Өңірлер

Өңірлер: Түркістан облысында қандай нысандар ашылады?

Түркістан облысында жаңа өндіріс ошақтары қарқынды ашылып жатыр. Мәселен, Мақтаарал ауданында жылына 70 трактордың тіркемесін жасап шығаратын өндіріс орны іске қосылды. Мемлекеттен қайтарымсыз 225 млн теңге грант жеңіп алған «Центр сервис СХМ» өндірістік кешені аграрлық аймаққа қажетті тіркемелерді шаруаларға тиімді бағада шығаруды көздеп отыр.
Нұр-Сұлтан15 Наурыз , 17:15

Аталған  кешен басшысы Нұрлан Нұрбеков айтып өткендей,  еліміздегі қолданыста жүрген тракторлардың 65 пайызы, комбайндардың 46 пайызының пайдалану мерзімі 17 жылдан асқан.

«Қазіргі таңда тракторлардың 15 пайызы қазірдің өзінде істен шықса, 26 пайызы есептен шығаруға жатады. Комбайндар және басқа да қосалқы техникалардың жағдайы да осындай. Ал, ескі техникаларды пайдалану шығынды көбейтеді және егінді толық жинап алуға мүмкіндік бермейтіні айдан анық. Осы олқылықтарды жою үшін мемлекетіміз тарапынан техникаларды жасаушы отандық кәсіпорындарды қолдау шаралары белгіленді. Солардың қатарында отандық техника жасаушыларға өз өнімдерін ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілерге арзандатып сату үшін субсидиялар беру, қосымша құн салығынан жеңілдіктер жасау, гранттар беру сияқты жұмыстар атқарылуда. Міне, мемлекет тарапынан берілген осындай көмектің арқасында ауданымызда трактордың тіркемелерін шығаратын шағын зауытты іске қосып отырмыз», – деді Нұрлан Нұрбеков.

Бүгінде шағын зауытта 16 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. 3D қондырғылардың арқасында қажетті торлы сымдар мен қаңылтыр жасап шығарылып, көлемі 8 тоннадан аса жүк сиятын трактор тіркемелері құрастырылуда. Қазірдің өзінде кәсіпорын 10 трактор тіркемесіне тапсырыс алған.

Сондай-ақ, ауыл шаруашылығына қажетті соқалар мен тырмаларға өзге де техникаларға қажетті қосалқы бөлшектерді жасау үшін шетелден әкелінген қондырғылардың пайдасы зор. 

Зауыт басшысының айтуынша, алдағы уақытта тағы он адамды жұмысқа қабылдап, тіркемелер санын арттыру жоспарланып отыр. Алдағы уақытта шағын зауыттың арқасында өңірдегі ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеуден өткізіп, ескілерін қайта қалпына келтіруге болады.

Сондай-ақ,  Түркістан облысында тұңғыш рет  облыстық денсаулық сақтау басқармасының және БҰҰ-ның Балалар қорының ұйымдастыруымен медициналық қызметкерлердің біліктілігін арттыруға бағытталған оқу орталығы ашылды.

Аталған орталық алдағы уақытта аяғы ауыр әйелдер мен кішкентай балалары бар отбасылар үшін әмбебап-озық үлгідегі кешенді қызмет көрсете алатын патронажды медбикелерді дайындап шығаратын болады. Орталық жыл сайын мыңдаған патронажды медбикелерге, дәрігерлерге, әлеуметтік қызметкерлерге, сондай-ақ психологтарға балалардың толыққанды  дамуы жайлы ата-аналарды ақпараттандыруға қажетті біліммен қамтамасыз етпек. Негізгі мақсаты – дұрыс білім беретін мекемелерді құру және денсаулық сақтау жүйесіне қажетті ана мен баланың денсаулығын қорғайтын медициналық және әлеуметтік қызметкерлердің саны мен сапасын жақсартуды қамтамасыз ету.

Айта кетерлігі, орталық кіші жастағы балалардың толық дамуы саласындағы ЮНИСЕФ пен ДДСҰ  халықаралық стандарттарына сәйкес келетін озық білімі бар дәрігерлерді, патронажды медбикелер мен әлеуметтік қызметкерлерді оқытып шығаруға қажетті құралдармен толықтай жабдықталған.

Сондай-ақ, орталықтың ашылуына орай Түркістан облысы әкімдігі мен ЮНИСЕФ  қазақстандағы өкілі арасында меморандум түзілді. Халықаралық ұйым өкілі Юрий Оксамитныймен кездескен облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев  жаңа орталықтың ашылуымен құттықтады.

 «Ресурстық орталықтың ашылуы біздің өңір үшін маңызды оқиға. Балалардың денсаулығын жақсарту – басты назарда болуы қажет. Балалардың денсаулығына барынша көмек көрсетуде біз қолдан келген көмегімізді аямаймыз.  Жақын арада орталықтың жұмысы біздің өңірдегі аяғы ауыр әйелдер мен кішкентай бүлдіршіндері бар отбасылардың денсаулығы мен әл-ауқатын жақсартуға оңтайлы әсер ететіндігіне сенімдімін», – деді Ө. Шөкеев.

Өз кезегінде  ЮНИСЕФ  Қазақстандағы өкілі екіжақты келісімге ризашылығын білдіріп, орталықта алдағы уақытта білікті мамандар даярланатынын жеткізді.

Сондай-ақ, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жұмыс барысымен Түркістан қаласын аралады. Әуелі «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайы аймағы маңындағы Ортақ елді мекеніне барды. Онда өңір басшысы жаңадан бой көтеретін туристік аймақ жобасымен танысты.

«Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайы аймағы маңындағы Ортақ елді мекенінен Ясауи кесенесі жақсы көрінеді. Дәл осы аймақтан жаңа туристік аймақ салу қажет. Тұрғын үйлер шығыстық үлгімен салынып, биіктігі 3 қабаттан аспайтын болады. Сондай-ақ, сол қаланы қақ жаратын өзен жүргізіп, айналасына көлшіктер жасау керек. Бұл қаладағы ылғалдылықты арттырады. Туристер үшін арнайы этноауыл да орын тебетін болады. Тиісті басқармаларға құрылысты бастау үшін арнайы зерттеу жүргізіп, құжаттамаларын әзірлеуді тапсырамын. Сонымен қатар, барлық инфрақұрылым мәселелері шешілетін болуы тиіс», – деді Өмірзақ Естайұлы.

Бұдан соң облысы әкімі Түркістан қаласының кіреберіс қақпасына аялдады. Онда алдағы уақытта қаланың шырайын ашатын ғимараттар бой көтеру қажеттігін тапсырды.

«Түркістан қаласының кіреберіс қақпасы көрікті болуы тиіс. Облыс орталығына келген туристер әуелі жаңа қаланы көріп, кейін көне қаламен қауышуы қажет. Сол үшін қаланың қақпа тұсында заманауи ғимараттар бой көтеруі керек», – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, облыс орталығындағы сапар аясында өңір басшысы қаланы суландыру жүйесімен, жасыл желек жұмыстарымен таныс болып, бірқатар тапсырмалар берді.

Аягөз Құрмаш

Оқи аласыздар: 

Көпбалалы отбасыларға қолдау көрсетеміз - ШҚО әкімінің орынбасары

Депутаттар Хромтау, Алға және Мартөк аудандарында болды

Маңғыстау әкімдігінде бос орындар азайды - Нұргүл Жанназарова

Атырау, Ақмола, Қарағанды: Сенаторлар өңірлерде не істеп жүр?

 




Яндекс.Метрика