Халықаралық интеграция

Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше 56 мемлекеттің сыртқы істер министрі кездеседі

Биыл Ұлы Дала Елінің сыртқы саясатында елеулі оқиғалар көп болмақ. Мысалы, қазақ-еврей, қазақ-фин қарым-қатынастарына қатысты маңызды келіссөздер жоспарланған.
Нұр-Сұлтан26 Ақпан , 10:59

1-2 наурыз аралығында Сыртқы істер министрі  Бейбіт Атамқұлов бастаған Қазақстан делегациясы Абу-Даби қаласында өтетін Ислам ынтымақтастығы ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 46 сессиясына қатысады.

Жоғары деңгейдегі форум жұмысына Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше 56 мемлекеттің сыртқы саяси ведомвство басшылары, сондай-ақ, ұйымның 30 институтының бірінші жетекшілері қатысады.

Күн тәртібінде мұсылман әлемінің 40 жуық өзекті мәселелері, оның ішінде, Палестина және араб-израиль қақтығысы, Ауғанстандағы жағдай, Сирия дағдарысы, халықаралық терроризмге және исламофобияға қарсы күрес саласында ұжымдық шаралар қабылдау, дінаралық және ұлтаралық келісімді ілгерілету, қарусыздану, Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау, Ислам ынтымақтастығы ұйымы-2025: іс-қимыл бағдарламалары, сондай-ақ, ғылыми-техникалық және сауда-экономикалық әріптестікті кеңейтуді қамтиды.

Форумға қатысушылардың бекітуіне халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға еліміздің елеулі үлесі мен ағымдағы күш-жігерін көрсететін Қазақcтан тарапының 10 қарары жоба ретінде ұсынылмақ.

«Қазақстан делегациясы баяндамасының негізгі тақырыбы 2016 жылдың сәуір айында Стамбұлда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Исламдық татуласу, Исламдық инфрақұрылымдық бастамасы, сонымен қатар, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы атты бастамаларын одан әрі іске асыру мәселелеріне арналады. Бұдан басқа, Қазақстанның мұсылман әлемінің өзінің ғылыми-техникалық, соның ішінде 2017 жылғы қыркүйекте Астанада өткен Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммитінің қорытындылары бойынша Қазақстанның бастамалары аясындағы әлеуетін дамытуға күш жігерін жұмылдыру туралы көзқарасы айтылады», - деді А.Смадияров.

Сонымен қатар, Ислам ынтымақтастығы ұйымының министрлік жиынына қатысуы шеңберінде Бейбіт Атамқұловтың Азия, Африка және Таяу Шығыстағы бірқатар мұсылман мемлекеттері сыртқы саяси мекемелерінің басшыларымен, сондай-ақ, Ұйымның және оның институттарының басшылықтарымен екіжақты келіссөздері жоспарланған.

Ал, 25-27 ақпан аралығында Женевада Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев бастаған Қазақстан делегациясы Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің жоғары деңгейдегі сегментінің жұмысына, сондай-ақ, Қарусыздану жөніндегі конференцияның кезекті сессиясына қатысады.

«Отырыс барысында Қазақстан делегациясы Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылымына кіретін бірқатар халықаралық ұйымдар, сондай-ақ, шет мемлекеттер делегацияларының басшыларымен кездесулер өткізуді жоспарлап отыр», - деді А.Смадияров.

27-28 ақпанда Женевада Қазақстан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев Біріккен Ұлттар Ұйымының Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар жөніндегі комитетінде Қазақстанның Екінші ұлттық баяндамасын қорғауға қатысады.

Ал,   26 ақпанда Иерусалим қаласында Қазақстан мен Израиль сыртқы істер министрліктері арасында консультациялар өтеді. Іс-шарада Қазақстан делегациясын Министрдің Бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді, ал Израиль тарапын Сыртқы істер министрлігі Бас директорының орынбасары Александр Бен Цви басқарады.

«Тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, сондай-ақ, көпжақты дипломатия аспектілерін талқылайды. Саяси консультациялардың кезекті раунды Қазақстан мен Израильдің сыртқы саяси ведомстволары арасындағы үйлестіруді кеңейтуге және нығайтуға, сондай-ақ, ынтымақтастықтың жаңа перспективалық бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді», - деді ресми өкіл.

Қазақстан мен Израиль Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесі, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы, Дүниежүзілік сауда ұйымы, Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы және басқа да көпжақты құрылымдар шеңберінде өзара әрекеттесуге маңызды мән береді.

«Израиль Қазақстан үшін озық агротехнологияларды, киберқауіпсіздікті және басқа да инновациялық зерттемелерді енгізу саласында сенімді серіктес болып табылады. Мемлекеттеріміздің арасында берік және сенімді қарым-қатынастар қалыптасқан. Қазақстан Израильмен экономикалық байланыстарды дамытуға маңызды назар аударатынын атап өту қажет. 2018 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымының жалпы көлемі 461 млн. АҚШ. долларын құрады. Соның ішінде, Қазақстаннан экспорт көлемі 398 млн., ал Израильден импорт 63,1 млн. долларын құрады», - деді А. Смадияров.

Сондай-ақ,  27 ақпанда Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Бейбіт Атамқұловтың Герман экономикасы Шығыс комитетінің басқарма мүшесі Клаус Манголдьпен және Басқарушы директоры Михаэль Хармспен кездесуі жоспарлануда. Оның барысында Қазақстан мен Германия сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы, даму перспективалары, сондай-ақ, оның кеңейту мүмкіндіктері талқыланады.

«Неміс экономикасының Шығыс комитеті Германияның кәсіпкерлік одақтарының бірқатар негізгі бірлестіктерінің ұжымдық органы болып табылады. Оның мүшелері Германияның Орталық Азия және Кавказ, Ресей, Беларусь, Украина, Оңтүстік-Шығыс Еуропа елдерінде мүдделері бар кәсіпорындар», - деді А.Смадияров.

Сонымен қатар, 28 ақпан мен 1 наурыз аралығында Қазақстан-Финляндия Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының 11 отырысына қатысу үшін Финляндия Сыртқы сауда және даму министрі Анне-Мари Виролайне Астанаға келеді.

«28 ақпанда үкіметаралық комиссия отырысының шеңберінде тараптар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы қазандағы Финляндияға ресми сапарының қорытындылары бойынша келісімдерді жүзеге асыру контекстінде сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың перспективаларын талқылайды. Атап айтқанда, тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықты тереңдету жөнінде «Жол картасын» әзірлеу мәселесін қарастырады», - деді ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі А.Смадияров.

Оған қоса, сол күні Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан-Финляндия іскерлік және инвестициялық дөңгелек үстел өткізіледі. Оған екі елдің 40 аса іскер топтарының өкілдері қатыспақ.

1 наурызда Қазақстан-Финляндия саяси консультацияларының кезекті раунды өтеді. Тараптар екіжақты және көпжақты форматтағы саяси диалогты тереңдетудің жай-күйі мен перспективаларын талқылайды.

Аталған  халықаралық шаралар Қазақстанның сыртқы саяси әлеуетінің дамуына айтарлықтай үлесін қоспақ.

Аягөз Құрмаш 




Яндекс.Метрика