Басқару

Мемлекет басшысы: Азаматтарымыздың болашаққа деген сенімін арттыру керек

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдері қатысқан кеңес өтті.
Нұр-Сұлтан27 Наурыз , 14:12

Жиын барысында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Ә.Смайыловтың, Премьер-Министрдің орынбасарлары Ж.Қасымбек пен Г.Әбдіқалықованың, Алматы қаласының әкімі Б.Байбектің және Павлодар облысының әкімі Б.Бақауовтың есептері тыңдалды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың тұрақты екенін және мемлекеттік бағдарламалардың дәйекті түрде жүзеге асырылып жатқанын атап өтіп, кейбір бағыттар бойынша жұмыстарды жандандыру қажеттігін айтты.

"Тұңғыш Президентіміз – Елбасының дана саясатының арқасында ең қиын кезеңдерге табысты төтеп беріп, экономиканың өсу қарқынын қамтамасыз еттік және халықтың әл-ауқатын арттырдық. Қазіргі таңда осы қарқынды сақтауды, жұмыс тәсілдерін жетілдіруді және жүктелген міндеттерді сапалы орындауды қамтамасыз ету қажет. Басты мақсат – азаматтарымыздың әл-ауқатын және болашаққа деген сенімін арттыру", – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы экономиканың өсімін, инвестиция тарту ісін қамтамасыз етуге, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға, өңірлердегі инфрақұрылымдық және экологиялық өткір проблемаларды шешуге, су тасқынының алдын алуға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын және әлеуметтік саланы қамтамасыз етуге, сондай-ақ, көктемгі егіс жұмыстарына дайындық және оны жүргізу жұмыстарын ұйымдастыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді.

Берілген тапсырмалардың бәрін қатаң бақылауда ұстау Президент Әкімшілігіне жүктелді.

Сонымен қатар, Үкімет мүшелерінің есебін тыңдау барысында Мемлекет басшысы білім жүйесінде үш тұғырлы тіл саясатын жүзеге асыруға қатысты өз пікірін білдірді.

"Бұл өте маңызды әрі күрделі сұрақ деп есептеймін. Менің жеке ойым алдымен қазақ тілін, сосын орыс тілін үйрету керек. Бұл екі тілді білу біздің балаларымыз үшін аса маңызды. Содан кейін барып қана ағылшын тілін оқытыңызар", - деп атап өтті Қ.Тоқаев.

Естеріңізге сала кетейік, бұрынғы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев биылдан бастап 13 мыңнан астам мектеп оқытушысы 4 пәнді ағылшын тілінде бере бастайды деп мәлімдеген болатын.

Отырыс кезінде Президент бюджетті жоспарлау мәселесіне де аса мән берді.

«Алдымен әлеуметтік саланың шығындары өсіп келеді. Екіншіден, бюджетте артық шығындар тым көп. Біз бюджетке деген көзқарасымызды түбегейлі өзгертуіміз керек. Келешекте міндетті түрде артық шығындардан бас тартуымыз қажет», - деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған әлеуметтік бастамаларды жедел әрі сапалы орындау мәселесіне басымдық берді. Президент әкімдерге әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға 40 мыңнан астам жалдамалы пәтер беру жұмыстарын биылғы мамыр айынан бастауды тапсырды.

Оқи отырыңыз:

Түркістан мемлекетіміздің алтын бесігі - Президент

Рухани жаңғыру: Тоқаев Түркістаннан бастады

Мемлекет басшысының төрағалығымен кеңес өтті

Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт салынады

АХҚО биржасы Қазақстан мен Орталық Азиядағы нарық капиталын кеңейтеді

Баспана Хит: ақиқат пен аңыз




Яндекс.Метрика