Басқару

Биыл Қазақстандағы волонтерлікті дамытудың жаңа кезеңіне қадам басамыз – Қ.Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Волонтерлік – жастардың әлеуметтік лифті» атты Қазақстан-Ресей жастарының ынтымақтастық форумына қатысты, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Қостанай22 Мамыр , 08:49

Форум алдында Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресей жастарының STARTUP-жобаларының көрмесін аралады. Сондай-ақ, Қостанай облысы Жастарға қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты.

Жиынға қатысушыларға арналған сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев аталған форумның білім мен тәжірибе алмасуға, пікірлестер тауып, ортақ мақсаттар мен жоспарлар жасауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

« Қазақстан – жас әрі жастардың мемлекеті! Жастарымыз – дамудың қозғаушы күші. Барлық мемлекеттік органдардың міндеті – жастардың өзін өзі жақсы танытуына жағдай жасау және олардың оң бастамаларына қолдау көрсету», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз баяндамасында елімізде еріктілердің қозғалысына айрықша көңіл бөлінетінін айтты.

« 2016 жылы еріктілердің мәртебесін, құқығы мен міндеттерін және мемлекеттік қолдау шараларын бекітетін «Волонтерлік қызмет туралы» заң қабылдадық. 2017 жылы «ЭКСПО» халықаралық мамандандырылған көрмесі жастарды жаппай волонтерлік қозғалысқа тарту ісін бастап берді. Биыл Қазақстандағы волонтерлікті дамытудың жаңа кезеңіне қадам басамыз», – деді Мемлекет басшысы.  

Қасым-Жомарт Тоқаев жастар жылы аясында өткізілетін негізгі іс-шараларға тоқталды.

«Жастардың бизнес-бастамаларын дамытуға арналған «Жас кәсіпкер» бағдарламасы экономиканың негізгі секторларындағы стартаптарға қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Қызметі мен білімі жоқ жұмысқа орналаспаған жастардың мәселесі шешілуде. Жұмыспен қамту, ең алдымен, еңбек тәжірибесі жоқ жастар жөнінде арнайы бағдарлама қабылдануда. Білікті жас мамандарды қолдау күшейе түседі», – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті еріктілер қозғалысының көшбасшыларын еліміздегі ауқымды әлеуметтік міндеттерді шешу үшін белсенді атсалысуға шақырды.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресей жастарының екіжақты байланыстарды нығайтуға қосқан үлесіне жоғары баға берді.

«Екі ел жастарының тікелей байланыстары – Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестіктің, достықтың және тату көршіліктің бағдарын нығайтудың маңызды шарты. Елдерімізді ортақ тарих пен ең ұзын шекара ғана емес, сонымен қатар, ынтымақтастықтың зор әлеуеті де біріктіреді. Бұл саясатты жалғастыра береміз», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің еріктілер қозғалысы арасындағы серіктестікті ынталандыруға бағытталған бірқатар ұсыныс айтты.

« Біріншіден, «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығын ұйымдастыруды ұсынамын. Сыйлық үздік волонтерлік жобаға беріледі және креативті идеялар мен жобалар жасап жүргендерге жақсы қолдау болады. Екіншіден, Қазақстан мен Ресейдің волонтерлік ұйымдары көшбасшыларының қатысуымен тұрақты жұмыс істейтін Волонтерлік кеңес құру мүмкіндігін талқылауды ұсынамын. Бұл өзара ынтымақтастықты нығайту үшін біздің әлеуетімізді күшейте түседі», – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар, форум барысында Мемлекет басшысы жастар ұйымдары көшбасшыларының 2020 жылды Волонтерлер жылы деп жариялап, тарихи-мәдени орындарға бірлескен археологиялық және іздеу жұмыстарын жүргізу жөніндегі бастамасын қолдады. 

Сондай-ақ,  Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «СарыарқаАвтоПром» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды.

Мемлекет басшысы өңірге жұмыс сапары барысында «СарыарқаАвтоПром» автомобиль құрастыру кәсіпорнының жұмысымен танысты.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа зауыттың даму перспективалары мен жаңа өндіріс қуатын қалыптастыру стратегиясы жөнінде баяндалды. Содан кейін Қазақстан Президенті шанақтарды бояйтын әмбебап цехтың және ірі бөлшектер арқылы құрастыру әдісі бойынша (DKD) автомобильдерді сериясымен шығару цехының жұмыстарымен танысты.

Мемлекет басшысы Қазақстанның бүгінде әлемдік сапа стандартына сәйкес заманауи жоғары технологиялық экономика құрып жатқанын атап өтті.

Жалпы зауыттың өндірістік қуаты – жылына 28 мыңнан астам автомобиль. Кәсіпорын қазіргі уақытта Ankai, MAN, JAC, HYUNDAI және Lovol автомобиль маркаларын шығарады.

Сонымен қатар, осы салада жұмыс істейтін шетелдік инвесторлар Қазақстан Президентіне өздерінің жобасын таныстырды. 

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «iKomek» қоғамдық қабылдау жұмысымен танысты.

Мемлекет басшысына «109 Call-орталығы» бірыңғай байланыс орталығының жұмысы және «Ашық әкімдік» жобасының жүзеге асырылу барысы жөнінде мәлімет берілді.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті мониторинг және шұғыл әрекет ету ахуалдық орталығының жұмысымен танысты.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше «iKomek» орталығының тәжірибесін республиканың барлық өңірлеріне кеңінен тарату қажет.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму саласына қосқан үлесі үшін «Милх» ЖШС-нің директоры Сергей Блокты, Рудный қаласы ауруханасының бас дәрігері Талғат Қайкеновты, «Алюминстрой» ЖШС-нің директоры Абай Мұқановты, «ГРИН» Қостанай облысы азаматтық альянсы» қоғамдық қорының төрайымы Динара Өтебаеваны және білім беру саласының ардагері Станислав Щегельскаяны алғыс хаттармен марапаттады. 

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті «Олжа Садчиковское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сүт фермасына барды.

Мемлекет басшысы өсімдік және мал шаруашылықтарымен айналысатын «Олжа Садчиковское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірістік көрсеткіштерімен танысты. Кәсіпорын Қостанай облысының ішкі қажеттігін және еліміздің өзге өңірлерін сүт өнімдерімен қамтамасыз етеді.

Қазақстан Президентіне ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу барысында аналитикалық және цифрлық жүйенің қолданылу мүмкіндіктері көрсетілді.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев облыстың ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілермен әңгімелесті.

Мемлекет басшысы еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор үлес қосып отырған өңірдің аграрлық саласының дамуын жоғары бағалады.

« Басқа облыстардағыдай мұнда да белгілі бір мәселелер бар. Бірақ, Үкіметтің көмегімен бұл проблемаларды шешу жұмыстары күшейтіледі. Ал, жер мәселесіне келер болсақ, кім жұмыс істейді, жер соған тиесілі. Екіншіден, жер шетелдіктерге сатылмайды. Бұл менің Президент ретінде түбегейлі ұстанымым», – деді Мемлекет басшысы.

Кездесуге қатысушылар ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне мемлекеттік тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.  

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі




Яндекс.Метрика