Жастар жылы

Жастар жылы: бекер жүргенше, бекер істе

«Астана жастары – Қазақстанның индустриалдық стратегиялық дамуында» атты қалалық жастар форумы өтті. Астанадағы 36 колледждің студенттері қатысқан жастар форумында іріктеліп алынған 7 әлеуметтік жоба таныстырылды. Ол жобалар елдің индустриалдық даму стратегиясын жүзеге асыруда жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға бағытталған.
Нұр-Сұлтан12 Наурыз , 12:29

2019 жыл - "Жастар жылы" деп жарияланғаны мәлім. Биыл оларды қолдауға ерекше көңіл бөлінетіні анық. Жастар да мемлекеттің саясатын жүзеге асыруға әркез дайын екендерін айтады.

Мәселен, таныстырылған жұмыстардың ішінде Политехникалық колледжің 4 курс студенті Әли Сапарбеков ұсынған BookCrossing  жобасы бар. Ол 2001 жылы АҚШ пайда болған. Қазіргі таңда 13 млн астам қатысушысы бар ауқымды алаң. Студент өз жобасы арқылы қазақстандық  жастар арасында кітапты сапалы оқуды насихаттағысы келетінін жеткізді.

«2017 жылы Политехникалық колледжде алғашқы шарамды өткіздім. Оған 450 астам студент қатысып, 500 данадан астам кітап алмасу жүзеге асырылды. Яғни, BookCrossing  жобасының мақсаты – студенттер арасында кітапқа қайта қызығушылықты арттыру. Кітапқа деген жауапкершілікті нығайту да аса маңызды рөл атқарады. Бұл шара жастар арасында сұранысқа ие екеніне шара кезінде көзім жетті. Бұл жерде кітап оқушылардың санын арттыру мақсат емес, алдымен оқылған кітап кәдеге жарауы керек. Кітаптың пайдалы болғаны тиімді. Кітаптарға шектеу қоймаймыз. Қалаған кітаппен алмасуға болады», - деді Ә.Сапарбек.

Ә.Сапарбек  бүгінгі шара арқылы аталмыш жобасын насихаттап, өзге оқу орындарының жастарын кітап оқуға шақырғысы келеді.

Өз кезегінде "ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы" мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова айтып өткендей, жастар ұсынып отырған жобалардың әлеуметтік маңызы өте жоғары.

«Жастардың білімге деген ұмтылысы қарқынды. Олар тек ақпараттық технологиялар арқылы ғана емес, кітап оқу арқылы да білімге ұмтылу керегін еске салып отыр. Себебі, кітап - дәстүрлі білім көзі. Сондықтан, BookCrossing әлем бойынша тиімді  жобалардың бірі болып есептеледі. Осындай ауқымды  шараларды ұйымдастыру әр жасқа елдің бір бөлшегі екенін сезіндіреді», - деді Б.Қайыпова.

Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған жол қозғалысынан жолақ бөлу жобасы да  қорғалды.

«Электронды түрде жолдар салу және оны дамыту. Жол қозғалысы бойынша мамандар дайындалады. Сол бойынша мүмкіндігі шектеулі жандарға жол қозғалысында ыңғайлы жолдар салу жобасын ұсынамыз. Мәселен, аялдамада қалай тұру, қосымша жолдар салуды қарастырған жөн деп санаймыз. Жолдың арғы бетіне өту барысында кедергілер туындайды», - дейді АСУ гуманитарлық техникалық  колледжінің 2 курс  студенті  Сымбат  Жарылқасын.

Студенттің пікірінше, Астананың жолдары мүмкіндігі шектеулі жандарға аса қатты бейімделмеген.

«Менің ойымша, жолдардың көп бөлігі қолайсыз. Оны жүзеге асыру үшін шаралар өткізуді дұрыс деп отырмыз. Қазір ол бойынша ғылыми жетекшіммен жұмыс жасап жатырмын. Жобаны 1 курстың соңында қолға алдым. Қазір жетілдіріп, ұсынғалы отырмын. Жобамда бір көшені автоматты түрде орналастыру кестесін көрсеттім. Әзірге жобаның сомасы есептелмеген», - деді ол Сымбат  Жарылқасын.

Сонымен қатар, өзінің жобасына тың идеялар жинап, тәжірибе алмасуға келген жастар да аз емес. «Тұран-Профи» қалалық шаруашылық колледжінің 3 курс студенті Алтынбек Нұрдаулет найзағай сәулесінен қуат алу жобасын жасақтап жатыр.

«Найзағай жобасына тоқталуға бірнеше  себептер бар.  Мен ЭКСПО-2017 көрмесінде ерікті қызметін атқардым. Ол жерде жан-жақтан келген жастармен араластым, тәжірибе алмастым. Қазақстан  күннен, желден  энергия алатын  қондырғыларды  өте қымбатқа сатып алады. «Неге біз отандық жобаны әзірлемейміз?» деген сұрақ туындап, осы "Найзағай" жобасына тоқтадым», - деді ол.

Сондай-ақ, студент найзағайдан қуат алу кезінде қауіпсіздік техникасы барынша сақталу керек екенін жеткізді.

«Адамдар жұмыс істейтін жер болғандықтан, қауіпсіздік техникасы ең басты мәселелердің бірі болуы тиіс. Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде көктем мезгілінде найзағай жиі ойнайды. Найзағайдың күш-қуаты жоғары болғандықтан, бір, екі найзағайдан алынған қуат Алматыны  жарты немесе  бір  жыл  энергиямен қамтамасыз етуге болады деп жоспарладым. Қондырғымды толық отандық материалдардан әзірлеймін деген мақсатым бар. Құрылғының биіктігі  97 метр болады. Қазір жобаның макеті дайындалып жатыр», - деді ол.  

Айта кетейік, форум жұмысына «Жас Отан» жастар қанаты Астана қалалық филиалы, қалалық жастар ұйымдарының өкілдері мен қалалық білім басқармасының өкілдері қатысты.

Аягөз Құрмаш 

Ұқсас тақырыптар: 

Жастар жылы: жоспар мен жаңа мүмкіндіктер

Жастар жылы: Парламент пен Үкімет үшін алынбайтын қамал жоқ

 




Яндекс.Метрика