Басқару

Қ. Тоқаев Алматы облысының тыныс-тіршілігімен танысты

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына жұмыс сапары аясында өңірдегі бірқатар өнеркәсіп орындарын аралап, жұртшылықпен кездесті. Қазақстан Президентіне өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері, облыстың көлік-логистикалық және туристік әлеуетінің іске асыру барысы туралы ақпарат ұсынылды. Сонымен қатар, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясындағы жобаларға және әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындарға қолдау көрсету ісіне баса мән берілді.
Нұр-Сұлтан03 Мамыр , 16:29

Мәселен,  «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірдегі жобаларының іске асырылу барысы жөнінде мәлімделді, сондай-ақ Мемлекет басшысы «бір терезе» қағидаты бойынша кәсіпкерлерге консультативтік және әдістемелік көмек көрсету мүмкіндіктерімен танысты.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта бизнеске қолдау көрсету мемлекеттік органдардың маңызды міндеті саналатынын айтып, облыс әкімдігіне кәсіпкерлік субъектілеріне қолайлы жағдайлар жасауды тапсырды.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы кәсіпорынның аккумулятор батареяларын құрастыру жұмысымен, шығарылатын өнімдердің үлгілерімен танысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің қолдауымен облыс орталығындағы кәсіпорында кең көлемде модернизация жүргізілгенін атап өтті. Соның нәтижесінде өткен жылы өндіріс көлемін 2,5 миллион аккумуляторға дейін артырып, ТМД елдеріне, Германияға, Польшаға, Қытай және Біріккен Араб Әмірліктеріне экспорттауға мүмкіндік алған. 

Қазақстан Президенті еңбек ұжымымен кездесу барысында, зауыттың бәсекеге қабілеттілігі нығайып, жаһандық нарыққа экспорттау мүмкіндіктерін арттыра алатындарына сенім білдірді.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы «Сервистік әкімдік» қағидаты бойынша істейтін мемлекеттік органның жұмысымен танысты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай әдіс мемлекеттік қызметшілердің жаңа ұйымдастырушылық мәдениеті екенін, азаматтарға сапалы, жедел және жайлы жағдайда қызмет түрлерін алуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Қазақстан Президенті кабинеттік жүйеден «Open Space» форматына өту мемлекеттік органдардың ашық әрі қолжетімді екенінің көрсеткіші деп атап өтті.

Оған қоса, Мемлекет басшысы білім беру мекемесінің материалдық-техникалық базасымен танысып, информатика, робот техникасы кабинеттерін, мектеп кітапханасы мен музейін аралап көрді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп оқушыларымен және ұстаздармен әңгімелесу барысында еліміздің экономикасы мен ғылымын дамытуға септігін тигізетін сапалы білім алу жастардың негізгі міндеті екенін атап өтті.

Қазақстан Президенті оқушыларды Отанымыздың лайықты азаматы болуға шақырып, оқуларына табыс тіледі.

Педагогтар мен оқушылар Мемлекет басшысына білім жүйесін үнемі назарда ұстайтыны үшін алғыс білдірді.

Бұл мектепке 1996 жылы соғыс ардагері, жазушы Кемел Тоқаевтың есімі берілген.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы көктемгі егіс жұмыстарының барысымен танысып, ауыл шаруашылығы техникаларын аралап көрді. 

Қазақстан Президентіне облыстағы агроөнеркәсіп кешенінің негізгі көрсеткіштері, мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығы жөнінде баяндалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің жұмысын жоғары бағалап, оларға табыс және жаңа жетістіктер тіледі.

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі 

 




Яндекс.Метрика