перепечина кездесуді қорытындылай келіп, бағалы қағаздар нарығын жетілдіру жөніндегі ұсыныстар оларды іске асыру үшін тиісті жауапты органдарға жіберілетінін атап өтті.

«Депутаттар алдағы уақытта көтерілген мәселелерді талқылап, оларды депутаттық сауалдар аясында, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығы туралы заңнаманы жетілдіру аясында шешуге дайын», - деп атап өтті сенатор.

 




Яндекс.Метрика