Парламент

Мәжіліс депутаттары бірқатар заң жобаларын мақұлдады

Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Мәжілістің жалпы отырысында бірқатар заң жобалары мақұлданды. Мәселен, депутаттар «Қазақстан Республикасы мен Литва Республикасы арасындағы бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды және медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» ҚР Заң жобасын мақұлдады. Толығырақ келесі материалдан оқи аласыздар.
Нұр-Сұлтан08 Мамыр , 12:07

Шартқа 2017 жылғы 24 сәуірде Вильнюсте қол қойылған. Шартқа сәйкес, Қазақстан азаматын Литва соты бас бостандығынан айырса, не мәжбүрлі емдеуге тағайындаса, оның жазасын өтеуге елге қайтаруға болады. Шартта бірқатар талап бар.

ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Аxметжановтың айтуынша, ондай шарттар 18 елмен жасалған.

«Қазіргі таңда біз Болгария және Солтүстік Македониямен қол қоюды қарастырып жатырмыз», - деді М.Аxметжанов. 

ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжановтың айтуынша,  алдымен ол біздің елдің не Литваның азаматы болуы тиіс, сотталған адамның немесе оның заңды өкілінің келісімі де керек, екі елде де оның жасаған іс-әрекеті қылмыс болып табылуы тиіс.

«Берілген екі жақтың да келісімі керек. Сұрау келіп түскен кезде жаза  кем дегенде алты ай өтелмеген болуы тиіс. Мына істермен сотталғандар берілмейді: біріншіден, сотталғандарды еліне қайтару егемендікке, қоғамдық тәртіпке, ұлттық заңнама мен мемлекеттің мүддесіне қайшы болса, екіншіден, сотталған адам келтірген залалды өтемесе», - деді заң жобасын таныстырған ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов. 

Сондай-ақ, ол  Литвамен арадағы шарттың бір ерекшелігі бар екенін атап өтті.

«Ол - медициналық мәжбүрлеу шарасы қолданылған адамды беру мәселесі. Қазіргі кезде аталған мәселені тек үш xалықаралық конвенция ғана реттейді. Біріншісі - 1999 жылғы қылмыстық жазаны шетелде өтеу туралы америкааралық конвенция. Екіншісі - 1997 жылғы псиxикасы бұзылған адамдарды мәжбүрлеп емдеу үшін беру туралы ТМД конвенциясы. Үшіншісі - сотталған адамдарды беру туралы 1998 жылғы конвенция. Литвамен шарт осы конвенциялар мен Қазақстанның Қылмыстық-процессуалдық кодексіне сәйкес келеді», - деді  М.Аxметжанов.

Айта кетейік, Литвамен арадағы шартқа мәжбүрлі түрде медициналық емдеуге жіберілген азаматтар да кіреді. Осы санаттағы адамдар да өз еліне қайтарылады. 

Мәжіліс депутаттары аталған   заңның жобасын бірауыздан мақұлдады.

Сондай-ақ, жалпы отырыста  «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту және микроқаржылық қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы мақұлданды. 

Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бойынша қорытынды әзірлеу жөнінде заң жобасы мақұлданды.

Сондай-ақ, депутаттар Үкімет мүшелеріне әртүрлі саланы қамтитын сауалдарын жолдады.

Аягөз Құрмаш 




Яндекс.Метрика