ҚР ИИДМБ

Индустрия 4.0: Роман Скляр Үкіметте есеп берді

2015 жылдан бері елімізде индустрияландырудың екінші бесжылдығы іске асырылып жатыр. Биыл бесжылдықтың соңғы жылы. Жоба іске асырылған 4 жылда жалпы сомасы шамамен 4,9 трлн теңге болатын 480 жоба іске қосылып, 44 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды.
Нұр-Сұлтан26 Наурыз , 13:02

Жобалар мына салаларда іске асырылды: тау-кен металлургия кешені, химия, фармацевтика, жеңіл және азық-түлік өнеркәсібі, машина жасау, құрылыс индустриясы, энергетика, мұнай өңдеу, агроөнеркәсіп кешені, ауылшаруашылық  өнімдерін өңдеу және тағы басқалар.

ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі  Роман Скляр  есепті кезеңде жалпы ішкі өнімдегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 10,1  пайыздан  11,6%  дейін, саладағы жұмыспен қамтылғандар үлесі 6,6% пайыздан  6,9% дейін өскенін жеткізді.

«Есепті кезеңде бағдарламаның барлық мақсатты индикаторлары бойынша оң нәтижеге қол жеткізілді. 2018 жылғы қорытынды бойынша өнеркәсіп  4,1%  өсті. Бұл өңдеу өнеркәсібінің 4% қарқынды өсуі есебінен іске асырылып отыр. Өсімнің негізгі драйверлері машина жасау (+14,1%),химиялық өнеркәсіп (+8,1%),мұнай өңдеу (+8,8%), жеңіл өнеркәсіп (+4,4%)және металлургия (+2,2%)салалары», - деді Р.Скляр.

2018 жылы Индустриалдау картасының жалпы сомасы 1,3 трлн. теңгеге жуықтайтын 102 іске қосылып,13,3 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны құрылды.

«Биыл біз өңдеу өнеркәсібінің өсімін 104 пайызға  жеткізуіміз керек. Бұл үшін  өндіріс көлемін арттыру және жетекшілік ететін салаларда жұмыс орындарын сақтау шаралары қабылданатын болады.Жалпы сомасы 1,1 трлн. теңге болатын 120 жуық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Онда 20 мың тұрақты жұмыс орны құрылады», - деді министр.

Министр   машина жасауда автокөлік құралдары өндірісін 32 мың бірліктен 60 мың бірлікке дейін арттыру жоспарланып отырғанын айтты.

«Өнеркәсіптік кооперация аясында біз үшін Еуразиялық одақ нарықтары басымдыққа ие. Биыл Hyundai маркалы жеңіл автокөлік өндіретін зауыт құрылысын бастаймыз. «КАМАЗ» көпшілік акционерлік қоғамымен бірлескен өнеркәсіп құрылады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасының компоненттерін өндіретінтехнологияларды беретін «Кировец» зауытымен одан әрі ынтымақтасу жоспарланған», - деді Р.Скляр.

Сондай-ақ,  өңдеу секторына Елбасының тапсырмасы бойынша «қарапайым заттар экономикасының» саласын жеңілдікпен несиелеу бағдарламасына бөлінген 600 млрд теңге жаңа серпін беруі тиіс, оның 400 млрд. теңгесі өнеркәсіптік тауарлар өндірісі мен жекелеген қызмет түрлерін дамытуға бағытталады.

«Бұл жеңіл, жиһаз және азық-түлік өнеркәсібі мен құрылыс индустриясы салаларыныңкүнделікті қолданылатын 250  жуық өнеркәсіптік тауар өндірісін іске қосуға мүмкіндік береді.2025 жылға қарай бизнесті жеңілдікпен қаржыландыру 16 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын құруға, бюджетке түсетін салықты 1,1 трлн  теңгеге дейін өсіруге, «қарапайым заттар экономикасы» өнімінің импорттың үлесін  59% пайыздан    37%  дейін төмендетуге мүмкіндік береді», - деді Р.Скляр.

Биыл жеңіл өнеркәсіптегі ірі жобалар жаңғыртылады және ауқымы кеңейтілетін болады.

««Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын іске асыру бойынша «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы базасында құрылған жобалық кеңсе бағдарлама аясында қолдау білдіру үшін бизнеске көмек көрсетуге және ақпараттандыруға мүмкіндік береді. Министрлік іске асыратын Қазақстан-Қытай жобалары да өңдеу өнеркәсібінің өсімін қамтамасыз етуге үлес қосады», - деді министр.  

2015 жылдан 2018 жылға дейін жалпы сомасы 295 млн. АҚШ долларын құрайтын 5 жоба іске қосылды.

«Биыл экспортты ілгерілетуге бөлінген 500 млрд. теңгені игере бастадық. Қаражат жеңілдікпен қаржыландыруға, сақтандыру көлемін ұлғайтуға және экспорттаушылардың көлік шығындарын өтеуге, көрмелер, маркетинг, сату нарықтарына кешенді талдау және сертификаттау шығындарын өтеу үшінкең қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге бағытталатын болады», - деді Р.Скляр.

Өткен жылы желтоқсан айында Индустрияландырудың үшінші бесжылдық тұжырымдамасы қабылданды.

«Биыл жыл соңына дейін Тұжырымдама негізінде Мемлекеттік индустрияландыру бағдарламасы әзірленеді. Индустрияландырудың үшінші бесжылдығы аясында өңдеу өнеркәсібінің барлық салаларында тиімді өндірушілерді қолдауға басымдық беріледі.Нақты көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша бизнес міндеттемелерінің орнына тікелей қолдау көрсетіледі», - деді ол.  

Бұдан бөлек, қолданыстағы және қазіргі заманғы технологиялық кәсіпорындарға бағытталған жаңа құралдар жетілдірілетін болады.

«Жалпы алғанда, индустриалды саясат үздіксіздікті қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, отандық және шетелдік нарықтарда өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін ынталандыруға бағытталады.Әрбір өңдеу өнеркәсібі бәсекеге қабілетті өнім өндіруде үлкен әлеуетке ие.Мұнай-газ саласы үшін жабдықтар мен техника өндіру машина жасау драйверлерінің бірі бола алады. Қазіргі уақытта машина жасау саласының үлесі 5%  құрайды», - деді Р.Скляр.

Саладағы шағын үлеске қарамастан, үлкен әлеует бар. Қарашығанақ, Қашаған және Теңіз сияқты ірі жобаларды жүзеге асыру мұнайгаз жабдығына ішкі сұранысты арттырады.

«Жыл соңына дейін өңдеу өнеркәсібінің жоспарланған мақсатты көрсеткіштеріне қол жеткіземіз», - деді ол.

Өз кезегінде, Премьер-Министр Асқар Мамин өндіріс көлемін ұлғайту әлеуеті бар бірқатар облыстардың әкімдерінің баяндамаларын тыңдау қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.

«Өткен жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіптің өсу қарқыны жоғары болып, 4,1%-ды құрады. 1,1 трлн теңге инвестиция тартылды. 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылды», — деп Асқар Мамин.

Машина жасау индустрияландыру драйверлерінің бірі болуы тиіс.

«Көлік өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы машиналарын жасауға баса назар аудару қажет, мұнда өндірістік кооперацияның арқасында елеулі өсім күтіледі», — деп тапсырды А. Мамин.

Мұнай-газ машинасын жасау саласы экономиканың өсуіне жаңадан серпін бере алатын салалардың бірі екені аталып өтті. Осы ретте, Премьер-Министрдің айтуынша, Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарындағы ірі мұнай-газ жобаларының ұлғаюының ескеріп, бұл сектордың одан әрі өсуіне үлкен әлеуеті бар екенін атап өткен жөн.

«Мұнай-газ машинасын жасау саласы Үшінші индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының басым бағыттарының біріне айналуы қажет», — деді Премьер-Министр.

Металлургия өнеркәсібінде, әсіресе қара металлургия сегментінде 4,7% деңгейінде тұрақты өсімді қамтамасыз ету қажет. А. Мамин Арселор Миттал Теміртаудың өсу қарқынының оң болғаны маңызды екенін атап өтті.

Асқар Мамин шикізаттық емес экспорт мәселелеріне ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Бұл бағытты қолдау үшін 500 млрд теңге мөлшерінде қаражат көзделген.

«Осының арқасында кәсіпорындардың экспорттық әлеуетін жоғарылатып қана қоймай, жалпы экономикалық өсімге қомақты үлес қосылады», — деді Премьер-Министр.

 «Қарапайым заттар экономикасын» дамыту қажет. Бұл мақсатқа ҚР Президентінің тапсырмасымен 600 млрд теңге мөлшерінде қаражат қарастырылған.

«Өңдеуші өнеркәсіптің басым секторларын және жобаларын анықтадық. Сондықтан да нақты нәтижелерге жету керек. Бұл импортты алмастыруға, халықты өнімді жұмыспен қамтуға қосымша серпін береді. Осы бағыттарды дамыту мақсатында қарқынды жұмыс ұйымдастырылады», — деді Премьер-Министр.

Аягөз Құрмаш 

Оқи аласыздар: 

Үкімет пен Ұлттық банк арасындағы тұңғыш келісім

Қ.Тоқаев басты мәселелер туралы

Назарбаевтың өз еркімен кетуі таңқалдырды - жапон сарапшылары

 




Яндекс.Метрика