Сараптама

Бір белдеу, бір жол: Жібек жолындағы жүздесу

2019 жылы сәуір айында Бейжіңде кезекті «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастық Форумы өтеді. Қазіргі уақытта масштабты кездесуге қызу дайындық жүріп жатыр. Өйткені, аталмыш Форум ауқымы бойынша Еуразия кеңістігіндегі халықаралық жиындардан кем емес. Өйткені, 152 мемлекет пен халықаралық ұйым инициативаны қолдап отыр. ҚХР Төрағасы Тәуелсіздік мерекесіне орай жолдаған құттықтау телеграммасында ҚР Президенті Н.Назарбаевты айтулы Форумға арнайы шақырған еді. АҚШ бұрынғы Мемхатшысы Г.Киссинджер өзінің 40 жылдық саяси-дипломатиялық қызметінде Қытайға 50 рет барғанын «мақтанып» жазады. Ал, 2018 жылғы 7 маусымдағы Бейжіңге мемлекеттік сапарында Н.Назарбаев тек Си Цзиньпинмен 18 рет кездеcкенін тілге тиек етті. Осы аралықта 67 млрд АҚШ долларын құрайтын 127 құжатқа қол қойылған. Қос мемлекеттің дипломатиялық байланысы орнаған уақыттан қарасақ, көршілік байланыстың қаншалықты маңызды екендігін бағамдауға болады.
Нұр-Сұлтан15 Наурыз , 12:39

Өткенінен «өтедісі» қызық

«Белдеу мен жол» бойынша алғашқы форум 2017 жылы 14-15 мамырда Бейжіңде өтті. Әлемдік ақпарат агенттіктері форум жайында жарыса жазды. Оған 30 жуық мемлекет және үкімет басшылары, ірі халықаралық ұйымдардың жетекшілері қатысты. Атап айтқанда БҰҰ бас хатшысы А.Гутерриш, Ресей Президенті В.Путин, ҚР Президенті Н.Назарбаев, Халықаралық валюта қорының директоры К.Лагард, Дүниежүзілік банк президенті Джим Ен Ким бар.  

Форум аясында өткен «Тығыз ынтымақтастыққа арналған саяси бірлескен қызмет» жиынында Н.Назарбаев «Белдеу мен жол» инициативасына - «өңірлік кооперацияның жаңа моделі» деген баға берді. Расында, АҚШ ішкі саяси тартыс, Еуроодақтағы дезинтеграция, әлемдік саяси және экономикалық орталықтардағы тұрақсыздық пен белгісіздік жағдайында Қытай әлемнің дамушы аймақ елдерін тың жобаға тарта білді. Белгілі ғалым, Стэнфорд университетінің профессоры Ф.Фукуяманың: «Бүгінде батыстың даму институттары бюрократия мен тәуекелді бағалауға байланып қалған уақытта, Қытай жедел түрде бос орындарды толтырып жатыр» деп айтқаны да бар еді. (https://365info.kz/2018/05/velikaya-afera-kitaya-odin-poyas-odin-put-fukuyama) Инициативаның 5 жылдық нәтижесіне келгенде Н.Назарбаевтың: «Жібек жолының нақты сұлбасы көріне бастаған кезде бұл макроөңірлік кооперацияның бірлескен стратегиялық үйлесімі қажет» деп  атап өтуі де заңды.  (http://www.akorda.kz/kz/special/events/international_community/foreign_visits/nursultan-nazarbaev-bir-beldeu-bir-zhol-atty-halykaralyk-yntymaktastyk-forumyna-katysty)  Өйткені, инициативаны қолдаушы мемлекет көп, бөлінген қаражат ауқымды болғанымен, оның нақты мақсат-міндеті, үйлестіруші органдары, территориялық шеңбері белгісіз болып келді. Н.Назарбаев өз сөзін қорытындылай келе:

  • «Үлкен Еуразияның» біртұтас экономикалық кеңістігін құру;
  • Транзиттік әлеуетті тиімді игеру үшін әкімшілік кедергілерді жою;
  • Жобаларды бірлесе қаржыландыру, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар мен технологиялар трансферті орталықтарын, инновациялық компанияларды, венчурлық қорларды құру мәселелерін алға қойды.

Елбасы Н.Назарбаевтың ұсыныстары «Белдеу мен жол» инициативасы алғаш 2013 жылы Астанада жарияланған және оның күретамырында жатқан елдің өкілі ретінде өзекті болды. Себебі, «Белдеу мен жол» инициативасы мен «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық бағдарламасын, Еуразия экономикалық одағына мүше елдерінің көлік-логистикалық, сауда-экономикалық байланысын жаңа инициативамен үйлестіру қажеттілігі туындады. Осы аймақта еркін сауда айналымын қамтамасыз ету үшін, сәйкесінше, жергілікті әкімшілік кедергілерін жою маңыздылығы да түсінікті еді.

«Бір белдеу, бір жол»: инициатива, әлде..?

Масштабты инициатива «Жібек жолының экономикалық белдеуі» және  «21 ғасырдағы Теңіз Жібек жолы» бағыттарынан тұрады. «Жібек жолының экономикалық белдеуі» құрлық арқылы Еуропаға жетеді. Ал «Теңіз жолы» Қытайдан – Үнді мұхиты – Африка – Жерорта теңізі арқылы Еуропаға барады. 2017 жылдың соңында Қытай үкіметі «Полярлық Жібек жолы» аталатын жеке тұжырымдаманы жариялады. Одан бөлек, ақпарат құралдары мен ғылыми мақалалардан «Цифрлық Жібек жолы», «Әуедегі Жібек жолы, тіпті «Ғарыштағы Жібек жолы» деген атауларды жиі кездестіреміз. Яғни, «Бір белдеу, бір жол» инициативасы концептуалдық тұрғыда халықаралық қауымдастыққа әлі де түсініксіз болып келеді.  

Біріншіден, инициативаның институционалдық, салалық, географиялық шегі көрсетілмеген. Әрбір зерттеу орталықтары мен институттардың «сызып алған» карталары ғаламторды шарлап жүреді.  Қазіргі уақытта «Белдеу мен жол» инициативасының статистикасына барлық көлік-логистикалық, сауда-экономикалық, мәдени қарым-қатынас көрсеткіштері енгізіліп жатады. Мемлекеттер арасындағы жан-жақты ынтымақтастық жетістіктері мен проблемаларының ішінде «Бір белдеу, бір жолмен» байланыс шекарасы ажыратылмаған.

«Бір белдеу, бір жол» бағыттары / CSIS – Center for Strategic and International Studies

Екіншіден, халықаралық сарапшылар өз зерттеулерінде аталған инициативаны әрқалай атайды: «Қытайдың жаңа жаһандық стратегиясы», «инфрақұрылымдық мегажоба», «сыртқы саяси және экономикалық инициатива», «экономикалық даму стратегиясы». Бастапқыда ғылыми қауымдастықта стратегия, кейін жоба, концепция, қазіргі уақытта инициатива ретінде орнықты. Қазақстандық эксперттер «бастама» деп қазақша аудармасын беруді де жөн көреді. Бірақ біз ағылшын тіліндегі «initiative», (қытайша - 倡议) сөзінің мағынасын бұзбай  «инициатива» деп қолданған орынды деп санаймыз.

Үшіншіден, инициативаның нақты үйлестіруші органы жоқ, өйткені, «Белдеу мен жол» еуропалық үлгідегі интеграциялық жоба емес. Еуроодақ немесе Еуразиялық одақты қарайтын болсақ, ең алдымен, Бірыңғай экономикалық кеңістік, Кедендік одақ, сосын Одаққа бірігіп, басқарушы органдар, үкіметаралық және парламентаралық комиссиялар құрылды. Ал «Белдеу мен жол» даму деңгейі әртүрлі мемлекеттердің арасында экономикалық дәліздер құру, трансқұрлықтық көліктік маршруттарды орнықтыру арқылы сауда айналымын, жергілікті жердегі инфрақұрылымды дамытуға ықпалдасуды көздейді.

Қысқаша айтқанда, концептуалдық тұрғыда бұл – Қытайдың алыс-жақын мемлекеттермен қатар даму философиясы. Сондықтан, Қытай үкіметаралық жоғары органды құрмай-ақ аймақтық ынтымақтастықты нығайтуды көздеп отыр. Ондай функцияны біз назарға алып отырған «Бір белдеу, бір жол» Форумы және оның жанындағы Консультативтік комитет атқарады екен. Бірқатар эксперттердің айтуынша, Форум инициативадағы институционалдық вакуумды толтыруға септеседі. Дегенмен, ортақ үйлестіруші органның болмауы жұмыстың жүйесіне, проблемалардың консенсус арқылы шешілуіне кедергі келтіреді.

Фридрих Эберт қорының ұйымдастырған «Жаңа Жібек жолы және аймақтық кооперацияның болашағы» атты зерттеуге сәйкес, (https://library.fes.de/pdf-files/bueros/moskau/14459.pdf), бүгінде Ресей «Белдеу мен жолды» жаһандық геосаяси жоба ретінде қарастырады және Батыс елдерімен текетірес барысында тек қана экономикалық емес, сыртқы саяси бонустарды алуды көздейді. Орталық Азия мемлекеттері бұл инициативаға  салыстырмалы түрде прагматикалық ұстанымда. Яғни, осы аймақтағы эксперттік дискурсқа сәйкес, әлемдік геосаясаттың сойылына қарағанда, Қытайдың қатысуымен нақты экономикалық жобаларға назар аударылады. Соңғы жылдары Қытайдың «жұмсақ күші» мен қарыз қақпаны туралы да жиі қозғалып келеді. Қазақстан «Нұрлы жол» бағдарламасын байланыстырып, көліктік-логистикалық дамуға көңіл бөледі. «Темір жол дипломатиясының» өз жетістіктері бар. 2018 жылы қос елдің темір жол порттарынан өткен контейнерлік жүктің салмағы 13,9 млн тоннаға жетіп, бір жылда 38% артқан. Ал, Қазақстан-Қытай сауда көлемі 20 млрд. АҚШ долларына жуықтаған. Мәселен, жақында Ветнам-Қытай-Қазақстан-Еуропа бағытында темір жол транзиттік дәлізі іске қосылды. 2018 жылы Қазақстан-Вьетнам саудасы да 467,2 млн. АҚШ долларына жеткен. (https://strategy2050.kz/ru/news/apushchen_transkontinentalnii_zhd_marshrut_etnamitaiazahstanvropa____52720)  Енді Қазақстан Оңтүстік Шығыс Азия мен Еуропа арасындағы тиімді байланыс көпірі болады. Қазақстан «Бір белдеу, бір жол» инициативасын осындай практикалық тұрғыда пайдаланып отыруы қажет.

Сәуір болмай, тәуір болмас

2017 жылдың басы Қытай Төрағасының қайта сайлануы, «Белдеу мен жолдың» XIX партия Съезінде партия Жарғысына,  Си Цзиньпин ойларының Конституцияға енгізілуіне байланысты сенімді басталды. Дегенмен, алғашқы «Белдеу мен жол» форумынан кейін аймақта және әлемдік масштабта бірқатар өзгерістер орын алды. Қытай мен АҚШ арасында сауда конфликтісі нақты іс-қимылмен жалғасып, саяси сипатқа көшті. Қытай мен Үндістан арасында шекаралық қақтығыс орын алды. Венесуэладағы ішкі тұрақсыздық Қытайдың «қабырғасына батты». Оңтүстік және Оңтүстік Шығыс Азия елдеріндегі «Белдеу мен жолға» қатысты ұстанымы, мемлекеттік қарыздар туралы ақпарат Қытайдың сыртқы имиджін қалыптастыруда кемшіліктердің бар екендігін көрсетеді. Ашық дерекке сүйенсек, биылғы Форумға Ресей Президенті В.Путин, Беларусь Президенті А.Лукашенко, Өзбекстан Президенті Ш.Мирзиеев және т.б мемлекет басшылары мен премьер-министрлер, ұйымдардың жетекшілері шақырылды. Форум барысында өткізілетін сессиялар, көтерілетін тақырып, қатысушылар мен олардың саны туралы мәлімет табу қиын. Дегенмен, Қытай «Белдеу мен жолды» іске асырудың бүгінгі межесінде бірқатар проблемалардың қалыптасқанын көріп отыр. Сәуір айындағы кезекті Форумда қордаланған мәселелер төтесінен қойылып, жоғарыда айтылған түсініксіз тұстардың басы ашылса, «Белдеу мен жол» бойындағы елдер үшін тиімді болар еді.

Олжас БЕЙСЕНБАЕВ

Оқи отырыңыз:

Бір белдеу – бір жол: 5 жылда Қазақстан мен Қытайдың ынтымақтастығы қалай дамыды

Н.Назарбаев: Конвенция - «Каспий теңізінің конституциясы»

Ташкентте Орталық Азия көлік дәліздерінің дамуы талқыланды

ДЖБ: Озық 30 елдің қатарына кіру үшін Қазақстан өнімділікті арттыру бағытын ұстануы керек

5 мыңға жуық қазақстандық Болгариядан жылжымайтын мүлік сатып алған




Яндекс.Метрика