Энергетика

Қазақстанда қандай ЖЭК жобалары жүзеге асырылады?

Қазақстан күн электр станцияларын салу жобаларын іске асырудың және елдегі күн энергетикасын тұрақты кезең-кезеңмен дамытудың табысты және бірегей тәжірибесіне ие. Бұл үдерістерге қатысушылар 2018 жылы «Қазақстандық күн энергетикасы қауымдастығына» бірігіп, кәсіби бірлестікті саланың қазақстандық және халықаралық ойыншылары үшін «бірыңғай алаң» ретінде ұсынды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасында жаңғырмалы энергия көздері саласын дамыту мәселелеріне арналған баспасөз конференциясында мәлім болды.
Нұр-Сұлтан02 Мамыр , 17:34

ҚР Энергетика министрлігі Жаңғырмалы энергия көздері департаментінің директоры Айнұр Соспанова өз сөзінде  2018 жылы ЖЭК жобалары үшін алғашқы халықаралық аукциондық сауда-саттықтың ұйымдастырылғанын, оның жергілікті және халықаралық қатысушылар арасында үлкен қызығушылық туғызғанын атап өтті.

«2019 жылы министрлік 250 МВт аукцион  дайындайды, оларды өткізу кестесі Министрліктің сайтында жарияланған. Энергетика министрлігінің өкілдері жаңғырмалы энергетика секторының ресми деректерін келтірді. 2018 жылы 1,35 млрд.кВтс «жасыл» энергия өндірілді – оның электр энергиясының жалпы көлеміндегі үлес салмағы - 1,27%», - деді А.Соспанова.

Ол атап өткендей, жалпы сомасы 100 млрд теңгені  құрайтын бірқатар келісімдер мен меморандумдарға қол қою арқылы ЖЭК секторына инвестициялар тарту бойынша жұмыстар жүргізілді.

«Нәтижесінде, бүгінгі таңда жаңғырмалы энергетика секторында жыл басынан бері 7 ЖЭК нысан пайда болды, олардың жиынтық белгіленген қуаты 147,6 МВт-қа тең. Жалпы, республика аумағында бүгінгі таңда жалпы қуаты 678,6 МВт болатын 74 қолданыстағы ЖЭК нысан бар», - деді ол.

«Қазақстандық күн энергетикасы қауымдастығы» ЗТБ директорлар Кеңесінің Төрағасы Нұрлан Қапенов күн энергетикасы саласындағы әлемдік трендтер мен статистика туралы баяндап берді.

« Ғаламшарда электр энергиясын өндіру үшін күн энергиясын пайдаланатын 90 ел, ал 32 елде 1 ГВт-дан астам күн электр станциялары орнатылған. Күн энергетикасын дамытуда жетекші елдер қатарына Қытай (176 ГВт), АҚШ (62 ГВт), Жапония (56 ГВт), Германия (45 ГВт) және Үндістан (33 ГВт) енеді», - деді ол.

Салыстыру үшін, Қазақстанның барлық электр станцияларының жалпы белгіленген қуаты 21 ГВт-ты құрайды. 2018 жылдың қорытындысы бойынша әлемдік күн энергетикасының белгіленген қуаты 500 ГВт-дан асты.

«Бір ғана 2018 жылдың ішінде 100 ГВт-дан астам фотоэлектрлік станциялар салынды. КЭС-тің (күн сәулелік электр станциясы) белгіленген қуатын 300-ден 500 ГВт-ге дейін арттыру үшін 2 жыл ғана жеткілікті болды. Салыстыру үшін, әлемдегі АЭС-тің белгіленген қуаты шамамен 400 ГВт құрайды. Беделді әлемдік сарапшылар 2019 жылы бүкіл әлемде 129 ГВт фотоэлектрлік күн электр станциялары орнатылатынын болжайды, яғни 2018 жылмен салыстырғанда 29 ГВт-қа артық деген сөз», - деді ол.

Нұрлан Қапеновтың айтуынша, бүгінгі таңда шетелдік инвесторлар, девелоперлер, жабдық өндірушілер, жобалық институттар, жоғарғы оқу орындары мен халықаралық қаржы институттары қауымдастықтың мүшелері мен аккредиттелген бақылаушылары болып табылады

« Қазақстанда соңғы 10 жылда ойдағылай дамып келе жатқан ЖЭК саласында жаңғырмалы энергетиканы дамыту және қалыптастыру процесіне тартылған мыңдаған мамандар бар. «ЖЭК пайдалануды қолдау туралы» ҚР Заңы 2009 жылғы 4 шілдеде қабылданды. «Қазақстандық күн энергетикасы қауымдастығы» ҚР Премьер-министріне 4 шілдені «ЖЭК қызметкерлері күні» кәсіби мерекесін етіп енгізу туралы ұсыныспен шықпақшы», - деді ол.

 «Қазақстандық күн энергетикасы қауымдастығы» ЗТБ басқарма төрағасы-директорлар кеңесінің мүшесі Калия Хисамидинова 4-5 шілдеде «Rixos-Borovoe» қонақүйінде өтетін «Solar Fest Qazaqstan» қауымдастығының жаңа жобасын таныстырды.

«Solar Fest Qazaqstan» – жаңғырмалы энергетика саласының барлық мүдделі қатысушыларын жинайтын халықаралық іскерлік фестиваль.

«Іскерлік қарым-қатынас форматы «Rixos Borovoe» шипажайының ашық жасыл алаңында салалық тимбилдинг «no tie sessions» – галстуксіз кездесулер түрінде өткізу ұсынылады», - деп атап өтті Калия Хисамидинова.

«Solar Fest Qazaqstan» кездесулері мен пікірталастарының қорытындысы  ретінде Хартия – салалық қауымдастық атынан ҚР Үкіметіне үндеу қабылданады. Құжат сарапшылар мен нарық қатысушыларының қазіргі ұстанымын белгілейді, таяу жылдары және келешекте ұзақ мерзімді даму перспективасында Қазақстан Республикасында ЖЭК дамыту мәселелері бойынша олардың пайымдауын ұсынады деп жоспарлануда.

Жаңғырмалы энергия көздерін соңғы жылдар ішінде Қазақстан энергетикалық кешенді дамыту векторларының бірі ретінде қарыстырауда. ЖЭК секторын дамытудың нақты нысаналы индикаторлары қабылданды. Осылайша электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі ЖЭК үлесі 2020 жылға қарай - 3%, 2025 жылға қарай - 6%, 2030 жылға қарай - 10%, 2050 жылға қарай ЖЭК және баламалы энергия көздеріне барлық жиынтық энергия тұтынудың кемінде жартысына жетуі тиіс.

ЖЭК жобаларын іске асыру үрдісі Қазақстанда 2009 жылы «ЖЭК пайдалануды қолдау туралы» Заңды және оны іске асыруда қабылданған бірқатар нормативтік-құқықтық актілерді қабылдаудың арқасында пайда болды. Аукциондық сауда-саттық тетігі 2018 жылға дейін қолданыста болған тарифтердің орнын басты, олар бастапқы кезде елде ЖЭК секторын іске қосуға мүмкіндік берді. Аукциондық тетік ЖЭК объектілері өндіретін электр энергиясына объективті нарықтық бағаны анықтауға, әлеуетті инвесторларды іріктеудің ашық процесін құруға мүмкіндік берді.

Аягөз Құрмаш 




Яндекс.Метрика