Басқару

«Нұр Отан» партиясының 20 жылдығы - пікірлер

Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезі өтеді. 20 жылдық тарихы бар партияның отырысына өңірлердегі партия мүшелері жиналды. Отырысқа Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, атқарушы мемлекеттік органдардың және үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, кәсіпкерлер, дәрігерлер, білім, мәдениет, спорт саласының өкілдері, ҚХА мүшелері және тағы басқалар қатысады.
Нұр-Сұлтан27 Ақпан , 10:25

Отырысқа өңірден келгендердің бірі  Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы «Нұр Отан» партиясы  филиалы  төрағасының бірінші орынбасары Камал Қуанжан партия елдің дамуына белсенді үлес қосып отырғанын атап өтті.

«Жиырма жылдық тарихы бар «Нұр отан» партиясы алдағы уақытта да әлеуметтік көмекке байланысты орасан зор жұмыс атқарады деп есептеймін. Партия елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосып келеді. Кеше ғана партияның саяси кеңесінің отырысы өтті. Отырыста партия Жарғысына өзгертулер мен толықтырулар  туралы шешім қабылданды. Бүгінгі күн-тарихи күн. Себебі, тарихи шешімдер мен құжаттар қабылданады», - деді К.Қуанжан.

Саяси кеңес, оның филиалдарына өзге де саяси лауазымдарға, жоғарғы және жергілікті өкілетті органдарға, депутаттыққа кандидатты ұсыну үшін партиялық кадрлық резервті қалыптастыруды  бекітеді.

«2019 жылдың  1 қаңтарынан бастап айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің өсуіне байланысты партия жарғысының пайыздық мөлшері  1 пайыздан 0,7 пайызға төмендеп  отыр. Партия Елбасының саясатын қолдайды. Елбасы еліміздің әлеуметтік мәселелеріне үлкен көңіл бөледі. Партия әр уақытта ол мәселелерден тыс қалмайды. Оны жүзеге асыруға бар күш-жігерін жұмсайды», - деді ол.

Айта кетейік, Съезде   «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» атты «Нұр Отан» партиясының  2030 жылға дейінгі  бағдарламасы қабылданады.

Камал Қуанжан 10 мақсаттың 3 негізгі  бастамасын айтып берді.

«Бірінші бастама – кадрлық резервке қатысты. Екінші – жергілікті және Мәжіліс депутаттарына сайланатын кандидаттарды партиялық тізіммен ұсыну. Үшінші – әлеуметтік мәселе. Осы мәселелердің барлығын қамтиды. Партия ел экономикасының дамуына аса мән береді. Алдағы  онжылдықта да үлкен жұмыстар атқарылады деп күтілуде. Жаһандану заманына қатысты да үлкен талаптар бар», - деді ол.

Сондай-ақ, ол өз өңірінде жүзеге асырылып жатқан жұмыстар мен бастамалар туралы айтып өтті.

«Елдің басты құндылығы – халықтың тыныштығы, бейбітшілік. Біздің өңірде де  осыған ерекше көңіл бөлінеді. Әлеуметтік, экономикалық  салаларға ерекше көңіл бөлініп отыр», - деді ол.

Ал Түркістан облысынан келген партия мүшесі, Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС директоры Қаппарова Айгүл өз өңірінде игі істер жүзеге асырылып жатқанын айтты.

«Съезге үлкен дайындықпен келдік. Оның үстіне, біздің партияның 20 жылдығы. 20 жылда Тәуелсіз Қазақстан шежіресі партиямен бірге үндесіп келе жатыр. Съезден партия мүшелері ғана емес, бүкіл Қазақстан жаңалықтар,жаңа реформа күтеді. Елбасымыз кеше Үкімет отставкаға кетердің алдында Нұр Отанның съезінде жаңадан жасақталған Үкіметке нақты тапсырмалар беріледі деді. Еліміз әлеуметтік салада жаңа өзгерістер күтіп отыр. Мемлекет басшысы айтқандай, елімізде халықтың әлеуметтік сапасын жақсартуға бағытталған бағдарламалар көп. Тек оның орындалуында кемшіліктер бар. Бізге жаңадан велосипед ойлап шығарудың, «Американы» ашудың керегі жоқ. Бар дүниені, берілген тапсырманы дұрыстап орындау керек», - деді партия мүшесі.

Астана мен Алматыдан кейінгі үшінші мегаполис болған Шымкентте проблемалардың бірі – жабайы урбанизация.

«Яғни, ауылдан қалаға кәсіп іздеп, жұмыс іздеп келетіндер көп. Соның есебінен, оның ішінде, көпбалалы отбасылар, пәтер жалдап тұратындар бар. Бұл әлемдік мегаполистерде кезедесетін проблемалар. Олар жұмысқа кірейін десе, тұрақтымекенжайға тіркелу керек. Бұдан бөлек оларды бірден қарсы алатындай жағдай жоқ. Енді «Нұр Отан» партиясының жанынан арнайы Бейімдеу орталығы ашылды. Орталық ауылдан келген жастарға да үлкен қолғабыс бола алады. Қалаға келген ауылдықтардың жұмысқа орналасуына, қалалық өмірге бейімделуіне көмектеседі. Өркениеттің барлық игілігі ауыл мен қалаға бірдей болу керек», - деді  ол.

Осы орайда, Шымкентте алғаш рет «Ашық әкімдік» ашылды. Әкімнің кабинетінде отырып емес, төменге бірінші қабатқа түсіп, ашық терезе арқылы тұрғындармен әңгімелеседі.

«Оларды кабинетте қабылдауы бір бөлек, бұл – басқа. Әр жұма күні әкімдіктің сайты арқылы тіркелген тұрғындар проблемасын қала басшысына тікелей айта алады», - деді  партия мүшесі  Қаппарова Айгүл.

Аягөз Құрмаш




Яндекс.Метрика