Халықаралық интеграция

Түркі кеңесінің Бас хатшысымен кездесті

ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесінің Бас хатшысы Бағдат Әміреевпен кездесті. Жүздесу барысында палата спикері ұйымның жұмысымен етене танысты.
Нұр-Сұлтан13 Наурыз , 19:33

Бағдат Әміреев Түркі кеңесінің жұмысын оңтайландыру бағытында жүргізіліп жатқан шаралар туралы баяндады. Елбасы Н.Назарбаев өткен жылдың қыркүйек айында Қырғыз Республикасының Шолпаната қаласында өткен Түркі кеңесінің VI саммитінде ұйымды реформалау қажеттігін көтеріп, бұл ұсыныс басқа президенттер тарапынан қолдау тапқан болатын.

Бағдат Әміреевтің айтуынша, Кеңес хатшылығы ұйым жұмысын оңтайландыру мәселесін жан-жақты талқылап, биыл Бакуде өтетін саммитте мемлекет басшыларының қарауына береді. 

Ыстықкөлдің жағасында болған Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің саммитінде Нұрсұлтан Назарбаев Түркі кеңесінің қызметін жетілдіруді ұсынды.

«Бүгінгі таңда хатшылықтың мандаты техникалық және хаттамалық сұрақтармен шектелген. Оған қоса, түркі ынтымақтастық институттарының қызметінде қосарланушылық жиі кездеседі. Осыған орай, ұйымның тиімділігін, функционалдық икемділігін және институттардың әлеуетін күшейту мақсатында Түркі академиясын, «Мирас» Түркі мəдениетінің қорын, сонымен қатар, ақсақалдар кеңесін ТҮРКСОЙ аясында (Түркі мәдениеті мен өнерін дамыту халықаралық ұйымы) біріктіру керек. Барлығы ТҮРКСОЙ төңірегінде жұмыс істесін. Бізге қаптаған шенеуніктің қажеті жоқ», - деген еді.

Түркітілдес елдер ынтымақтастығы кеңесінің VI саммитінде Елбасы Түркі кеңесіне кіретін тағы бір ұйым - Түркі елдерінің Парламентаралық Ассамблеясын (ТүркПА) қысқартуды ұсынды.

«Қазіргі таңда оның қызметінде біркелкілік байқалмайды. Оның жұмысы талдауды қажет етеді. Тиімді деп тапсаңыздар, функцияларын хатшылыққа берейік. Егер тиімсіз болса, толығымен қысқартуды ұсынамын. Бұл шаралар Кеңестің жұмысын оңтайландыруға, қызметкерлер санын қысқартып, қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді».

Президенттің айтуынша, ұйым өміріндегі басты оқиға мемлекет басшыларының кездесуі. Ал осы кездесуде қабылданған шешімдерді хатшылық іске асырады.

Хатшылық болса тек әкімшілік жұмыспен шектелмей, ұйымның интеллектуалды ордасына айналуы тиіс.

Шолпанатада өткен соңғы саммиттің жұмысына Мажарстанның Премьер-министрі Виктор Орбан мен Өзбекстан Республикасының Президенті Шафқат Мирзиеев қатысқан болатын.

Түркі кеңесі – түркі тілдес мемлекеттерді біріктіретін халықаралық ұйым. Ол 2009 жылдың 3 қазанында Әзірбайжанның Нахчыван қаласында құрылды. 1992 жылдан бастап Түрік тілдес мемлекеттердің Саммиті өткізіледі. Ұйымның орталығы Ыстамбұл шаһарында орналасқан.

Оған қазіргі таңда 5 мемлекет мүше – Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Түркия және Әзірбайжан.

Данияр Оралов

Оқи отырыңыз:

«Зеренді» демалыс орталығында түркі жастарының лагері ашылды

А.Мұхамедиұлы Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің бас хатшысымен туржобаларды дайындау барысын талқылады

ТҮРКСОЙ: Түркістан Түркі әлемінің тұтастығын тереңдетеді

 



Яндекс.Метрика