АШК – Қазақстан экономикасының драйвері

Ауыл шаруашылығы: араб елдері ет алып жатыр

Республика аумағында 2018 жылы 347, 2017 жылы 360 жануарлардың аса қауіпті ауруларының ошақтары тіркелді, оның ішінде бруцеллез бойынша 180, 2017 жылы 217 саламатты емес пункт анықталды. 180 саламатты емес пункттің ішінде 125 сауықтырылды және жергілікті атқарушы органдардың шешімімен жабылды, 55 пунктте ветеринариялық-сауықтыру іс-шаралары жүргізілуде. Биылғы жылдың басынан бері жануарлар ауруларының 20 ошағы тіркелді. Елдегі эпизоотиялық ахуал мен карантиндік фитосанитарлық жағдай туралы Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Үкіметтің отырысында айтып берді.
Нұр-Сұлтан02 Сәуір , 11:38

«Өткен жылы Халықаралық эпизоотиялық бюро тәуелсіз шетелдік сарапшылар миссиясының   қорытындысы бойынша 2011-2017 жылдардағы еліміздің ветеринариялық қызметін жаңғырту нәтижелерін жоғары бағалады. Мәселен, бағаланған 47 позицияның 14  бойынша Қазақстан өз позициясын жақсартты, 30  бойынша жоғары бағасын сақтап қалды, 3 бойынша жақсарту жөнінде ұсыныстар берілді», - деді С.Омаров.

Министр  ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында: Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің және өңірлік әкімдіктердің 2019-2021 жылдарға арналған ветеринариялық қызметті одан әрі жаңғырту жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспары, 2019 жылға арналған профилактикалық ветеринариялық іс-шараларды және диагностикалық зерттеулерді жүргізу жөніндегі жоспар әзірленгенін атап өтті.

«2019 жылға арналған ветеринариялық іс-шараларды қаржыландыру көлемі 45,2 млрд. теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,9 млрд. теңгеге артық. Көрсетілген қаражат есебінен 2019 жылы жануарлар мен құстардың аса қауіпті 17 ауруына қарсы вакцинациялау бойынша 137,2 млн  манипуляция жүргізу жоспарланған, бұл листериоз бойынша саламаттылыққа қол жеткізуге байланысты 2 млн манипуляцияға азайтылды. Сонымен қатар,  13,9 млн  бас ауыл шаруашылығы жануарларының төлін бірдейлендіру, жануарлардың 28 аса қауіпті ауруы бойынша 72,4 млн  зерттеу  жүргізу, зертханалық зерттеулер үшін 34,8 млн  қан сынамасын алу жоспарланған», - деді С.Омаров.

Ауыл шаруашылығы министрі айтқандай,  ХЭБ ұсынымдарына сәйкес бруцеллезге қарсы күрес стратегиясы қайта қаралды. Сонымен, ветеринариялық іс-шаралар бруцеллезге зерттеу кезінде оң нәтиже берген жануарға ғана емес, бүкіл табынға жүргізіледі.

«Жоғары патогенді құс тұмауына  қарсы күрес стратегиясына жұмыс істеп тұрған құс фабрикаларынан 20 шақырым радиустағы халық шаруашылығының тәуекел аймағын анықтау бөлігінде өзгерістер енгізілді, енді жабайы құстардың қоныс аудару жолында және су қоймаларының жанында орналасқан шаруашылықтармен қатар құс фабрикаларындағы құстардың да ата-енелік табынына осы ауруға қарсы вакцина егілетін болады», - деді С.Омаров.

Ауыл шаруашылығы  министрі   сібір жарасы бойынша жыл сайын 100% қамти отырып, сезімтал жануарларға алдын ала вакцинациялау жүргізіліп, халықаралық зертханаларда олардың сапасын тексере отырып, қолданылатын вакциналардың сапасын бақылау күшейтілгенін жеткізді.

«2017-2018 жылдары кадастрмен белгіленген сібір жарасының 2180 көміндісі қоршалды және тану белгілерімен белгіленді.Қазақстан нодулярлық дерматитке қарсы күрес жөніндегі халықаралық сарапшылардың оң қорытындысын алды. Ағымдағы жылдың ақпан айында Қытайдың Бас кеден басқармасы Қазақстан Республикасын нодулярлық дерматит бойынша саламатты деп таныды, аусыл бойынша шектеулер алып тасталды, ірі қара және ұсақ мал еті бойынша ветеринариялық талаптар келісілді, ет комбинаттарында инспекция жүргізілді, қой етін қайта өңдейтін 5 кәсіпорын Қытайға экспорт жасайтын кәсіпорындар Тізілімге енгізілді және сиыр етін қайта өңдейтін 4 кәсіпорын енгізіледі деп күтілуде. Бұл өз кезегінде қазақстандық ет өнімдерінің Қытай нарығына шығуына жол ашты», - деді С.Омаров.

Халықаралық эпизоотиялық бюрода вакцина салынбайтын аймақтағы   және вакцина салынатын 5 аймақтағы Қазақстанның аусыл бойынша саламаттылығы, жылқының африкалық обасы бойынша саламаттылығы қайта расталды.

«Иранмен Қазақстаннан сиыр етін, ұсақ малдың субөнімдерін, тағамдық жұмыртқаны, союға арналған малды экспорттауға қойылатын ветеринариялық талаптар келісілді. Сауд Арабиясы Корольдігімен ірі қара және ұсақ малдарды сою және өсіру үшін экспорттауға арналған ветеринариялық сертификат келісілді. Бахрейнге сиыр еті мен қой етін экспорттау жүзеге асырылуда.

Қазіргі уақытта Қытаймен шошқа еті бойынша ветеринариялық талаптар, Оманмен сиыр еті мен қой етіне, тірі ірі қара малға арналған ветеринариялық сертификат келісілуде», - деді С.Омаров.

Биыл  Қазақстан шошқаның африкалық обасы бойынша саламатты ел мәртебесін алғанын ерекше атап өткім келеді.

«ХЭБ   Францияда ветеринария мамандарын оқыту бойынша, қазақстандық зертхананың Орталық Азия елдері үшін ұсақ күйіс қайыратын малдың обасы бойынша ХЭБ референттік зертханасы мәртебесін алуы бойынша, бруцеллез және лейкозға қарсы ынтымақтастық жасасу бойынша жұмыс жалғасуда.Заңнамалық негізде ветеринариялық бақылау мен қадағалаудың бірыңғай жүйесін құру, жергілікті атқарушы органдарда ветеринариялық қызмет вертикальін құру, жануарлар мен өнімдердің орнын ауыстыруды бақылау үшін мобильді бекеттер құру, үшінші елдердің Тізіліміне енгізу үшін қазақстандық кәсіпорындарға жүргізілетін инспекцияларды бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру көзделеді», - деді министр.

Сапархан Омаров  айтқандай, республикалық ветеринариялық зертхана шекара маңындағы және экспортқа бағдарланған аудандарда 4 зертхананы аккредиттеуді, 28 аудандық зертхананы материалдық-техникалық тұрғыдан жарақтандыруды, диагностика мен тамақ қауіпсіздігі бойынша көрсетілетін қызметтер тізбесін кеңейтуді жоспарлап отыр.

«Бүгінгі күні ветеринариялық қызметтерді орналастыру бойынша шешімін таппаған мынадай мәселелері бар. Мысалы, 2013-2014 жылдары жергілікті атқарушы органдар жанынан құрылған 2 534 ветстанция мен ветпункттің тек 33% (834) ғана өз үй-жайларында орналасқан, 63% (1 585) әкімдіктерде немесе басқа да ұйымдармен бірге орналасқан, ветпунктердің 4% (115) үй-жай жоқ. 431 ветстанция мен ветпункт үй-жайларына күрделі жөндеу жүргізу қажет, 13 374 лауазымдық бірліктің 537 (4%) бос орын, 3 764 техникадан 130 техника (3%-ы) пайдаланылмайды», - деді ол.

Сондай-ақ,  фитосанитария   саласындағы іс-шараларды қаржыландыруға 34,6 млрд  теңге көзделген, бұл өткен жылғы деңгейден 7,2 млрд. теңгеге артық.

«2019 жылы аса қауіпті зиянды организмдер мен карантиндік объектілерге қарсы іс-шаралар жүргізуге өткен жылы 3,6 млрд. теңге бөлінсе, биыл 4,9 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінді. Пестицидтер, оларды сақтау, тасымалдау және қолдану жөніндегі көрсетілетін қызметтер сатып алынып қойды. Сәуір айының екінші онкүндігінде оңтүстік өңірлерде шегіртке зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу жүргізу жоспарлануда.Еліміздің фитосанитариялық қызметі 2018 жылы аса қауіпті зиянды организмдер мен карантиндік объектілер  бойынша ел аумағын өңірлендіру жұмысын жүргізді», - деді С.Омаров.

Сонымен қатар, министр   дер кезінде қабылданған шаралар шегірткелердің таралу аймағын өткен жылғы 1,9 млн  гектардан ағымдағы жылы болжанып отырған 950,4 мың гектарға дейін екі есеге азайтуға мүмкіндік берді: ФАО  ғылыми ұсынымдарын ескере отырып, өңдеудің жаңа әдістері қолданылғанын айтты.

«Жалпы, аса қауіпті организмдермен залалданған алаң 2016 жылғы 5,1 млн  гектардан 2019 жылы 3,9 млн  гектарға дейін төмендеді, карантиндік арамшөп саналатын тікенекті алқаның таралу ошақтары толығымен жойылды, америкалық ақ көбелек, Комсток сымыры, калифорниялық қалқаншалы сымыр және шығыс жеміс жемірі сияқты бірқатар карантиндік объектілердің таралу алаңы қысқарды. Қазақстан Республикасының аумағын карантиндік объектілердің енуі мен таралуынан қорғау мақсатында 2019 жылы 19 ақпанда Қырғыз Республикасы аумағынан құрма, алма, тұқымдық және тағамдық картоп әкелуге тыйым салу арқылы уақытша карантиндік фитосанитариялық шаралар енгізілді», - деді ол.

Сондай-ақ,  Өзбекстан мен Қырғызстандағы әріптестермен Фитосанитариялық, карантиндік бақылау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жол карталарына қол қойылған.

«2018 жылы Қытайдың Бас кеден басқармасымен Қазақстаннан Қытайға жоңышқа, рапс күнжарасы, арпа және жүгері экспорттауға қойылатын фитосанитариялық талаптарға қол қойылды, арпа мен жүгері бойынша 2 кәсіпорынға инспекция жүргізілді, бұл аталған өнімді ресми түрде жеткізе бастауға мүмкіндік берді. 30  астам ұн тартатын Қазақстан кәсіпорыны және 105 астық сақтау кәсіпорны Қытай тізіліміне қосылды, бұл астық пен ұнның Қытай нарығына экспортын ұлғайтуға мүмкіндік бермек», - деді ол.

Министр  еліміздің ветеринариялық және фитосанитариялық қызметтерінің белсенді жұмысының арқасында басқа елдердің тізілімдеріне барлығы 2557 қазақстандық экспорттаушы кәсіпорын, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ тізілімінде 2212 отандық кәсіпорын енгенін  атап өтті.

«Ресейдегі алдын ала хабарлау пунктері секілді Қазақстан ағымдағы айдан бастап Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттермен шекараға жақын жерлерде 32 ветеринариялық және фитосанитариялық бақылау пунктін орнатуда.Әрбір бақылау пункті Қазақстанның басқа да қызметтерімен және шекаралас Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің осыған ұқсас қызметтерімен өзара ақпараттық іс-қимыл жасасу үшін техникалық жарақтандырылған. Сондай-ақ,  әрбір бақылау бекетінде экспресс-талдау жүргізуге арналған жылжымалы зертхана және кері қайтару мүмкін болмаған, ел аумағын залалдау қаупі жоғары болған аса қауіпті жүктерді жоюға арналған қазіргі заманғы пеш  бар», - деді С.Омаров.

Аталған пункттерде тауарлардың келіп-кетуіне бақылау жүргізу басқа да мемлекеттік органдардың   өзара іс-қимыл жүргізуін қажет етеді.

«Мәселен, шекарашылар мен кеденшілерден тауарлардың шекара арқылы өткені туралы шұғыл ақпаратты бақылау пункттеріне жеткізу, Ішкі істер департаментінің автоинспекторларынан және Көлік комитетінің көліктік бақылау инспекторларынан көлік құралдарын тоқтату және құжаттарын тексеру, қажет болған жағдайда, кері қайтарылатын жүктерді шекараға дейін алып жүру бойынша жәрдем қажет болады.Бұл тауарлардың импорты мен транзитін тиімді бақылауға, ветеринариялық, фитосанитариялық және тамақ қауіпсіздігі талаптарына, сондай-ақ техникалық регламенттерге сәйкес келмейтін өнімдерді ел аумағына кіргізуге жол бермеуге мүмкіндік береді», - деді ол.

Сапархан Омаров айтып өткендей,  шекарада бақылаудың күшейтілуі аса қауіпті аурулар бойынша елімізді саламатты деп тану мәселелерінде бұған дейін қол жеткізілген жетістіктерді сақтап қалуға және шошқалардың классикалық обасы, құс тұмауы бойынша саламатты екенімізді танытуға көмектеседі.

«Ал бұл өз кезегінде экспорт географиясын кеңейтуге және қазақстандық өнім экспортының көлемін арттыруға мүмкіндік береді.Мұндай жұмысты жүргізудің маңызды екеніне барлық бақылау-қадағалау органдары, оның ішінде Бас прокуратура да түсіністікпен қарауы тиіс», - деді ол.

Сондай-ақ,  жергілікті атқарушы органдармен, қоғамдық бірлестіктермен, халықаралық ұйымдармен ветеринариялық және фитосанитариялық саламаттылықты қамтамасыз ету бойынша бірлесіп жұмыс істеу маңызды. 

Аягөз  Құрмаш 

Оқи аласыздар: 

Ауыл шаруашылығы: Жаңа министр ескі проблемалар туралы айтты

 Қазақстанның индустриалды-инновациялық дамуы

Нан бағасы қалай реттеледі?

Қазақстанда еңбек қауіпсіздігі қалай қорғалады?

Осы жұрт жобаларды біле ме екен?

 




Яндекс.Метрика