Халықаралық интеграция

Қ.Тоқаев пен В.Путин бірлескен мәлімдеме жасады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейге жасаған алғашқы сапары барысында Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Нұр-Сұлтан04 Сәуір , 08:56

Ресми кездесу рәсімінен кейін мемлекеттер басшылары шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті лауазымына кірісуіне байланысты құттықтағаны және жылы лебіз білдіргені үшін Владимир Путинге ризашылық білдіріп, өзінің алғашқы шетелдік сапарының Ресей Федерациясына жасалуының символдық мәнін атап өтті.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресейдің қазіргі ықпалдастығы көпшілік үшін қарым-қатынас жасаудың жарқын үлгісі болып саналатынын айтты.

«Мемлекет басшысы ретінде мен Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев саясатының сабақтастығын қамтамасыз етіп, Қазақстан мен Ресей арасындағы екіжақты ынтымақтастықты жан-жақты әрі белсенді дамыту ісін жалғастыра беремін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті екі елдің экономикалық ынтымақтастығына, әсіресе энергетика, көлік, транзит, өнеркәсіп және ғарыш салалары мәселелеріне арнайы тоқталды.

«Ресей Қазақстанның сыртқы саудасындағы «нөмірі бірінші» әріптесі болып қала береді. Қазақстанның сауда айналымындағы оның меншікті үлесі 19 пайыз. Инвестициялық ынтымақтастық қарқынды дамуда. Елімізде Ресей капиталы қатысатын 9 мыңнан астам кәсіпорын өз жұмыстарын табысты атқаруда», – деді Мемлекет басшысы.

Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мемлекет басшысы ретінде Ресейге алғашқы сапарының символдық мәнін атап өтіп, екі ел арасындағы байланыстардың жоғары деңгейде екенін айтты.

« Сіз қарым-қатынасымыздың деңгейін білесіз және өзіңіз де бұған көп үлес қостыңыз. Әрине, бұл – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қажырлы еңбегі. Біздің жай әріптес қана емес, халықаралық ұйымдар аясында да, екіжақты байланыстар бойынша да жақын одақтас екеніміз сөзсіз. Қарым-қатынасымыз өте тиімді дамуда. Нақты әрі айқын нәтижелерге қол жеткізіп келеміз. Бұл халықтарымыздың тыныс-тіршілігінен көрініс тауып отыр. Сіздің бүгінгі сапарыңыз кең ауқымдағы екіжақты одақтастық байланыстарымызды нығайтуға септігін тигізетініне сенімдімін», – деді Владимир Путин.

Кездесу барысында мемлекеттер басшылары мәдени-гуманитарлық саладағы мемлекетаралық өзара ықпалдастық мәселелерін талқылады, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті тақырыптар бойынша пікір алмасты.

Сондай-ақ,  Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаев пен Ресей Федерациясының Президенті В. Путиннің бірлескен мәлімдеме жасады.

Ашық, достық және сындарлы жағдайда өткен келіссөздер барысында мемлекеттер басшылары екіжақты қарым-қатынастардың негізгі мәселелерін, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) шеңберіндегі ынтымақтастықты, сондай-ақ өзара мүддені көздейтін өңірлік және халықаралық өзекті проблемаларды мұқият талқылады.

Қазақстан Республикасы Президенті мен Ресей Федерациясының Президенті екі елдің саяси, сауда-экономикалық, қорғаныс және әскери-техникалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара ықпалдастықтың орнықты оң қарқынына көңілдері толатынын атап өтіп, 1992 жылғы 25 мамырдағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартта, 1998 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ХХІ ғасырға бағдарланған мәңгілік достық пен одақтастық туралы декларацияда және 2013 жылғы 11қарашадағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы XXI ғасырдағы тату көршілік пен одақтастық шартында негізі қаланған қағидаттар мен міндеттемелерге деген адалдықтарын растай отырып, мынаны мәлімдейді:

Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы өзара сенім, стратегиялық серіктестік және жан-жақты ынтымақтастық негізінде тең құқылы және егемен мемлекеттер ретінде одақтастық қатынастарды және интеграциялық өзара ықпалдастықты дамыта отырып, бұл ретте мемлекеттік егемендік пен тәуелсіздікті өзара құрметтеу, тең құқылық және ішкі істерге араласпау, күш немесе күш қаупін қолданбау, мемлекеттердің аумақтық тұтастығы, шекараның мызғымастығы, дау-жанжалдарды бейбіт жолмен шешу, халықаралық міндеттемелерді адал орындау, адам құқықтары мен негізгі бостандықтарды қорғау қағидаттарын басшылыққа алады.

Қазақстан-Ресей қатынастары елдеріміз халықтарының тарихи және рухани терең байланыстарына негізделген. Бұлар екі мемлекеттің ұлттық мүдделеріне сай келеді, олардың азаматтарының әл-ауқаты мен өмір сапасын арттыру, тұрақты әлеуметтік-экономикалық даму, инновациялық технологияларды кеңінен енгізу базасындағы ұлттық экономикалардың бәсекеге қабілеттілігін күшейту, еңбек ресурстарын ұтымды пайдалану, адам әлеуетін мейлінше толық ашу міндеттерін шешуге септігін тигізеді. Бұл Қазақстан мен Ресейге жаһандану жағдайында өз ұстанымдарын барынша күшейтуге, Еуразия кеңістігінде және бүкіл әлемде қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға мүмкіндік береді.

Мемлекеттер басшылары екі ел арасындағы қарым-қатынастардың серпінді дамуы үшін мазмұнды және ашық саяси диалогтың маңыздылығын мойындай отырып, жоғары, биік және басқа да деңгейлердегі сенімге негізделген және сындарлы байланыстарды одан әрі кеңейтуді қарастырады.

Президенттер екі елдің өңіраралық және трансшекаралық ынтымақтастығының әлеуетін бағалай отырып, Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылымдары мен Ресей Федерациясының субъектілері арасындағы көпқырлы экономикалық және гуманитарлық қатынастарды кеңейтуді, мүдделі шаруашылық жүргізуші субъектілердің тікелей байланыстарын дамыту мен нығайту үшін қажетті жағдайлар жасауды жақтады.

Мемлекет басшыларының қатысуымен өтетін Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық ынтымақтастық жөніндегі жыл сайынғы форумдар және олардың екі ел іскер топтарымен кездесулері екіжақты өзара ықпалдастықты жандандырудың пәрменді тетігі ретінде танылды. Кезекті XVI форумды 2019 жылдың соңында өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Биліктің заң шығарушы және атқарушы органдары арасындағы жүйенің тұрақты іскерлік байланыстары Қазақстан-Ресей өзара ықпалдастығын нығайтуға септігін тигізеді.

Тараптар «Байқоңыр» кешені жөніндегі Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясының аясындағы, соның ішінде «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенін салудың бірлескен жобасын іске асыру үшін ынтымақтастықты жалғастырады.

Тараптар ЕАЭО әлеуетін тиімді пайдалануға қол жеткізуге ұмтылысты сипаттайтын ынтымақтастықтың қарыштап дамуын атап өтті, сондай-ақ 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың негізгі ережелері мен қағидаттарын іске асырудың маңыздылығын растайды.

Елдеріміз, оқыту және ғылыми-техникалық бағдарламалары мен бірлескен жобаларды қоса алғанда, білім беру және ғылыми ұйымдар арасындағы тікелей байланыстарды дамыту ісін ынталандыруға, ғылыми мен педагог кадрлар даярлау саласына қолайлы жағдайлар жасауға, оқытушылар мен студенттер алмасуды қарқынды түрде арттыруға ниетті.

Әрбір тарап өз аумағында тұратын екінші тараптың халықтарының этникалық, тілдік, мәдени және діни ерекшеліктерін сақтау және дамыту үшін тығыз ынтымақтастықты нығайту, тараптардың заңнамасына сәйкес олардың өкілдерінің қоғамдық-саяси, мәдени және әлеуметтік-экономикалық өмірге белсенді қатысуына жағдай жасау ниеттерін мақұлдады.

Қазақстан мен Ресей тараптардың бірі мүше болып табылатын халықаралық ұйымдарға және режімдерге қатысуына немесе қосылуына қолдау көрсете отырып, бейбітшілікті, халықаралық тұрақтылық пен өңірлік қауіпсіздікті нығайту ісінде ықпалдасады, Біріккен Ұлттар Ұйымы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және басқа да ұйымдар мен институттар алаңдарында үйлесімді жұмыс атқарады.

Нұр-Сұлтан мен Мәскеудің терроризм мен экстремизмге, діни төзбеушіліктің, ксенофобияның, ұлтшылдықтың және неонацизмнің зорлық көріністеріне, трансшекаралық ұйымдасқан қылмысқа, қару-жарақ, есірткі және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына, сондай-ақ басқа да жаңа сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге қарсы күрес мәселелеріндегі ұстанымдары ортақ.

Қазақстан мен Ресей біздің одақтастық қатынастарымыздың, ең маңызды негізі болып табылатын ортақ тарихымызды, ең алдымен, Екінші дүниежүзілік соғыс тарихын бұрмалау, қайта жазу және «қаралау» әрекеттерін құптамайды.

Саяси бағытта президенттер «Астана процесі» аясында халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормалары сөзсіз сақталуы үшін Сирия қақтығысын бейбіт реттеу жөніндегі күш-жігерлерді жұмылдыруға шешім қабылдады.

Тараптар Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы желісі бойынша ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және дағдарыс жағдайларына мән берудің пәрменді жүйесін құруға бағытталған бірлескен шаралар қабылдайды.

Қазақстан мен Ресей президенттері екі мемлекет арасындағы одақтастық және стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдету, олардың тұрақты дамуы мен халықаралық аренадағы беделін арттыруға қолдау көрсету мақсатымен қол жеткізген уағдаластықтарды тиімді іске асыруды қамтамасыз ету ниетін растайды.

Мемлекеттер басшылары жемісті келіссөздер мен сапар барысында қол қойылған екіжақты құжаттар Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы дәстүрлі достық, тең құқылы қатынастардың, сондай-ақ екі ел халықтарының арасындағы бауырластық және тату көршілік байланыстардың қарыштап дамуына тың серпін беретінін атап өтті.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен жүргізген келіссөздер қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев журналистер алдында сөйлеген сөзінде Қазақстан Республикасының Президенті ретінде Ресей Федерациясына жасаған алғашқы сапарының символдық мәнін атап өтіп, екі ел арасындағы қарым-қатынастардың ерекше сипатын айтты.

«Мәскеуге ресми сапармен келуге шақырған Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинге, сондай-ақ қонақжайлық көрсетіп, жылы қабылдағаны үшін ресейлік достарымызға ризашылық білдіремін. Бұл сапар екі тараптың да одақтастықты одан әрі дамытып, Қазақстан мен Ресей халықтарының достық байланыстарын нығайтуға ұмтылатынын көрсетті», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев қатысушыларға Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Мемлекет басшысы өкілеттігін тоқтату туралы шешімі жөнінде айтты және бұл қадам Қазақстанның келешегі үшін жасалған саяси даналық пен үлкен жауапкершіліктің жарқын үлгісі болып табылатынын ерекше атап өтті.

«Бұл тарихи оқиға әлемдік қоғамдастықтың біздің елімізге зор құрметпен қарауына түрткі болды. Бүгінде Нұрсұлтан Назарбаев барша Қазақстан халқының ыстық ықыласына бөленіп, қолдауына ие болып отыр. Ол Елбасы мәртебесінде Қауіпсіздік Кеңесінің және Nur Otan басқарушы партиясының төрағасы лауазымындағы өзінің ауқымды қызметін атқара береді», – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы өзінің Президент ретіндегі қызметі Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың «алтын ғасырында» басталғанын атап өтіп, Нұр-Сұлтан мен Мәскеудің жан-жақты диалогын нығайту жөніндегі стратегиялық бағдарды жалғастыруға және бұған дейінгі қол жеткізілген уағдаластықтардың сабақтастығын қамтамасыз етуге зор ниеттестік білдіретінін айтты.

Сонымен бірге, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда Ресей капиталының қатысуымен мұнай және химия, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, автомобиль және теміржол машиналарын жасау саласындағы 100-ге жуық бірлескен жобаларды іске асыратын 9 мыңнан астам кәсіпорынның жұмыс істейтінін атап көрсетті.

Қазақстан Президенті Ресей тарапымен арадағы келіссөздердің тақырыбы болған екі елдің өнеркәсіп кооперациясы және инвестициялық ынтымақтастық мәселелеріне арнайы тоқталды.

«Бүгін тараптар қол қойған Қазақстан-Ресей өнеркәсіп кооперациясы саласындағы бірлескен іс-қимылдар бағдарламасы осы бағыттағы жұмысқа тың серпін береді. Бұл бағдарламаның жүзеге асырылуы тракторлардың, автобустардың, автомобильдер мен басқа да көлік құралдарының өндірісін арттыруға, сондай-ақ елімізде қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді», – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресейдің географиялық орналасу ерекшелігіне тоқтала отырып, екі елдің көлік-транзит әлеуеті бәсекеге қабілетті маңызды басымдық екеніне тоқталды, сондай-ақ осы мүмкіндікті тиімді пайдалану қажеттігіне назар аударды.

«Біздің елдеріміз арқылы Еуразияның Батысы мен Шығысын байланыстыратын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралі аса маңызды көлік күре жолы болып табылады. Біз шекаралық рұқсаттама нүктелері жұмысының тиімділігін арттыру мәселесіне де назар аудардық. Бұл біздің азаматтарымыздың шекара арқылы өтуін жеңілдетуге мүмкіндік береді, сондай-ақ өңіраралық сауда-саттықты дамытуға ықпал етеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті энергетика және жанар-жағармай секторында өзара іс-қимыл жасаудың перспективаларына, сондай-ақ екі елдің әскери-техникалық және ғарыш саласындағы ынтымақтастығына, соның ішінде Байқоңыр қаласын газбен қамтамасыз ету мәселелеріне арнайы тоқталды.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресейдің туризм саласындағы ынтымақтастығы туралы айта келе, осы саланың дамуына қажетті мүмкіндіктердің мол екенін атап көрсетті және туристік, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ екі елдің шипажайларын насихаттау жұмыстарын жүргізу қажеттігіне баса назар аударды.

Қазақстан Президенті екіжақты мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайту мәселелеріне де тоқталды.

« Келіссөздер барысында Қазақстанда қолданбалы ғылымдарға арналған бірлескен оқу орнын ашу мәселесі талқыланды, қазақстандық әртістердің Санкт-Петербургтегі Музыка Үйінде білім алуы және Қазақстанның Ұлттық мұражайында Эрмитаж күндерін өткізу мүмкіндіктері қарастырылды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Соңында Қазақстан Президенті жүргізілген келіссөздердің нәтижесіне көңілі толатынын айтып, қол жеткізілген келісімдер Қазақстан мен Ресейдің достастыққа, сенімділікке, тату көршілікке және одақтастыққа негізделген ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.

Владимир Путин өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ресей Федерациясына алғашқы ресми сапармен келгені үшін ризашылық білдірді.

«Келіссөздер қазіргі Қазақстан мемлекетінің негізін қалаушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен бірлесіп жемісті жұмыс істеген жылдарда қалыптасқан дәстүрге толығымен сай келетін сындарлы және іскерлік жағдайда жүргізілгенін атап өткім келеді», – деді Владимир Путин.

Ресей Президенті қабылданған бірлескен мәлімдемеде Ресей мен Қазақстанның кең ауқымды стратегиялық серіктестігін нығайтуды көздейтін өзара келісім көрініс тапқанын, сондай-ақ оны одан әрі дамыту үшін нақты және жауапты міндеттер қойылғанын атап өтті.

«Жемісті және мазмұнды келіссөздер үшін Қазақстан Президентіне және Қазақстаннан келген біздің әріптес достарымызға шынайы ризашылығымды білдіргім келеді. Біздің кездесуіміздің нәтижелері бауырлас екі ел халықтарының игілігі үшін Ресей мен Қазақстанның одақтастық қарым-қатынастарын нығайтуға септігін тигізетініне сенімдімін», – деді Владимир Путин.

Сапар қорытындысы бойынша мынадай құжаттарға қол қойылды:

1. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің бірлескен мәлімдемесі.

2. Ресей-Қазақстан өндірістік кооперациясы саласындағы бірлескен іс-қимыл бағдарламасы.

3. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенін газбен жабдықтау жөніндегі келісім.

4. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Ресей Федерациясының Өнеркәсіп және сауда министрлігі арасындағы Кәсіпорындардың ғылыми-техникалық кооперациясы саласындағы екіжақты ынтымақтастық жоспары.

Оқи аласыздар: 

Нұрсұлтан Әбішұлының әлеуметтік бастамалары жалғаса береді – Мемлекет басшысы

Президент Сұлтановқа тапсырма берді

Бәріміз Қазақстанның игілігі үшін жұмыс істеуге тиіспіз – Н.Назарбаев

 




Яндекс.Метрика