Халықаралық интеграция

Ислам ынтымақтастық ұйымы: Ұлы істе ұяттық жоқ

БАӘ астанасы Әбу-Дабиде Ислам ынтымақтастық ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 46 сессиясы жұмысын бастады. Маңызды жиынға ҚР Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов бастаған еліміздің делегациясы қатысуда. Форум аясында министр ИЫҰ Бас хатшысы Юсеф әл-Осейминмен келіссөздер өткізді. Кездесу барысында тараптар ислам әлеміндегі саяси және экономикалық өмірдің ең өзекті мәселелерін талқылады
Нұр-Сұлтан01 Наурыз , 17:59

Әлемдік тұрақтылықты сақтауға, экономикалық және гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге бағытталған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларын жүзеге асыруға аса көңіл бөлінді.

ИЫҰ Бас хатшысы Қазақстан және оның көшбасшысының Ұйымның қызметін қолдаудағы, мүше мемлекеттердің арасындағы сенім мен өзара қарым-қатынас атмосферасын нығайтудағы рөлін жоғары бағалады. ИЫҰ қызметінде 2016 жылы Қазақстан мен Түркия Президенттері ұсынған Исламдық татуласу бастамасын іске асыру мәселесі ерекше орын алады. Бұл концепция ИЫҰ мүше елдер арасында түрлі келіспеушіліктерді реттеу үшін кең және икемді платформа құруды көздейді. Осыған байланысты тараптар осы бағыттағы бірлескен жұмыстың нақты шаралар кешені бойынша келісті.

2019 жылы Астанада Азық-түлік қауіпсіздік жөніндегі ислам ұйымы Бас ассамблеясының екінші отырысы өтеді. Бұл ұйымды құру бастамашысы ретінде Елбасы Н.Назарбаев болып табылады. Қысқа мерзім ішінде бұл қоғамдастыққа Қазақстан ИЫҰ елдерінің азық-түлік хабы және агроөнеркәсіптік саясатты жоспарлау орталығы бола алады деп санайтын 32 мемлекет қосылды.

ИЫҰ Хатшылығы мен Ислам даму банкі (ИДБ) Қазақстан және басқа елдермен бірлесіп, біздің «Исламдық инфрақұрылымдық ықпалдастық» атты бастамамыздың іс жүзінде іске асырылуы бойынша жұмыс жүргізіп келеді. Осы мақсатта ИДБ «Көлік-географиялық ақпараттық жүйені» әзірлеп, бұл Азия, Таяу Шығыс және Африканың арасындағы көлік дәліздерінің қазіргі жағдайын және біріктіру жолдарын талдауға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, бастама ИЫҰ мемлекеттері арасында тауарлар мен инвестициялар ағынын жеңілдету жағдайын жасауды көздейді.

2017 жылы Астана «ИЫҰ 2026 жылға дейінгі Ғылым, технология және инновацияны дамыту жөніндегі бағдарламасы» қабылданған ИЫҰ Ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші Саммитін өткізді. Бұдан басқа, Қазақстанның ұсынысы бойынша ғылым мен технология саласында 15 жетекші мұсылман елдерінің диалог алаңын құру бойынша жұмыс жүргізілуде. Министрлер кездесуі барысында қазақстандық дипломат Асқар Мусинов ИЫҰ Ғылым және технология жөніндегі Бас хатшысының орынбасары лауазымына ресми түрде кіріседі.

ИЫҰ Бас хатшысымен келіссөздердің маңызды бөлігі Ұйымды реформалау тақырыбы болды. Министр Б.Атамқұлов ИЫҰ тез өзгеретін әлем талаптарына сәйкес келу үшін өзгерістер сөзсіз қажет екендігін атап өтті. БҰҰ кейінгі екінші ірі халықаралық ұйым болып табылатын ИЫҰ тиімділігін арттыру мүше мемлекеттердің де, бүкіл халықаралық қоғамдастықтың да мүдделеріне қызмет етеді.

Сыртқы істер министрі ИЫҰ Бас хатшысы Ю. әл-Осейминді үстіміздегі жылғы 16-17 мамырда өтетін XII Астана экономикалық форумына шақырды. Форум жұмысына ИЫҰ елдерінің ірі инвесторлары да қатысатынына үміт білдірді.

Айта кетейік, Мұсылман мемлекеттері басшыларының  1969 жылғы 25 қыркүйекте Рабатта өткен конференциясында негізі қаланған Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) – ең ірі және ықпалды үкіметтік әрі халықаралық мұсылман ұйымы. Қазіргі уақытта ол жалпы саны шамамен 1,5 миллиард адамды қамтитын 57 елдің басын біріктіріп отыр.

ИЫҰ негізгі қағидаттары мыналар: толық теңдік; әр халықтың өз тағдырын өзі шешу құқығына деген құрмет; ішкі істеріне араласпау; мемлекеттердің егемендігін, тәуелсіздігін және аумақтық тұтастығын құрметтеу; ИЫҰ мүше мемлекеттер арасындағы даулы мәселелерді келіссөз, араағайындық немесе арбитраж арқылы бейбіт жолмен шешу; ұйымға мүше мемлекеттер аумақтарының тұтастығына, сонымен бірге саяси тәуелсіздігіне де қарсы күш қолданбау немесе қоқан-лоққы көрсетпеу.

Қазақстан 1995 жылы Ислам ынтымақтастығы ұйымының толық құқылы мүшесіне айналды.

Астанада 2011 жылғы 28-30 маусымда Ислам ынтымақтастығы ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің (СІМК) 38 сессиясы өтті. Сол сәттен бастап Қазақстан осы халықаралық ұйымға төрағалық етуге кірісті. Бұл басқосуды тарихи оқиға деп атауға болады, өйткені, онда Ислам конференциясы ұйымы атауын (ИКҰ) Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) деп өзгерту туралы шешім қабылданды және Адам құқықтары жөніндегі тұрақты комиссия құрылды. Алғашқы рет ИЫҰ Орталық Азиямен ынтымақтастық жөніндегі іс-әрекет жоспары қабылданды.

Жаңғырту мен реформаларды ХХІ ғасырдағы Ислам әлемі дамуының негізі деп жариялаған, мазмұны жөнінен ұйымның ең прогресивті құжаты болған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мұсылман үмметі алдындағы бағдарламалық сөзі ИЫҰ Астана декларациясының негізін қалады.

Сыртқы істер министрлері кеңесі (СІМК) жүзден астам қарар қабылдады, соның ішінде Қазақстанның бастамасымен ұсынылған Ауғанстандағы заңсыз есірткі өндіру және оның айналымымен күресу, бұрынғы Семей ядролық полигоны мен Арал теңізі өңірлерін сауықтырып, қалпына келтіру жөніндегі құжаттар бар.

Астанадағы кездесуде оған қатысушылар өздерінің ұйым қағидаттарын жақтайтынын тағы да қуаттап, оның жаңа даму жолдарын айқындады. Сонымен қатар, олар Қазақстанға ЕҚЫҰ саммитін табысты өткізуге мүмкіндік берген айрықша жасампаз Астана рухы Сыртқы істер министрлері кеңесінің (СІМК) сессиясында да ұйымды жаңарту үшін қолайлы ахуал қалыптастырғаны туралы ортақ пікірде болды.

Қазақстан ИЫҰ СІМК төрағалығының 2011-2012 жылдарға арналған тұжырымдамасы мен бағдарламасында көрініс тапқан басымдықтарды біртіндеп және жүйелі түрде жүзеге асырды. Оған қоса, ұйымға мүше мемлекеттермен, ИЫҰ Бас хатшылығымен және институттарымен бірлесе отырып, 2011 жылы VII Бүкіләлемдік Ислам экономикалық форумында және ИЫҰ СІМК 38 сессиясында көтерілген өзара азық-түлікпен жәрдемдесу жүйесін құру, шағын және орта бизнесті қолдау тетігін қалыптастыру, ИЫҰ өкілдерінің G20 және өзге де саммиттерге қатысуын қамтамасыз ету жөніндегі Қазақстанның бастамаларын жүзеге асыру жұмыстары жүргізілді.

Ислам әлеміндегі күрделі геосаяси ахуалға байланысты ИЫҰ-ның Атқару комитетінің Сирия мен Ливиядағы дағдарысты реттеуге арналған төтенше отырыстары өтті. Сомалидегі гуманитарлық апатты еңсеру, исламофобиямен күрес және дінаралық қақтығыстардың алдын алу мәселелері  Ұйым назарына алынды.

Қазақстан төрағалығы кезіндегі қолдау арқылы өткізілген кең ауқымды науқан аясында Сомали үшін жалпы мөлшері 500 миллион доллардан астам қаржы жинақталды.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының жаһандық 3 бастамасы БҰҰ қолдау тапты. Атап айтқанда: 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялау және Ядролық сынақтарға баршаға бірдей тыйым салу туралы шарттың күшіне енуі, Ауғанстаннан тасымалданатын заңсыз есірткі айналымына қарсы әрекет ету, сондай-ақ, ИЫҰ мен ықпалды өңірлік ұйымдар арасындағы өзара ықпалдастықты нығайту жөніндегі бастамалар.

Сондай-ақ, Қазақстан Ислам ынтымақтастығы ұйымының Сауда және экономикалық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комитеті төрағасының орынбасары болып сайланды. Бұл комитет – ИЫҰ ұйымға мүше мемлекеттер арасында сауда-экономикалық өзара әрекеттестікті жүзеге асыруға жауапты басты органы.

ИЫҰ халықаралық деңгейде Қазақстанның бастамаларын қолдауды жалғастырып, олардың сәтті жүзеге асырылуына өз үлесін қосып келеді. Атап айтқанда, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес пен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін шақыру жөніндегі бастамалар Ұйымның жыл сайынғы құжаттарында көрініс табады. ИЫҰ Қазақстанның «Шығыс – Батыс» жүлгесі бойынша қарым-қатынаста өзіндік көпір қызметін атқаратын өркениетаралық және дінаралық диалогты дамыту саласындағы маңызды үйлестірушілік рөлін мойындайды.

Ықпалдастықтың аса маңызды қыры ретінде ИЫҰ қаржылық құрылымдарымен, әсіресе мұсылман әлеміндегі ең ірі инвестордың бірі –  Ислам даму банкімен арадағы ынтымақтастықты дамыту ісін санауға болады. Ислам даму банкінің жалпы инвестициялық портфелі Қазақстанда 700 миллион доллар шамасында.

ИЫҰ ұйымның Орталық Азия жөніндегі арнаулы бағдарламасын жасауды қолдайды. Бұл жоба Орталық Азияның да, мұсылман қоғамдастығының да ортақ мүддесіне сай келетін сауда операцияларын, инвестиция салуды ынталандыруға, өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыруға ұйым тарапынан жасалатын қолдау мен өзара ықпалдастықты көздейді.

Аягөз Құрмаш 




Яндекс.Метрика