Басқару

Жарық күндегі найзағайдай тосын жайт – Б.Тілеухан

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжiлiсінің депутаты Бекболат Тілеухан ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өз өкілеттігін тоқтату туралы шешімі жайында пікірін білдірді.
Нұр-Сұлтан20 Наурыз , 09:45

«Бұл күннің болары анық еді. Алайда, бұндай жеделдікті күтпеппін. Жарық күндегі найзағайдай тосын жайт. Құлағыма сенбедім. Рас екен. Құлазып қалдым. Өзі айтпақшы, өмір заңы.Зу етіп көз алдымнан ширек ғасырдан астам уақыттың тізбегі өте шықты. Қазақтың қатарға қосылып, байрақ көтерген бақытты шағы. Қандасын қарашаңыраққа қайтарған, Астанасын анықтап, шекарасын шегендеп, аузы аққа тиген бақытты шағы! Төрткүл дүниенің төрт бұрышына барса да, "Мен қазақпын" деген сөзді қаймықпай, қомсынбай айтатын дәрежеге жеткен бақытты шағы», - деді Мәжіліс депутаты.

Б.Тілеухан  жауын күйіндіріп, досын сүйіндірген мұнарадай мұнартқан шағы екенін тағы атап өтті.

«Сол мұнараны қолымен қалаған қалаулы жан қараша халқына өкілеттігін өткізетінін айтты. Жүрегім шым етті. Толқып кеттім. О кісіден де толқу күттім. Селт етпеді! Алаштың алтын дәуірінің тұтқасы міз бақпады. Бейне Астанадан Алматыға ұшқан жолаушыдай алаңсыз. Неткен темір жүйке! Неткен мәрттік!Алаштың азанын жаңғыртып, қазанын майлаған асыл тұлға алаңсыз сөйлеп отыр. Сол маңғаз, сол текті қалпы! Тағы таңғалдым. Иә, тағы таңғалдым. Отыз жыл ел басқарғанда, қандай қадам жасарын жатқа да, жақынға да болжатпаған сарабдал қалпынан танбай сөйледі. Сұңғылаға да, сұрқияға да сыр алдырмастан тағын тапсырды. Тарих-шалдың өзі таң қалғандай», - деді Мәжіліс депутаты.

Сондай-ақ, Б.Тілеухан үйрене жүріп үйреткен, үйрете жүріп үйренген, албыртты ауыздықтап, салғыртты қамшылап, ақсақалдың ақылына, жастың жалынына, елдің сабырына сүйене жүріп, қазағын шыңға бастаған бейбіт те берекелі отыз жыл отыз күндей болмай өте шыққанын жеткізді.

«Ат төбеліндей өз елі түгілі, алпауыт өзге елдің көсемдері кеңесіне жүгініп, ара ағайындыққа салса, ақылының асқандығы да! Жұрты қимаса, қадірінің асқандығы да», - деді Б.Тілеухан.
 

Оқи аласыздар: 

2019-03-19: Астана уақытымен 19:00 Президент өз өкілеттілігін тоқтатты

Өнер қайраткерлері Елбасына алғыс айтты

Қытай мен АҚШ елшілері Ақордада

Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік әріптестерімен сөйлесті

Назарбаевтың өз еркімен кетуі таңқалдырды - жапон сарапшылары

Дональд Трамп: Наурыз құтты болсын!

Қазақстан мен Бразилия: Президент кітабы португал тіліне аударылды

Елбасының Біріккен Араб Әмірліктеріне сапары

Қазақстан және БҰҰ: Ұлы Дала Елінің ұлағаты

Қасым-Жомарт Тоқаев Мюнхен конференциясына қатысты

 




Яндекс.Метрика