Парламент

Қазақстан және ЕАЭО: авторлық құқық қалай қорғалады

Ақпарат пен ақпараттық технология дүниенің темірқазығына айналған тұста авторлық құқықтың қорғалуы бұрынғыдан да маңызды сипат алып келеді. Біздің еліміз авторлық құқыққа қатысты көптеген халықаралық конвенциялар мен құжаттарды мойындады. Яғни, кез-келген ақыл-ой туындысының авторлық құқығы заңмен қорғалған. Мәжілісте «Авторлық және сабақтас құқықтарды ұжымдық негізде басқару тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң жобасы мақұлданды. Бұл құжат Еуразиялық экономикалық одақ ұйымына мүше мемлекеттерге қатысты. ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев баяндама жасап, депутаттар сұрақтарына жауап берді.
Нұр-Сұлтан13 Наурыз , 16:55

Келісім мүше мемлекеттердің аумақтарында авторлық және сабақтас құқықтарды ұжымдық негізде басқару тәртібін белгілейді.

Авторлық және сабақтас құқықтарды ұжымдық басқару құқық иеленушілер құқықтарының іске асырылуы мен қорғалуын қамтамасыз ететін жүйе.

Келісім авторлық құқық және сабақтас құқықтар объектілерін жаппай пайдалану көлемі артқан кезде мүліктік құқықтарды жеке тәртіппен іске асыруды жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Аталған заң жобасы құқықтарды ұжымдық басқару жөніндегі ұйымдар жұмысының ашықтығын, сондай-ақ, олардың қызметін бақылау тиімділігін арттыруға көмектеседі.

Заң жобасын таныстырған Әділет министрі Марат Бекетаев келісім, Одақ аумағында құқықтарды ұжымдық басқару арқылы қазақстандық авторлардың мүліктік құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталғанын жеткізді.

«Өз кезегінде, Одаққа кіретін мемлекеттердің авторларының мүліктік құқықтары Қазақстан Республикасы аумағында қамтамасыз етіледі. Авторлардың Еуразиялық экономикалық одақ аумағында сыйақы алу құқығы іс жүзінде ұжымдық басқару арқылы жүзеге аспақ. Осыған байланысты келісім, ұжымдық басқару ұйымдарының негізгі қағидаттарын, құқықтары мен міндеттерін, оларды мемлекеттік бақылау нысандарын белгілеу арқылы ұжымдық басқарудың жалпы тәсілдерін реттейді», - деді М.Бекетаев.

Сондай-ақ, келісімде авторларға жиналған сыйақыны бөлу және төлеу, міндетті аудит жүргізу, ұжымдық басқару ұйымдарының міндеттерді орындамағаны үшін жауапкершіліктің негіздері қарастырылады.

«Келісімге сәйкес, ұйымдар жиналған сыйақы сомасының елу пайызына дейін өзінің шығыстарын жабу және арнайы қорлар үшін ұстап қалуға құқылы. Алайда, әр мүше мемлекет өз заңнамасында мұндай ұстап қалудың ең төменгі шекті жалпы мөлшерін белгілей алады», - деді министр.

Мысалы, еліміздің ұлттық заңнамасына сәйкес, ұйымдардың шығыстарын жабуға арналған сомалар жиналған сыйақының жалпы сомасының отыз (30) пайызынан аспауға тиіс.

«Бұл ретте, зияткерлік меншік саласында ұлттық заңнама үшін Келісімде бір жаңа механизм қарастырылған. Атап айтқанда, Келісімге сәйкес, әр мемлекет бес (5) жыл ішінде ұйымдардың сайттарында авторлардың аудиторлық қорытындыларға қол жеткізілуін қамтамасыз ету міндетті. Бұл, ұжымдық басқару ұйымдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Келісімде реттелмеген мәселелер мүше мемлекеттердің ұлттық заңнамасына сай шешіледі», - деді М.Бекетаев.

Ал, Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин заң жобасының маңыздылығына тоқталды. Және ЕАЭО кеңістігінде авторлық құқықты басқарудың заңнамалық негізі қаланғанын атап өтті.

Сондай-ақ, осы күні бір тараптан «Еуразиялық экономикалық одақ» пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Иран Ислам Республикасы арасындағы еркін сауда аймағын құруға алып келетін уақытша келісімді ратификациялау бойынша заң жобасы да Палата депутаттары тарапынан оң бағасын алды.

Жалпы отырыста «Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы» және оған ілеспе заң жобалары екінші оқылымда мақұлданды.

Сонымен қатар, Мәжіліс «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға түзетулерді және «Ұлттық қордан 2019 - 2021 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы Заңға өзгеріс енгізу туралы» Заң  жобаларын жұмысқа алды.

Аягөз Құрмаш 

Ұқсас тақырыптар: 

Квазимемлекеттік сектор субъектілерін сатып алу қалай өзгереді

Қадағалау органы қызметіндегі жаңа міндеттер қандай болмақ

 




Яндекс.Метрика