Инновациялар

Тұрақты даму: Орталық Азияның инновациялық бастамалары

Тұрақты даму және инновациялар бойынша Орталық Азия ғылыми форумында Қазақстан мен Орталық Азияның тұрақты дамуына ықпал ететін жобалар мен бастамалар талқыланды. Форум ҚР Білім және ғылым министрлігінің, жас ғалымдардың, Ұлыбританиядағы қазақстандық докторанттар қауымдастығының, Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігінің ұйымдастыруымен өтті. Оның мақсаты - идеялар мен жобаларды ілгерілету үшін жас ғалымдарды біріктіру, әлеуетті инвесторлармен және серіктестермен байланыстарды орнату.
Нұр-Сұлтан04 Сәуір , 16:05

ҚР Президенті Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева  үздік әлемдік білім мен тәжірибе алған қазақстандық жас ғалымдардың бірігуі өте дұрыс қадам екенін атап өтті.

 « Ғылымды дамыту - жаһандық әлемде Қазақстанның бәсекеге қабілеттігінің негізгі факторы ретінде мойындалады. Президенттік бірегей «Болашақ» бағдарламасының нәтижесінде  жас ғалымдар өздерінің зерттеулерін әлемнің озық ғылыми орталықтарымен серіктестікте жүргізе алады. Сонымен қатар, стартаптар мен жаңа технологиялық өндірістерді дамыту үшін маңызды экоорта ретінде Назарбаев Университетінің ғылыми-инновациялық паркі белсенді дамып келеді. Үздік білім мен тәжірибені алған біздің жас ғалымдар қазақстандық әрі әлемдік ғылымды дамытуда өзінің лайықты үлесін қосатынына сенімдімін», - деді Аида Балаева.

Сондай-ақ,  ол  бүгінгі шара Елбасы жариялаған Жастар жылы аясында өтіп жатқаны символдық мәнге ие екенін айтты.

«Бұл өз кезегінде қазақстандық ғылымды дамытуға сапалы тың серпін беруде маңызды кезең болады. Еліміз басшылығының саясаты нәтижесінде  бүгінде Қазақстанда жастарды ғылымға тарту үшін қажетті жағдайлар жасалуда. Ғылымды дамыту - жаһандық әлемде Қазақстанның бәсекеге қабілеттігінің негізгі факторы ретінде мойындалады. Елбасы тапсырмасы бойынша жыл сайын жас ғалымдардың зерттеулерін жүзеге асыруға үш миллиард теңгеден қосымша квота бөлінетін болады», - деді А.Балаева

Өз кезегінде Өзбекстанның Қазақстандағы елшісінің кеңесшісі Тимур Рахимов Қазақстан мен  Өзбекстан үшін өткен жыл ерекше болғанын атап өтті.

«Қазақстандағы Өзбекстан жылы аясында 2018 жылы 200-ге жуық іс-шара өткізілді. Ол елдер арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге шығарды. Биыл  Өзбекстанда Қазақстан жылы ашылады. Ол ынтымақтастықты одан жоғары деңгейге көтереді деп ойлаймыз. Былтыр елдер арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынас көрсеткіші 30 пайызға артып, 3 млрд доллардан астам қаражатты құрады. Біз мұны қарқынды дамытуға мүдделіміз. Биыл бұл көрсеткішті  4 млрд долларға жеткізуді көздеп отырмыз», - деді Т.Рахимов.

Ал Ұлыбритания елшілігінің өкілі Эд Марлер бұл форумның форматы мен ауқымы тек Қазақстан үшін ғана емес, жалпы Орта Азия елдері үшін өте маңызды екенін атап өтті.

«Ұлыбритания - тұрақты дамудың сәулетшісі. Біз Ұлыбританияның тұрақты дамуы  әлемге қалай таралатыны туралы айтып бермекпіз.  Тұрақты даму бойынша бизнес пен елдер арасында көптеген ынтымақтастық әрекеттері бар. Лафборо университетінде ғылым бойынша технопарк бар. Ол ғалымдар мен бизнес арасындағы жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді», - деді ол.

Сондай-ақ, ол Ұлыбритания қол жеткізген жетістіктермен Орталық Азиямен бөліскісі келетінін жеткізді.

«Қазақстан мен Ұлыбританияның арасында көптеген коммерциялық жобалар бар. Біздің ел Қазақстанмен барлық салада ынтымақтастық жүргізуге мүдделі. Ұлыбритания Орталық Азия елдерімен ынтымақтастықты   дамыту жолдарын  әркез қарастырады», - деді ол.

Ал ҚР Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғара Қазақстанда  7 мыңға жуық жас ғалым  бар екенін атап өтті.

«Ғалымдардың жасы жасарып жатыр. Бұл өте қуантарлық жағдай. Ұлыбританиямен қарым-қатынасымыз өте тығыз. Әрі қарай дамып жатыр. «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританияда  80-ге жуық докторант білім алып жатыр. Олар сол жақта алған барлық білім мен тәжірибесін елдің игілігі үшін жұмсайды деп ойлаймыз», - деді Р.Биғари.

Айта кетейік, Тұрақты даму және инновациялар бойынша II Орталық Азиялық форум  Орталық Азия бойынша әлеуетті ғылыми жобаларға платформа ұсынады. Олар тұрақты даму бойынша зерттеу жұмыстарын қызығушылық танытқан серіктестерімен талқылай алады.

Аягөз Құрмаш 

Оқи аласыздар: 

 Жастарға жаңа мүмкіндіктер беру керек - Қ.Тоқаев

Жастар жылы «Өзіңді тап» жобасы жүзеге асады - Д. Абаев

Цзянь Цзэмин: Қытайдың Қазақстанға территориялық таласы жоқ

 




Яндекс.Метрика