Сараптама

Қылмысты ашу, жасырын тергеу және 48 сағат

Әрбір мемлекеттің халқы алдында бір парызы бар. Ол құқықтық қоғамның басты мақсат, негізгі міндеті. Конституцияның 1-бабының 1-тармағында: «Қазақстан үшін ең қымбат қазына - адам, оның өмірі, құқығы мен бостандықтары», - деп жазылған.
Нұр-Сұлтан29 Наурыз , 17:51

Осы құндылықты қорғайтын түрлі жол бар. Соның бір құралы - Қылмыстық-процестік кодекс. Қылмыстық процес еліміздің құқық саясаты бағытымен дамып келеді.

Жалпы, бұл Заң не үшін керек десек, бір жағынан, қоғамды қылмыстан қорғау болса, екінші жағынан, тергеу органдары адам құқығын аяққа баспау үшін.

Оларда билік көп - аңдиды, жасырын тыңдайды, тінту жасайды, адамның жүріс-тұрысын шектейді, қамайды, мүлкіне тыйым салады. Сөйтіп, қылмысты ашамыз деп артық кетуі мүмкін.

Сондықтан, ҚПК міндеті - заңсыздыққа тосқауыл болу, ішкі ахуалға қарап, адам құқығы мен қылмыспен күрес арасында баланс ұстап тұру. Оның басты концепциясы – қылмыстық процесті одан әрі жетілдіру. Қылмыстық процеске қарапайым адам көзімен қарау.

Лаңкестік көбейгенде АҚШ «Патриотизм актісін» бекітті. Қауіпсіздік органдарын күшейтті. Қосымша құзырет берді. Еуропада, басқа елдерде де солай.

Соңғы жылдары Елбасының бастамасымен гуманизация жасалып, жазалар жұмсартылып жатыр.

Бірақ, терроризм,  педофилия, жемқорлық дегендерге жаза, керісінше, қатаюда.

Жалпы, заң жетілдіру - тоқтамайтын процесс. Оны таразылап, кезең-кезеңімен жасаған дұрыс. Тарихымыздағы Елбасының ҚПК өзі ұсынып отырған алғашқы өзгерістері 2017 жылы болды.

Сол Заңның үш маңызды ерекшелігі болған.

Біріншісі, оны әзірлегенде ҚПК қарапайым көзбен қараңдар деп Елбасы нақты мақсат қойды.

Екіншісі, қылмыстық істер – тым ұзақ, шығыны көп сала. Бюджетке үлкен салмақ. Тергеушілер, прокурорлар, соттар, сараптамалар. «Үнемдеу тұрғысынан талдаңдар», - деді Елбасы. Бірақ, таяқтың екі ұшы бар, оны жасаймыз деп артық кетпеңдер, адам құқығы бұзылмасын деп ескертті.

Үшіншіден, тергеу органдары ешқандай жаңа құзырет алмайды, күшеймейді.

Жалпы, заңның мазмұнын екіге бөлуге болады.

Бірі - адамның қорғалуын күшейтсе, екіншісі - процеске үнемдеу жасау жөніндегі нормалар.

Бүрын санкциясыз адам 72 сағатқа қамалатын еді. Ол Конституциядағы мерзім. Неге осыны азайтпаймыз деп зерттедік. Сөйтіп, 48 сағатта үлгеретінімізге көзіміз жетті. Күдікті 18 толмаса, тіпті, 24 сағат та жеткілікті екен.

Бұл уақытты құр азайту емес. Мұнда үлкен мағына жатыр. Құқық қорғау қызметкерлері адамды қамап қойып, екі қолды қалтаға салып, жайбарақат жүрмейтін болды. Тергеуші тезірек дәлел жинап, күдікті кінәлі екеніне прокурорды сендіруі тиіс. Ал, прокурор келісіп жатса, онда ол соттан санкция сұрайды.

Осының бәрі 48 сағатта бітуі керек. Бітпесе, ИВС шығарып жібереді. Әйтпесе, өзі сотталады. Бұл жақсы тосқауыл болды. Жасырын емес, заңды белден басып, қысым жасап, жасамағанды жасады деп мойындату бар. Сол үшін талайы сотталды да.

Әрине 48 сағат – халықаралық стандарт. Барлық дамыған елдердерде осындай мерзім. Біз де соған ұмтылудамыз.

Бұрын адамды 3 тәулікке ұстайды. Сосын 3 тәулік бойы дәлелдер қосымша жинайды. Осы аралықта оған қысым жасауы, заңсыз әрекеттерге жол беруі, мысалы, қинауы мүмкін еді.

Дегенмен, терроризм, педофилия, қасақана өлтіру сияқты аса ауыр қылмыстар үшін 72 сағат қалдырылды.

Екіншіден. Экономикалық қылмыс үшін тергеу кезінде қамамайтын болды. Олар қоғамға қауіпті емес. Бос жүрсе, қайта бизнесін жүргізе береді.

Бірақ, рейдерлік, жалған ақша, ұйымдасқан топ үшін қамау қалдырылды. Өйткені, ол бизнес емес. Заңсыз тірлігін одан әрі жалғастыруы мүмкін.

Тағы да бір жаңалық. Қылмыстық істі қозғау үшін мынадай бірнеше негіз болуы керек.

Қылмыс бар деген құр рапорт болса, іс бірден бастала береді. Енді ол жеткіліксіз. Аудиттің ресми актісі болуы тиіс.

Бұрын біреу келісімді орындамаса ол алаяқ деп те істі қозғап жататын еді. Бұл да дұрыс емес. Олардың аралары, біріншіден, сот арқылы шешілуі керек. Сосын о бастан алдағысы келгені, арам ниеті болғанын дәлелдейтін деректер болуы қажет.

Не болмаса, арыз көп адамнан түссе. Мысалы, қаржы пирамидасынан алданғандар, үлескерлер.

Осындай негіздер болмаса қылмыстық іс қозғалмай, дау азаматтық тәртіпте қаралуы тиіс.

Үшінші өзгеріс. Тергеу органы телефонды тыңдайды, басқа да жасырын амалдар жүргізеді, қармаққа дәлел іліне ме деп. Күдік расталмаса, жылы жауып қоя салады. Оны адам білмейді де.

Ендігі уақытта іс бойынша шешім шыққан соң «Сізге қатысты жасырын тергеу жүргіздік» деген хатты тергеу беруі тиіс. Ол заңсыз, маған нұқсан келді десе, ол адам сотқа жүгінуге құқылы. Демек, тергеуші де әр күдікке санкция сұрай бермейміз. Оны беруші де жеті рет ойланатын болады.

Бұндай бұрын болған емес. Басты мақсат – адамның конституциялық құқығын нығайту. Ұсынып отырған шара адам құқықтарын қорғаудың тиімді құралы болмақ.

Төртіншіден. Тінту, эксгумация, біреуден жауап алу, басқа да тергеу амалы қажет десе, адвокат оны тергеушіден сұрайды. Ол бас тартса, өтініш орындаусыз қалады. Сот арқылы тек экспертиза жасауды талап етуге құқылы.

Енді қорғаушының мүмкіндігі кеңейді. Тек экспертиза емес, басқа да тергеу амалын адвокат тергеушіні мәжбүрлеп, істете алады.

Тергеу кезінде дәлел алмасу енгізіледі. Ал, қорғаушы қолындағы дәлелді ерекше, ол істің тағдырын шешеді деп санаса, оны тергеуге ашпай, кейін тек сотта көрсетуге құқылы. Ал, тергеу болса, барлық дәлелдерін қорғаушыға ашуға міндетті.

Бесінші мәселе. 2017 жылғы қыркүйек айында Парламент сессиясы ашылғанда Елбасы құқық қорғау органдарын қатты сынап, істі бір фактімен бастайсыңдар, дәлел таппасаңдар, жауапқа тартудың амалын іздеп, басқа жағын қазбалап кетесіңдер деген.

Бұл тәртіп түбегейлі өзгерді. Енді іс қай фактімен қозғалса, тек соның шеңберінде жүргізілуі тиіс.

Заңның екінші бөлігі - экономияға қатысты.

Мысалы, ұры қолынан ұсталды. Куәлар, видео бар. Мойындап тұр. Кінәлілігіне күмән жоқ. Бұрын солай болса да 15 күн тергеу. Прокурор 3 күн қарайды. Сот 20 күн. Сөйтіп, 1-2 ай жүретін тергеліп. Бұл оңай, дәлелденіп тұрған, анық істер.

Енді сондай ұсақ істер үшін бұйрық өндірісі болды. Ол не десеңіздер, жаңағы мысал. Кінәсі айдан анық. Айыппұл сұрайды. Жәбірленуші қарсы емес. Толық процестің керегі не? Сонда майда істер әрі кетсе 10 күнге дейін бітеді.

Бұл құқық қорғау органдарының жұмысын жеңілдетті, уақытты үнемдеді, ірі, күрделі істермен сапалы айналысуға мүмкіндіктер кеңейді.

Алтыншы мәселе. Қылмыстық процесте барлық санкцияларды сотқа беру. Бұл 100 нақты қадамда көзделген.

Санкция беру тәртібі де жеңілдеген. Мысалы, тергеуші санкция сұрап бірден сотқа барады. Прокурорға тек ол туралы хабар береді. Егер прокурор келіспесе, онда ол сотқа өз позициясын жолдауы тиіс.

Прокурор арқылы сотқа тек 3 санкция барады. Ол – күзетпен ұстау (содержание под стражей), үй қамаққа алу (домашний арест) және экстрадициялық қамау. Бұл мәселелердің адам үшін әсері мол. Сондықтан оларды жеңілдетуге болмайды. Санкцияның бұл түрлері міндетті түрде сот отырысында қаралады.

Тараптар өтінім хат (ходатайство) берсе, басқа санкциялар да сот отырысында қаралуы мүмкін.

Тағы бір маңызды мәселе бар. Бұрын тергеуші меншік иесінің мүлкін пайдалану құқығын 10 күнге шектей алады. Ол туралы бизнесмен білмеуі де мүмкін.

Енді тергеуші бұл туралы меншік иесіне 24 сағаттың ішінде хабарлауға міндетті. 10 күнен кейін ол шектеуді алуға міндетті немесе мүлікке арест салуды сұрап сотқа баруы тиіс.

Жетінші мәселе. Ол жарыспалықты күшейту. Ол үшін қорғаушылардың өкілеттігі кеңейді. Енді олар судья арқылы тергеушіні өздеріне қажет әрекеттер жасауға мәжбүрлей алады. Мысалы: қылмыс болған орынды қарау, тінту жасау, эксгумация және басқалары. Қазір, олар тек экспертиза жасата алады, онда да егер тергеуші қарсы болмаса.

Тергеудің басында айғақтармен алмасу енгізіледі. Бұл сот шешімін күтпестен адам құқығын қалпына келтіру үшін керек.

Адвокаттар қорғау үшін маңызды және тек сотта ғана көрсету үшін айғақтарын ашып бермеуге құқылы.

Прокуратура, тергеу органдарында, бір ескі ауру болған. Өздерін қылмыстық істің қожайыны деп санаған. Бұл Кеңес Одағынан келе жатқан көзқарас, қанға сіңген әдет, қалыптасқан менталитет болған. Сосын ғой бұрын органдар десе, сенім емес, алдымен, қорқыныш пайда болған.

Бұл ауруды жеңудің ең тиімді жолы - цифрлық формат. Түркия, Сауд Арабиясы, Грузия процестерін цифрға 10-15 жыл бұрын көшірген. Солар сияқты біз де  көшірдік, біраз проблемаларымызды шештік.

Тергеушінің прокурорға, сотқа жүруі азайды.

Бір жапырақ қағаз үшін біраз жерге бармай, күтпей, интернеттен алатын болды. 3 күн күтетін санкцияны 1-2 сағатта. Нарко-психодиспансер анықтамасын кабинеттен шықпай 10-ақ минутта алады.

IT-жүйе тергеушінің, прокурордың, судьяның жұмысын тиімді қылды.

Бірақ, ең бастысы, цифрлық іс адам қорғалуын күшейтті. Бүткіл процесс прокурорға, сотқа алақандағыдай көрініп тұрады. Бақылау артады. Істің қожайыны мен, тағдырың менің қолымда деген аурудан құтылып, коррупция азаяды. Сөйтіп, талай қызметкерді сүрінуден қорғаймыз.

Елбасының бастамасымен қабылданған новеллалар Қазақстанның әлемнің неғұрлым бәсекеге қабілетті дамыған елдерінің отыздығы қатарына кіруі үшін елеулі қадам болып табылады.

Жалпы, 2012 жылдан бастап Жоғарғы Сот, Ішкі істер және Әділет министрліктері бірқатар жобаларды іске асырды. Қылмыстық және азаматтық процесте бітімгершілік. Түрмедегі адамдардың санын азайту. Алименттер. Жобалар құр сөз емес, нақты істерге жалғасып, нәтижесін беруде.

Бүгінде дамыған елдердің озық тәжірибесі алынып, оны жан-жақты зерделеп, өзімізге бейімделіп, енгізілуде.

Мақсатымыз – елдегі құқықтық тәртіпті нығайту, азаматтарымыздың қауіпсіздігін одан сайын жақсарту. Сөйтіп, әділетті, мықты, ашық, адам құқығына ерекше мән беретін демократиялық мемлекет құру.

2015 жылғы 1 қаңтардан бастап төрт кодекс қолданысқа енгізіледі, олар: Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Қылмыстық-атқару және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы (бұдан әрі – ҚК, ҚПК, ҚПК және ӘҚБК).

Ескі кодекстерге қарағанда жаңа ҚК, ҚПК, ҚАК қандай 5 ірі артықшылығы бар?

Бірінші басты артықшылық. ҚК барынша жұмсара түсті. Оның жазалау шаралары 30% төмендеді.

Бұрын ұсақ-түйек ұрлық болса да түрмеге қамайтын. Себебі, ол рецидивист. Мұндай майда қылмыстар үшін аяусыз жазалау қазір жоқ. Жазаның балама түрі көбейді. Сотталғандар түрмеге қамалмай-ақ түзу жолға түскенін дәлелдеуге мүмкіндік алды. Ең бастысы, қоғамнан және отбасынан ажырамайды.

4 жыл бұрын «Түрмедегілер санын азайтудың 10 шарасы» Жобасы басталды. Оның формуласы - «босап шығуға лайық екеніңді дәлелде». «10 шара» Жобасы ешбір амнистия жарияламай-ақ түрмедегілер санын 52 мыңнан 32 мыңға азайтты немесе 40 пайызға. Әлемдік түрме рейтингінде позициямыз 30 орыннан 82 қатарға жақсарды.

Әлемдік қоғамдастық «10 шара» Жобасын қылмыстық сот төрелігі саласындағы еліміздің мықты жетістігі деп таныды.

ҚК қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін күшейтті. Сепаратизм, әскери қақтығыстарға қатысқаны үшін жауаптылық енгізілді. Жемқорларға мемлекеттік қызметке орналасуға, ал педофилдарға балалармен жұмыс жасауға өмір бойына тыйым салынды. Химиялық кастрация жөніндегі норма жұмыс істей бастады.

Екінші маңызды артықшылық. Қылмыстық процесс адамдардың мүддесіне жұмыс жасай бастады.

Ескі ҚПК іс қозғалмай тұрып, жауап алу, қарау, алып қою, экспертиза жасауға жол беретін. Бұл мүмкіндікті құқық қорғау органдары шексіз пайдаланды. Қылмыстық орбитаға тартылғандар оған тек амалсыз көнетін.

Істі қозғаудан бас тартты деген арыздар қазір жоқ. Барлық фактілер тіркеледі. Процесс бірден басталады. Қылмысты тіркеуден жасыру тыйылды деуге болады.

Сот істі бұрынғыдай қосымша тергеуге қайтара алмайды. Айыптау немесе ақтау үкімі шығарылады.

Түсінікті депонирлеу, яғни, айғақ ретінде сақтап қою. Мыңнан астам адамнан бір реттен ғана жауап алынды. Кейін оларды ешкім мазалаған жоқ. Бұл, әсіресе, жәбір көрген балалар, кәмелетке толмаған куәлар үшін ерекше маңызды. Олардың психикасына зиян келмейді.

Бейнебайланыс көмегімен қашықтан жауап алу  жұмыс істей бастады. Процеске қатысушылар тектен-текке басқа қалаға сандалмайды, уақыты мен ақшасын үнемдейді. Бұл азаматтарға да, мемлекетке де тиімді.

«Нақты ұсталған уақыт» және «жеткізу» дегенге дәл түсініктеме берілді. Нәтижесінде, заңсыз ұсталып, органдарға жеткізілген адамдар саны 5 есе азайды.

Алғаш рет Миранда ережесі енгізілді. Яғни, ұсталған адамға оның құқықтары бірден сол жерде түсіндіріледі.

Үшінші артықшылық. Сот құзыреті кеңейтілді. Одан бөлек, процесті жүргізетін орган мен прокурордың кез-келген әрекетіне сотқа шағым келтіруге болады.

Төртінші артықшылық. ҚК татуласу институтын кеңейтті. Егер жәбірленуші мен қылмыскер бейбіт келісімге келсе, ал, жасалған қылмыс ауыр болмаса және адам өліміне әкеп соқпаса, онда іс міндетті түрде қысқартылуы тиіс. Жәбірленуші де риза, айыпталушы да тыныш.

Бесінші артықшылық. Кінәсін мойындау туралы мәміле жасалды. Жәбірленушілерге келтірілген зиян тез өтелуде. Айыпталушылар жазасы жеңілдейді. Соттар мұндай істерді куәлар мен жәбірленушілерді шақырмай-ақ бір күн ішінде қарайды.

ҚАК басты артықшылығы - сотталғанды мерзімінен бұрын босап шығуға ынтасын оятты. Олардың санасында «жүріс-тұрысым түзелсе, залалды толық өтесем, онда мен уақытынан бұрын босаймын» деген түсінік қалыптасты.

Ең жақсы деген заңның өзі халық көңілінен шықпайды деп Рим классигі айтқан екен.

Сондықтан, кез-келген заң мен кодекске мониторинг жасап, оны жаңартып, жетілдіріп отыру қажет.

Сөзімді тиянақтай келе мынаны ескерткім келеді. Еліміздің қылмыстық процесін өзгерту заңдары Европа елдерінің озық тәжірибесіне теңестіретін қадам.

Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара отырып, құқық қорғау органдары жұмысын халықаралық стандарттарға теңестіру туралы Парламенттің сессиясын ашарда Елбасы берген тапсырманы орындау жолы.

Оған қоса аталған шаралар Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» бағдарламасын, Қазақстан халқына Жолдауын, басқа да тапсырмаларын іске асыру шеңберінде жүргізілуде.

Қайсар Ноғаев

Оқи отырыңыз:

Мектептердегі тәртіпсіздік қатаң жазаланады

ҚР ІІМ келелі жиын өтті

Теміртаулық инженерлер көше бақылайтын камераларды құрастыруда

РФ ІІМ еліміздің көлік сақшыларын төс белгілермен марапаттады

Қазақстан және ЕАЭО: авторлық құқық қалай қорғалады

Қадағалау органы қызметіндегі жаңа міндеттер қандай болмақ

Ғылыми жаңалықты құқықтық қорғау Қазақстанда қалай жүзеге асырылады

О.Өксікбаев: Монополистерге заңдық шектеу қою керек




Яндекс.Метрика